Құрбан Айт мерекесіндегі қайырымдылық істер

Қанша шектеулер болса да адамның мейірбандығы мен ізгілік істеріне тосқауыл болмасы хақ. Бұл кеше ғана өткен қасиетті Құрбан айт мерекесінде де анық байқалды. Әлемді дүрліктірген індетке байланысты енгізілген талаптарды ескере отырып, отандастарымыз еліміз бойынша құрбандыққа малдар шалып,мұқтаж жандарға етін үлестіріп, қашықтықтан дұға оқып жатты.
Мейірімділікке жанасқан мұндай мәнді шаралар біздің ауданымызда да болды. Оған барша жомарт жүректі азаматтар мен қайырымды жандар белсене атсалысты. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Айт мерекесінде аудан орталығындағы мекемелер мен кәсіпорындардан сегіз ірі қара, бірнеше жандық шалынып, еті жүзден астам отбасыға таратылған. Қаладағы мешіт жамағаттары осы күні тегін таксилер ұйымдастырып, бүлдіршіндерге балмұздақтар таратып, 150-дей отбасыға айттық пакеттерін үлестірген.
Аудандық дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы жастар арасында «Құрбан айт сізге несімен қызықты?» тақырыбында онлайн байқау өткізген. Алладан жақсылық пен ізгі ниет амалдарын тілеген бұл күндерде ауданымыздың барлық аумақтарында жүректерді мейіріммен сусындатқан шаралар ұйымдастырылған.