«Шалқар» қайырымдылық мекемесі ашылды

Шалқар қаласындағы  «Жанаман ахун Сейтімұлы» мешітінің жанынан жалпы аумағы 600 шаршы метрді алатын «Шалқар» қайырымдылық мекемесі  ашылды. Бұл Шалқар ауданының 90 жылдығы мен  «Жанаман ахун Сейтімұлы» мешітінің 30 жылдығына орайластырылған өлке тарихы үшін іргелі іс болды. Жергілікті азаматтар мен мешіт жамағаттарының бастамасымен 2019 жылы қолға алынған еңселі ғимараттың ашылу рәсіміне  ҚМДБ жанындағы «Уақып» қайырымдылық қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы мен Ақтөбе облысының өкіл имамы Серікжан Еншібайұлы қатысты. 

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов игі іске куә ортақтасуға арнайы келген барлық  меймандарға шалқарлықтар атынан шынайы ризашылығын білдірді.

Жақсылыққа қайырымдылықпен жауап беру әрбір  жанның болмысына біткен ізгі амал. Осы ретте өлкеміздегі мешіт жамағаттары да ұдайы үлгілі бастама көтеріп жүреді. Оған Құрбан айт, Рамазан айы, Қадір түні сынды діни мерекелер мен әр аптадағы қасиетті жұмаларда куә болып жүрміз. Ілім мен ізгіліктің  дәнін себуді мақсат еткен жаңа  ғимарат жүрегі жомарт жандардың демеушілігімен тұрғызылып отыр. Бұл шалқарлықтардың қай істе де ауызбіршілігі мол екендігін тағы бір айшықтады, — деп аудан басшысы демеушілік танытқан бірқатар азаматтарға өз атынан Алғыс хаттар тапсырды.

Осы сәтте құрметті меймандар Ардақ Нүсіпханұлы мен Серікжан Еншібайұлы сөз кезегін алып: «Қадірлі Шалқардың ізгілері мен жақсылары! Жер бетіндегі  ең таза қасиетті мекен — Алланың үйінің жанынан ашылып жатқан қайырымдылық мекемесі баршаңызға құтты болсын! Негізінен Діни басқарма жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық береді. Соның бірі — қайырымдылық. Бұл жердегі мақсат — көп балалы, көмекті қажет ететін отбасыларынан шыққан балаларға қолдау көрсету. Осы мекемеге қабылданған оқушылар енді мектептегі сабағын оқумен қатар имандылық дәрістерін тыңдайтын болады.  Мәні — отаншыл, иманды, білімді жастар санын арттыру болғасын, бұл білім ордасының  имандылықты насихаттаған, тазалық пен тақуалыққа шақыратын игі мекен боларына сенеміз», — деген жүрекжарды тілектерін айтты. 

Осы білім ордасының салынуына тұрақты демеушілік жасаған 8 азаматқа облысымыздың  өкіл имамы   атынан Алғыс хаттар берілді. Жергілікті кәсіпкерлер Бекнұр Жоламанұлы мен Данияр Жаңабайұлына ҚМДБ төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан Алғыс хаттар табысталды. «Жақсыны көрмекке…» деп, ішке енген қонақтарға заманауи үлгіде жасақталған әр бөлменің міндетіна уданның бас имамы Бақыт Абдиисламұлы таныстырды.  Оның айтуынша, бұл оқу орнының толық атауы — «Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы» республикалық Ислам діни бірлестігінің «Шалқар» қайырымдылық мекемесі деп аталады. Бұнда өткізілетін оқу пәндерінің жұмыс жоспары ҚМДБ оқу-ағарту бөлімі тарапынан әзірленеді. Оқушылардың білімін тексеру мақсатында ағымдық, аралық және қорытынды бақылаулар ұйымдастырылып, білім алушылар жетістігі балдық рейтинг жүйе бойынша тексеріледі. Бұнда қазір 580-нен астам діни әдебиеттер бар. Қазақ тіліндегі гуманитарлық, әдеби қоғамдық бағыттағы оқулықтар саны 1500-ге жуық. Сонымен қатар кітапхана қорында ғылыми-ағартушылық бағыттағы журналдар, электрондық оқулықтар, бейне материалдар, ғылыми материалдар жинақталады. Шәкірттерге ғаламтор желісі арқылы білімдерін жетілдіруге толық жағдай жасалады. Келешекте ер адамдар үшін жатып оқитын 16 орын, қатынап оқитын 40 орын болса, әйел-қыздар болса, бір мезетте 28 күндізгі оқу түрімен білім алады. Оқу орталығы  кітапхана, компьютер, оқу сыныптары, тігін цехы, техникалық бөлмелер сынды 28 орынмен жасақталған.

Қайырымдылық мекемесінің жанынан жалпы көлемі 1900 шаршы метр  болатын бақша  салынған. Ол аумаққа 650 түп ағаш егілсе, оның 250 түбі алма ағашы, шие, алмұрт сынды өзге де жеміс ағаштары отырғызылған. 

Кісі бойымен деңгейлесіп, жасыл желекке айналып келе жатқан бақша алаңындағы  жақсы бастамаға жұртшылық риза болды. Алыстан келген мейман Ардақ Нүсіпханұлы бұл жобаның өте сауапты, елге пайдалы тұстары мол екендігін айтып, Пайғамбарымыз (с.а.у.), төрт әділ халифа заманындағы өрнектерін баяндап берді. Мешіт ауласындағы шарапаты мол шараның жалғасы ұлттық нақыштағы сайыстарға ұласты. Қазақ күресінен ұйымдастырлған додада Мұғалжар, Байғанин, Шалқар аудандары мен Түркістан обылысының балуандары бір-біріне есе жібермеді. Ал садақ атудан 53 үміткер бақ сынасты.

Қазақ күресінен 1-орынға 100000, 2-орынға 80000, 3-орынға 50000 теңге жүлде қоры тағайындалды. 

Садақ ату бойынша 1-орынға 15000, 2-орынға 10000, 3-орынға 5000 теңге жүлде табыс етілді. 

 Мұхтар МЫРЗАЛИН, «Шалқар».