Шалқар ауданында бүгінгі күнге коронавирусты инфекция аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ауданда коронавирус инфекциясының ауру белгілерімен барлығы 99 жағдай тіркелді. соңғы 2 жағдай шілде айының 21-де болды.
Жалпы тіркелген 99 жағдайдың 80-і Шалқар қаласында, 13-і ауылдық елді мекендерде және 6-ы сырттан келгендер (Қандыағаш қаласы — 1, Ақтөбе қаласы — 5).
Осы жағдайлар бойынша байланыста болған 765 адам анықталып, олардың 754-нің зертханаға анализдері алынып тапсырылды. Жақын байланыста болып анализ алынған адамдардың ішінен 18 адамнан COVID-19 диагнозы расталып тіркелді, қалған 736 адамның нәтижелері теріс мәнді болды.
Қазіргі күнде осы ауырған адамдармен қарым-қатынаста болған 15 адам үй карантинінде оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Бүгінгі күнге ауырған 99 адамның 93-і емделіп сауықты, 6 адам медициналық бақылауда. Оның 1-і инфекциялық стационарда, 5-і үй жағдайында ем алып жатыр.
Осы коронавирустық инфекцияның одан әрі өршуінің алдын-алу мақсатында эпидемияға қарсы және карантин шараларын бақылауды қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігі жанынан 7 мониторинг тобы құрылды. Мониторинг топтарымен Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 04.07.2020 жылғы «Ақтөбе облысының аумағында қатаң шектеу және карантиндік шараларын енгізу туралы» №42 қаулысына сәйкес шектеу және эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуын бақылау мақсатында аудандағы 35 кәсіпкерлік нысандарына рейдтік жұмыстар жүргізіліп, ескертулер берілді.
«Кейбір обьектілерге жоспардан тыс тексерулер жүргізу туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 13.07.2020 жылғы №439 бұйрығына сәйкес, 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап карантин режимі кезінде бетпердесіз, бір рет қолданатын қолғапсыз, антисептиктерді пайдаланбай жұмыс жасап тұрған 6 кәсіпкерлік нысанына басқармамен жоспардан тыс тексерулер ашылып, ҚР ӘҚБК-нің 425, 462-баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, жауапты тұлғаларға 208360 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар ауданымызда карантин режимін бұзып, салтанатты шаралар, яғни, той т.б. ұйымдастырып, өткізіп отырған азаматтар саны азаймай отыр.
Аудандық полиция бөлімі және мониторинг тобымен жүргізілген рейд барысында, ескертулерге қарамай, той ұйымдастырып өткізген азаматтарға шара қолдану мақсатында деректер жинақталған материалдар түсіп, басқармамен Шалқар қаласының тұрғындарына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, ҚР ӘҚБК-нің 425-бабы бойынша айыппұлдар салынды.
Басқарма тарапынан аудан тұрғындарына карантин талаптарын сақтауға және КВИ ауруының таралуын болдырмау мақсатында адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, көпшілік орындарда бетперделерді киюге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, антисептиктерді пайдалануға кеңес береді.
Сонымен қатар отбасылық, естелік іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру) оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынатынын ескертеміз.
Әрбір сәтсіздікті өмірдің сынағы деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарайық. Індет таралып, карантин ережесі күшейген тұста талапқа бағынғанымыз жөн болар.
Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы.