Несіпбек ақынның жырлары оқылды

Аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ымырттағы кітапхана» жобасы аясында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлының шығармашылығын насихаттау негізінде «Парасатты поэзияның патшасы» атты әдеби кеш өтті. 

Мақсаты — ақынның шығармаларын насихаттау, жас ұрпақты сөз өнеріне баулу арқылы ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғындыру, шығармашылыққа бейім талантты өрендердің өнерін таныту.

Кешті балалар кітапханасының әдіскері А.Сейдуллаева ашып жүргізді, кітапханашы Д.Кульбаева ақын шығармашылығына библиографиялық шолу жасады. №2 мектеп-гимназиясының бір топ оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыса, енді бір тобы Н.Айтұлының «Ұлт ұстазының» 150 жылдық мерейтойына арнаған «Ахмет» атты поэмасын мәнерлеп жатқа оқыды.

Шара барысында кітапханашы Г.Асқарованың ұйымдастыруымен психологиялық сергіту ойындары өткізілді. Өнерлі оқушылардың арнаған ән мен жыры кеш ажарын аша түсті. Ақын Н.Айтұлының шалқарлық кітапханашылар мен оқырмандарға бейнебайланыс арқылы жолдаған ыстық ықыласы қатысушы қауымның көңілін жадыратты.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Б.Жақсыбаева жырға бөленген кешті қорытындылап, мазмұны терең шараның өтуіне мұрындық болған барша әріптестері мен оқырман қауымға алғысын айтты.

Алтынгүл ТАСҚОЖИНА, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі.