Асылдың еңбегі Алғысқа лайық

«Қыран түлегіне қайрылмас қанат сыйласа, ұстаз түлегіне алға бастар білім сыйлайды», деп бекер айтылмаған. Мұғалімдік мамандық — бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол жан дүниесіне үңіле білу десек, өз пәнін инновациялық ізденіспен жүргізіп, сол бойынша кабинет жабдықтап отырған №2 мектеп-гимназиясында ағылшын тілінен дәріс беретін Асыл Қаматайқызын ерекше құрмет тұтатын ата-аналар екенімізді жеткізгім келеді.
Жетекші болған күннен бастап білім беру жүйесіндегі кәсіби икемділігі мен сан қырлы шығармашылық қызметімен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыруды талап еткен Асыл жас буынды лезде баурап алды. Міне, маман ретінде педагогикалық шеберлігін танытқан жетекші ата-аналармен де сыныптағы оқушылармен де өзара ынтымақтасып, бірлесіп тәрбие жұмысын бүгінгі күндері жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Мектептегі балаларымыздың әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу процесінде мұғалім басты рөл атқарса, қазір оқушының іс-әрекетімен мектептер бағаланады десек, Асыл жетекшілік еткен күннен бастап сыныбымызда біздің оқушылардың сабаққа, сыныптан тыс шараға қатысымы артты. Сынып ішінде ата-аналар арасында ынтымақтастық атмосферасын құру, сыныптағы психологиялық жағдайды қалыптастыру, оқушыға сенім білдірумен қатар қолдау көрсету жолдарын Асыл жас та болса іс-тәжірибесінде жетік меңгерген. Жоғарыда айтылған жұмыстың нәтижесінде бүгінгі күн талабына сай білімді, талапты балаларымыз аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлдегер атанып, ұстаз еңбегінің жемісіне айналып отыр.
Ұстаз мәртебесі туралы тоқталсақ, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрмет грамотасын иеленген Асыл Бертағова 2017 жылы республикалық әлем елдері өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Мен ХХІ ұстазымын», «Педагогикалық ізденіс» сайыстарында І орын алса, халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Шебер педагог — 2019» атты байқауда жүлдегер атанып, «Мәртебелі маман» медалімен марапатталды.
Республикалық ғылыми- әдістемелік ағылшын тілі пәні мұғалімдері журналында «Corner stores», «A trip to Astana» атты сабақ жоспарлары жарық көріп, іс-тәжірибесі республика көлемінде таратылған. Осындай жетістіктері еленіп, ұстаз есімі республикалық білім саласының дамуына зор үлес қосып жүрген «Үздік қызметкерлер» энциклопедиясына енген. Айтылған ойдың түйіні ретінде өзінің ұстаздық міндетін атқару барысындағы ұстанымы туралы: «Білім мен білік бәсекелес қоғамымызда шәкірттеріміздің биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз деп ойлаймын», — дейді Асыл Қаматайқызы.
Жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті өн бойына жия білген жетекші Асылымыз Шынболат пен Тыныштық әулетіндегі ибалы келін болса, қосағы Русланға адал жар, Гүлнара, Жұлдызай, Азамат есімді балалар тәрбиелеп отырған бақытты ана. Оған біздің де алғысымыз шексіз дей келе алдағы күндеріне бағындырар биігі көп болсын деген тілек айтамыз.

10 «ә» сынып ата-аналары атынан
Разия Өтегенқызы.