МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ БИІК

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде 23 маусым — Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округтерінің әкімдері, мамандары және мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері қатысты.

Жиында аудан әкімі Жанболат Жидеханов мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Тәуелсіз Қазақ елінің ширек ғасырдан астам тарихында мемлекеттік басқару жүйесі зор жетістіктерге жетті. Елімізде жоғары дәрежелі жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Өз кезегінде мемлекеттік қызметшілер де саяси реформалар мен жүктелген міндеттерін кәсіби деңгейде орындап, еліміздің тәуелсіз, демократиялық мемлекетке айналуына үлкен үлестерін қосты. Өйткені, әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті — туған Отаны мен хал-қына адал қызмет етумен бағаланады. Ендеше, өз елін, халқын құрметтеген мемлекеттік қызметшілері бар елдің ертеңі айқын, болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз.

Қазіргі таңда ауданымызда қызмет етіп отырған мемлекеттік қызметкерлердің еңбегіне осы орайда тоқтала кеткім келеді. Ауданның қол жеткізіп отырған жетістіктері бұл жерде мекендеп отырған қырық мыңнан астам адамның еңбегі деп бағаласақ, оларға дұрыс бағыт сілтеп, туындаған мәселелердің халық арасында орындалуына ықпал жасау тікелей осы мемлекеттік қызметкерлердің еңбегі.

Барша әріптестерімді бүгінгі төл мерекелерімен құттықтай отырып,  адал қызметтеріңізбен халық құрметіне бөлене беріңіздер демекпін. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы жолында атқарып жүрген кәсіптеріңізден берекет тауып, отбасыларыңызда аманшылық, елімізде әркез тыныштық орнасын! — деді.

Аудан басшысы Ж.Жидеханов жеті адамды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатымен, екі адамды «Amanat» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы, мәслихат депутаты Е.Данағұловтың Алғыс хатымен,  екі адамды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ә.Мұқашевтің Алғыс хатымен, он екі адамды аудан әкімінің Алғыс хатымен, төрт адамды «Amanat» партиясы аудандық филиалы төрағасының Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері Исағұл Әспенов пен Сәуле Еденге Алғыс хаттар табыстады.

Шарада мәдениет үйінің «Самғау» дуэті «Шалқар вальсі», Ә.Оразаев «Дауылпаз», Н.Мұңайтбасова «Құтты болсын тойларың», А.Дәрібаев «Беу, айдай», «Ауылым», А.Әли «Қызғалдағым» әндерін нақышына келтіре орындап, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».