Қор жеткілікті, баға бақылауда

Ағымдағы жылдың наурыз айының 19 жұлдызында аудан әкімінің орынбасары, тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Ж.Жидехановтың қатысуымен азық-түлік бағасының негізсіз өсуін, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар 19 тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуін болдырмауға ерекше назар аудару керектігі жөнінде ауданның жеке кәсіпкерлерімен кезекті штаб отырысы өткізілді. Оған «Шалқар аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы» ММ-нің басшысы Г.Құдайсүгірова, «Шалқар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ-нің басшысы Н.Қоблашева, Шалқар қаласының әкімі Т.Төлегенов, «Шалқар ауданының кәсіпкерлік бөлімі» ММ-нің басшысы, сонымен қатар, көтерме және бөлшек сауда дүкендерінің иелері қатысты.
Ауданда халыққа қызмет көрсететін 600-ге жуық дүкен жұмыс істейді, оның ішінде азық-түлік дүкені 450. Шалқар қаласы бойынша 380 азық-түлік дүкені бар, қалған 70-і ауылдық округтерде орналасқан. Яғни, сауда-саттықта бәсекелестік болуына байланысты бағаны тұрақтандыру мүмкіншілігі артады. Осы мақсатта аудан әкімінің 2016 жылғы 22 шілдедегі «Тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру жөнінде жұмыс топтарын құру туралы» №314 санды өкіміне сәйкес 5-топтан тұратын тұрақты жұмыс істейтін штаб жұмыс жасайды. Штаб мүшелері аудан орталығындағы ірі сауда орындарын, азық-түлік, көкөніс дүкендерін және жанар-жағар май бекеттерін әр сәрсенбі күні аралап, сонымен қатар ауылдық округтер бойынша берілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізіп, апта сайын сәрсенбі күні облыстық кәсіпкерлік басқармасына мәлімет береді.
Жалпы ауданға азық-түлік тауарлары Ақтөбе қаласындағы «Анвар», «Дина» және 41-разъезден жеке кәсіпкерлердің қолма-қол өз қаражаттарына тасылады. Соның ішінде көтерме сауда дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер Б.Орынбасаров Қостанай және Ақтөбе қалаларынан 60 тонналық вагонмен ұнды үздіксіз әкеліп отыр. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Н.Шадиманов 10 тонналық өз көлігімен Шиелі, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан қолма-қол картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, т.б. азық-түліктерді толықтай тасымалдап, халықты үздіксіз қамтамасыз етуде.
Қала орталығындағы 3 тұрақтандыру қорында «Гауһартас» көтерме және бөлшек сауда дүкенінде сыйымдылығы 180 тонна көкөніс сақтайтын қоймасында 23 тонна картоп, 5 тонна пияз, 1,6 тонна сәбіз, 1 тонна қызылша және 2,5 қырыққабат, «Сұңқар» көтерме дүкенінің 300 тонналық қоймасында 5 тонна шекер, Ақтөбе қаласынан арзан бағамен әкелінген 11 тонна макарон өнімдері бар. «Бек-Аслан» көтерме дүкенінің сыйымдылығы 100 тонналық қоймасында 80 тонна ұн, 6 тонна күріш қоры бар. Және де «Тұғыр» көтерме азық-түлік дүкеніне Ақтөбе қаласындағы «СПК Ақтөбе» АҚ-нан арзан бағамен 10 тонна картоп әкелініп, 1 келі 100 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, 41-разъездегі «Ново-Альджанский мелькомбинат» ЖШС-нен қала орталығындағы наубайханаларға бірінші сұрыпты бидай ұнын арзан бағамен 1 келі 126 теңгеден әкелу жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың соңына дейін қала әкімі ірі сауда орындарымен, ауылдық округ әкімдері азық-түлік дүкендерімен және жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілер ауылшаруашылық өнімдерінің бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отырды. Оған сәйкес, аталған сауда орталықтары әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тағамның өзіндік құнына 10 пайызға дейін қосып сатылуда. Атап айтқанда:

  1. Шалқар қаласы бойынша 22;
  2. Айшуақ а/округі — 5;
  3. Ақтоғай а/о — 3;
  4. Бозой а/о – 7;
  5. Біршоғыр а/о — 7;
  6. Есет Котібарұлы а/о — 2;
  7. Жанақоныс а/о — 1;
  8. Кішіқұм а/о — 5;
  9. Қауылжыр а/о — 5;
  10. Мөңке би а/о — 4;
  11. Тоғыз а/о — 3:
  12. Шалқар а/о — 1;
  13. Шетырғыз а/о — 2.

Барлығы 67 жеке кәсіпкерлермен меморандум бар.
Казіргі таңда «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығын басшылыққа ала отырып, қала орталығындағы азық-түлік сауда дүкендері, супер-минимаркеттер, дәріханалар санитариялық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып күнделікті жұмыстарын жасауда.

Аян ҚОРҚЫТҰЛЫ, басшысы.