ЖАРАЛЫҒА  ЖӘРДЕМ ЕТКЕН  ЖАНҒАЛИ

Технология дәуірлеп, медицина әлеуеті артса да халықтық медицинаның бір тармағынан тараған сынықшыларға деген жұртшылықтың ықыласы жоғары. Шалқардың жасы үлкендеріне кезінде жергілікті теміржол станциясында ұзақ жылдар кондуктор болып жұмыс істеген Жанғали Аманбаевтың есімі етене таныс. Аудан орталығындағы Ә.Жангелдин қалашығында тұрып, 2001 жылы 86 жасында өмірден өткен байырғы теміржолшы сынықшылық қасиетімен де көпке мәлім. Құрсағынан 11 бала өрбіткен оның өмірлік қосағы Шәулен әжеміз қазір 97 жаста. Немересі Нұрболатын қолына алып, қара шаңырақта әулетінің амандығын, елдің береке бірлігін тілеп отыр.   Ауыл-аймақтарда жұмыс істеп, қайратты кезеңінің біраз бөлігін болат жолдың тоқтаусыз тірлігіне арнаған шалының бала пішудегі қол жеңілдігін аңыз қылып айтатындар арамызда бар.

II Дүниежүзілік соғысы кезеңінде сынықшы ата арнайы брон сапында болып, Польша, Чехословакия жеріне дейін барған. Соғыстан кейінгі жылдары тыл майданында тер төгіп,  еңбектің торысы атанады.

Сынықшылық қанмен беріледі. Тылсым күшпен тілдесіп, өңір тарихына есімі таңбаланған Құлқай әулиеге Жанғали жиен. Ол әулие бабаның тікелей ұрпағы, емші Өтеп ақсақалдың да ұдайы батасын алып отырған. Сынған сүйекті шәксіз жымдастырып «Оташы Жанғали» деген құрметке ие болған сынықшы жайлы кеңінен білетіндер қазір некен-саяқ. «Ауылыңда қартың болса жазулы тұрған хатпен тең», — дейді халқымыз. Журналистік ізденісіме дөп келген төмендегі қос қарияның әңгімелерінен сыры терең хатты оқығандай әсер алдым.

Шалқар ауданындағы жасы үлкен қариялардың бірі — Жылтыр ауылының тұрғыны 92 жастағы  Жұмабай Жансүгіров. Атақты Қазанғаптың күйлерін сол қалпында бұзбай жеткізуші,  «Халық күйшісі» төсбелгісін иеленген абыз ақсақалымыз кезінде Жанғали сынықшының қолынан талай тәбәрік алыпты.

— Жәкең бойына ерекше қасиет дарыған, сонысымен ел-халқына сыйлы болған ағамыз еді. Аяқ-қолын сындырып алған, мертіккен адамдарды  емдеп, сүйекті  тез бітістірудің майталманы еді. Ол онысына еңбек бұлдап, ақы сұрамайтын-ды. Әркім өз ырзалығымен «қолының жеңілдігін бергей», деп орамалын беріп жатқанын талай көрдік. Ол кезде шапан, тақия қат, оның орнына көбіне ақша мен ақ көйлек жүреді. Тәбәрік ретінде ол маған көйлектер беретін-ді. Ағамыз аты мәшһұр Құлқай әулиеге жиен.

Бірде Жанғалидің анасы Зәуре апамыз Құлқай әулие науқастанып жатқанда Мұғалжардағы үйіне көңілін сұрап барып,  2-3 күн жанында болады.

Ауылына қайтуға жиналған қарындасынан бұйымың бар ма деп сұрайды. 

— Ешқандай бұйымым жоқ аға, сіздің көңіліңізді сұрай келгенім ғой,— дейді.

— Жағдайым өзің көргендей үлкейдім, бұйымың болмаса ана тұрған құрал-сайманым салынған бір қобдишаны үйіңдегі балаңа берерсің, ала кет, — дейді.

Сол қобдишаны алған бала осы Жанғали екен. Жәкең сынықшылығымен қатар теміржол саласында да абыройлы қызметтер атқарды. Қайда жүрсе де ол көптің сый құрметіне бөленді, — дейді қарт күйші.

Шойынжолда бірге қызметтес болған, бүгінде тоқсан жасқа иек артқан шалқарлық батагөй қария Қарашолақ Балманов айтқан әңгіменің де мәні мол.

 — Бірде Жәнібек есімді баламның аяғына темір қақпа құлап, тізе тұсынан сынып қалды. Кенеттен болған жағдайға бәріміз абыржыдық.  Бір сәтте ойыма жұмыстас ағам түсті. Содан Селоивановка поселкесіндегі үйіне велосипедіммен жетіп, жағдайды айттым. Ол дереу үйге келіп баламды көріп, сабырлы кейпімен аяғын уқалап, тізені қатты қағаздармен айналдыра матады да «енді еш алаңдаудың қажеті жоқ» деп, алаңдаушылығымызды басты. Ұлым да содан кейін сынығына еш шағым айтқан жоқ. Ең қызығы Жәнібек  балам 1979 жылдың сәуір айында әскер қатарына алынды. Венгрияның Сегед қаласында әскери борышын өтеп жүрген жерінен Ауғаныстандағы соғысқа аттанды. Соғыс жауынгері атанғанға дейін ол бірнеше әскери бөлімнің қырағы медициналық бақылауынан өткен. Солардың бірінен де «аяғыңда сынық болған» деген уәж естімепті. Бұл да сынықшы ағаның ерекше қасиеті шығар деп ойлаймын, — дейді ардагер теміржолшы.

