АҚҚАЙТЫМДАҒЫ АЛАМАН БӘЙГЕ

Аққайтым ауылындағы ипподромда «Жаңақоныс» совхозының құрылғанына — 58 жыл толуына орай ауыл азаматтарының демеушілігімен аламан бәйге, садақ ату, арқан тарту, қой көтеру сынды т.б. спорт түрлерінен шаралар өткізілді.

Бұл мерекелік шараға халық көп жиналды. Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі Манас Каюпов сөз сөйлеп, ауыл бойынша мал шаруашылығын дамыту барысында жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, осы саладағы ілгерілеген әрбір істе ауыл азаматтарының үлесі бар екенін жеткізді. Өз атынан бірқатар еңбек ардагерлеріне Алғыс хаттар беріп, ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған сый-сияпаттарды иелеріне табыстады. Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде меймандарға ас беріліп, кең дастархан басында Жаңақоныстың арғы-бергі тарихы тілге тиек етіліп, жастарға үлгі боларлық мәнді әңгімелер айтылды. 

Астан соң жиналған халықтың назары бәйге алаңына ауды.  24 шақырымдық аламан бәйгенің бірінші орнына тігілген мотоциклді Мөңке би ауылынан тұлпар қосқан Балабек Зарипов жеңіп алды. Екінші орын жүлдесіне тігілген 80 мың теңге қаржы Мырзағұл Шыманұлы ауылынан ат қосқан Нұрлан Сағынаевқа тиесілі болды. Ембі қаласынан келген Жұмағазы Төретовтың аты үшінші келіп, жүлдеге тігілген тайды жетектеді.  Құнан, тай жарыстары да көпшіліктің делебесін қоздырды, жүлдеге тігілген сыйлықтары да көптің көңілінен шықты.

Садақ ату сайысынан I орынды аққайтымдық Мадияр Жексенбай, II орынды Шалқар қаласынан келген Аида Социал, III орынды Бекзат Елубай иеленді. Қойды иыққа салып көтеруден Шалқар қаласының тұрғыны Серікқали Жаңабаев жоғары көрсеткішке жетті. Бұдан да өзге спорт түрлерінен сайысқан азаматтарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар берілді.

Жалпы осы аталған спорттық сайыстардың барлық жеңімпаздарына Грамоталар, Сертификаттар мен арнайы медальдар табысталды.

Туған мекенге тағзым етіп, ұлттық спортты дамытуды мақсат еткен аққайтымдық азаматтардың бір  күнге созылған игі шаралары көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

М. БОҚАН.