СПОРТ ЗАЛҒА БЕЛГІЛІ ҰСТАЗДЫҢ АТЫ БЕРІЛДІ

№2 мектеп-гимназиясы ғимаратының спорт залына ардагер-ұстаз, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, 1969-2002 жылдар аралығында осы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған Жақсымұрат Ешмұратовтың аты берілді.

Оның лентасын аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев пен грек-рим күресінен Қазақстан командасының үздігі, әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов қиды.

Заман талабына сай етіп көркемделген, жаңаша кейіпке енген спорт залындағы мектеп түлектерінің демеушілігімен алынған спорт жабдықтары  оқушылардың игілігіне беріліп отыр. Бұнда олар шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қол күрес, хореография, волейбол, баскетбол, футбол сынды қызығушылықтары мен қабілеттеріне қарай спорттық үйірмелерге қатыса алады.

Алдымен шарада мектеп директоры Айгүл Шалабаева  ұстаздың өмір жолы мен осы мектепте еңбек еткен жылдарына тоқталып, ұстазының тәлімін алған талай шәкірттері қоғамның әр саласында еңбек етіп жүргенін айтты.

— Жақсымұрат Ешмұратұлы шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беріп,  жүрегіне ерекше жылулық нұрын себе білген жан. Ол әрқашан да тәртіпті алдыңғы орынға қойып, оқушылардан да соны талап ететін. Сондықтан өз мамандығына шынайы берілген ұстаз есімінің ұлықталуы жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, — деді аудан әкімінің орынбасары А.Қонақбаев.

Жақсымұрат Ешмұратұлы туралы замандасы, ардагер-ұстаз Жеңсікбай Симбетов  және шәкірттерінің бірі Мейрамбек Айнағұлов  өздерінің естеліктерімен бөлісті.

Ардақты ұстаздың жұбайы Арғынгүл Болатбайқызы және туысқандары, балалары сөз алып, өзі қызмет еткен мектептің спорт залына есімінің берілуі —  оған деген зор құрметтің белгісі екендігін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Одан кейін шара волейболдан Жақсымұрат Ешмұратов атындағы  турнирге ұласты. Жарысқа №1, №2 мектеп-гимназиясы, №3, №6, №8 орта мектептері мен «Жақсымұраттың жақсылары» командалары қатысып, тартысқа толы қызықты ойын өрнегін көрсетті.

Волейбол турнирінің нәтижесінде I орынды №1 мектеп-гимназиясының командасы жеңіп алды. II орынға №3 орта мектебінің командасы ие болса, III орынды №2 мектеп-гимназиясының командасы еншіледі. Жүлдегер командалар Кубок және Дипломдармен марапатталып, Жақсымұрат Ешмұратұлының отбасы  50 000, 30 000, 20 000 теңгелік Сертификаттарды табыстады.

     Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».