1993 жылы Алматы қаласындағы «Қайнар» баспасынан жарыққан шыққан «Халық емінің құдіреті» кітабына ол туралы мәліметтер енгізілген. Республикалық «Денсаулық» журналының 1991 жылғы №11 санында жарияланған «Қолы епті оташы»  тақырыбындағы мақалада автор Жанғалидың сынық салу әдісіне  куә бола отырып, емдеу әдісін баяндайды. Ұғынықты болу үшін осыдан отыз жыл бұрын жарияланған мақаланың орта тұсын ойып,  өзгеріссіз беруді жөн көрдім.

«Ол кезде Жанғали Аманбаев Шалқар  станциясында теміржолшы болып қызмет істейтін. Міне, содан бері араға біраз жылдар салып, онымен жүздесудің де сәті түсті.

Амандық-саулықтан соң дастархан басына отыра бергеніміз сол еді, жасы 50-ді алқымдаған бір кісі келіп, ағайынның баласы қолын шығарып алғанын айтқан соң-ақ, жуынып-шайынып жолға әзірлене бастады.

Жасы 75-тегі ақсақалдың ширақ қимылы мен паң отырысы кімді болса да таңдандырады. Өте епті, қағылез екені сырт көзге бірден аңғарылады.

Сәбидің қолы иығынан төмен салбырап тұр екен. Иықтың үстіңгі жағын бір қолымен басып тұрып, екінші қолымен қолтық тұсын сипалай отырып, орнына келтірді. Сол кезде сәби де жылағанын қойып маужырап қалғи бастады. Сөз арасында сынықшыдан:

— Жанғали аға бойыңызда мұндай қасиет барын ең алғаш қалай байқадыңыз? — деп сұрадым. Ол ойланып отырып, бір кезде былай деді:

— Бала кезімде аяғыма сыздауық шығып жүргізбей қойды. Шыдамай әбден мазамды алған соң әкемнен көргенімді істеп, саршұнақтың терісін сыпырып алып таңдым. Екі-үш күннен кейін аяғымның ісігі қайтып, жазылып кетті. Алғаш рет құдық басында шыңғырып жатқан бір әйелдің қасына жетіп барып, шыққан жерін дереу орнына келтіріп, басындағы орамалымен таңып тастадым. Содан бері шипалы қолымнан талай жандар өтті, бірі ренжіп алдыма қайтып келген емес. Бала кезімде мінезім тентектеу еді, сондықтан ба менің бұл өнерімді жұрт елемейтін.

— Сынық ашық және жабық болып келеді, — дейді Жанғали ақсақал. Мен көбіне жабық түрін емдеймін. Ашық сынықта көбіне сүйектер майдаланып, теріні, қан тамырларын зақымдайды, етпен араласып кетеді. Бұндай жағдаймен маған үш-ақ адам келді. Оларды дәрігерге жібердім. Ал жабық сынық кезінде тері, ет көп зақымданбайды. Ісіп немесе қанталап кетсе ондайда қойдың құйрығының тақыр жерін тартамын. Ертеңіне ол жер тазарады. Сосын сынған жерлерді саусақ ұшымен сезіп білген соң, біртіндеп орны-орнына келтіремін де, қозғалмастай етіп таңып тастаймын. Үш күннен кейін сүйектер бір-бірімен дәнекерлене бастайды. Жеті күннен кейін кей жағдайда 21 күннен кейін қарап, дәрігерге баруларын талап етемін.

Кейбіреулер «іскен, шыққан сынған жерлерге тұз тартамыз» дейді, меніңше бұл қате, өйткені ол сүйек жігіне құйылуы мүмкін.

— Сіздіңше, сынған мен шыққанның қайсысы қиындау?

— Сынғаннан шыққан сүйекті келтіру қиын. Оған қолдың күші көп керек. Мысалы, тоқпан жілік жауырынның астына кіріп кетеді, оны шығарып алу қиын. Ондайда қасында тағы бір күші мол адамның болғаны жөн. Жамбас сүйек те де сол сияқты».

Сынықшының ұрпақтары арасынан әзірге оның жолын ұстанғандар жоқ, бірақ үлкен ұлы Смағұлдың ісмерлік қасиеті бар. Оны ағаш, темірден түйін түйген нағыз шебердің өзі деуге де болар. Теміржол саласынан зейнетке шыққан ұста ұл ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасауға жастайынан әуестеніпті. Жасаған қолөнер бұйымдарымен түрлі деңгейдегі  бірнеше көрмелерге қатысқан. Қолынан шыққан сегіз өрім тобылғы қамшы, мал сүйектерінен оюланып жасалған ұршық, пышақ,шахмат тастары, шақша ыдыстары еріксіз көз тартады.   Смағұл аға мен Сәуле жеңгенің аулада бау-бақша өнімдерін баптап, түзде өсетін сирек ағаштарды да тамырландыратын тың тәсілдері бұйдасы бөлек бір тақырыпқа сұранып-ақ тұр.

Суретте: Сынықшы Жанғали Аманбаевтың баласы Смағұлдың қолөнер туындылары

«Ел іші — өнер кеніші», демекші, бойға сіңген сирек қасиетін халық кәдесіне жаратып, көзі тірісінде-ақ  көптің көңіл төрінен орын алу— әркімнің пешенесіне жазылмасы хақ. Ел қадірлеген ерлердің болмысын насихаттап, есімдерін жаңғырту бүгінгі буынға ортақ міндет. Жанғали сынықшы туралы төгілтпесек те төңіректеп жазуға тырысып, көнекөз қариялардың әңгімелерін жүйелеуіме сол ортақ міндет түрткі болды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.