АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР МЕРЕКЕСІНДЕ

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Оған аталған саланың ардагерлері, жұмысшы-қызметкерлері және аудандағы бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Мерекелік кеш «Шалқар сазы» фольклорлық ансамблінің орындауында Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлерімен ашылды. Ізе-шала шырқалған аудандық аурухананың медбикесі Назерке Серікбаеваның «Халқымай» әні салтанатқа жиналғандардың көңіл-күйін көтерді.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Жангелді Былқайыр мерекелік баяндама жасап, өткен кезеңдегі атқарылған жұмыстарға тоқталды. Медицина саласының ардагерін, қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өздерінің алғы шепте еңбек етіп жүргендерін мақтанышпен айтты.

Бұдан соң ақ халатты абзал жандарды аудан әкімі Жанболат Жидеханов құттықтап жылы лебізін арнады.

— Ата Заңымызда атап көрсеткендей біздің Тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты байлығы — адам өмірі мен оның денсаулығы болып табылса, осы жолда өзінің өмірі мен қызметін арнаған ақ халатты абзал жандарды сол баға жетпес құндылықтың қорғаушылары есебінде барша адамзат баласы ерекше құрмет тұтады. Дәрігер мамандығын ұлықтау, құрметтеу әр пенденің азаматтық борышы. Өйткені дүние есігін ашқан сәттен бастап медицина қызметкерлерінің аялы алақанының жылуын сезінетін әрбір адам қиын жағдайларға тап келе қалса, сол аяулы жандардың көмегіне жүгініп, дәрігерлерден үміт күтеді. Сол сын сәттерде күн демей, түн демей жанымыздан табылып, алдына барған адамға мейірім төге қарайтын дәрігерлерді «құтқарушы періштеге» де теңеп жатады. Барша әлемге қауіп төндіріп, жер бетін теңселтіп кеткен кешегі пандемия салқынында да осы адам жанының арашашылары өз өмірлерін қауіпке тігіп, алапат майданның алдыңғы шебінен көріне білді. Осылай біз адамзатқа келген ажал аранын дәрігерлердің тынымсыз еңбегі мен білікті тәжірибелерінің арқасында ғана тоқтата алдық.

Бүгінгі таңда  Шалқар өңірінде 73 дәрігер мен 317 медбике  жұмыс жасауда. Олардың заманауи шарттарға сай жұмыс жасауы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Жыл сайын медицина қызметкерлерінің еңбекақысы өсіп, ауруханалардың материалдық базасы нығайтылып, медициналық нысандар салынып, бірқатарына күрделі жөндеулер жүргізілуде.

Бүгінгідей күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін күрделі кезеңде ерінбей еңбек етіп, халыққа қызмет ете білгендеріңіз үшін  баршаңызға алғысымды білдіргім келеді. Мен сіздердің өмірлеріңізге тек жақсылық, шуақты күндер мен қуанышты сәттер тілеймін. Баршаңызға баянды бақыт пен сәттілікке толы күндер  тілеймін!  Мереке құтты болсын, — деді аудан басшысы.

Ж.Жидеханов ауданның денсаулық саласына қосқан еңбегі үшін Шалқар аудандық мәслихатының Құрмет грамоталарымен дәрігер-невропатолог Гүлден Биханованы, персоналды басқару қызметі бөлімінің маманы Айнаш Нұрмашеваны, оташы бөлімінің медбикесі Сағынгүл Жұматованы марапаттады. Және 14 медицина қызметкеріне Шалқар ауданы әкімінің Алғыс хатын, 6 қызметкерге «Amanat» партиясының Алғыс хатын тапсырды.

Сонымен бірге Ж.Былқайыр 7 адамға «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Алғыс хатын, 3 адамға «Аялы алақан» медалін, оның ішінде Бозой дәрігерлік амбулаториясының дәрігері, ардагер Шалқарбай Қаржау бар. Және «Ақжелең» журналының Алғыс хатын акушер-гинеколог Айгүл Қалжановаға тапсырды.

Медицина саласының ардагері Бекзада Дайрабаева құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің жарқын келешегі көп ретте медицина саласының қаншалықты қалыптасқандығына байланысты екенін айтты.

Мерекелік шарада аудандық білім бөлімі, аудандық обаға қарсы күрес бөлімі басшылары үлкен сахнадан ақ халаттыларға құттықтау жолдады, сый-сияпаттар жасады.

Мерекеге жиналған көпшілік аудандық аурухана ұжымының медбикелерінен құрылған «Таза қол» флешмобын тамашалады және аурухана хор ұжымы Қайрат Жүнісовтың әні «Егемен Қазақстан», «Мен қазақпын» әндерін орындады.

Денсаулық — адам үшін баға жетпес байлық. Бұл күн — құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. «Медицина кәсібі — адамгершіліктің асылы», сондықтан жиналған көпшілік барлық медицина қызметкерлеріне бақыт, еңбекте табыс, төзімділік пен күш-қайрат және отбастарына береке тілеп тарқасты.

Қ.ӘЛИН, «Шалқар».