ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ БАРЛЫҚ ОРТАНЫ ОЙЛАНДЫРУЫ ТИІС

— Оралбек Әбішұлы, сот қызметі – қоғаммен бірге жасасатын әділдіктің ордасы. Сөзімізді осы жүйедегі атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағытынан бастасақ…
— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз»,—деп атап көрсетті.+
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажеттігін айтқан болатын. Әділдік іздеп сотқа жүгінген адам ең алдымен сот жүйесінің ашықтық пен қолжетімділікті ұстанатынын сезінуі тиіс.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2019 жылғы 21 ақпандағы Заң бойынша республиканың сот жүйесі үшін маңызды оқиға болып табылатын, заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, судья лауазымдарына кандидаттар бойынша қорытындыларды соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес Жоғары Сот Кеңесіне құжаттарды тапсыру мерзімі аяқталғанға дейін беретін болып белгіленді. Сонымен қатар, аудандық сот төрағасы, облыстық сот төрағасы, сот алқаларының төрағалары және судьясы, Жоғарғы сот судьясы және сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резервін Жоғары сот кеңесі жанындағы кадр резерві жөніндегі комиссия қалыптастыратын болды. Кадр резерві жөніндегі комиссияны қалыптастыру және сол резервпен жұмысты ұйымдастыру тәртібін Жоғары сот кеңесі айқындайды. Жалпы, елімізде жүзеге асырылып жатқан сот-құқықтық реформалар уақыт талабына сәйкес дер кезінде жүргізілуде. Осы бағыттағы басты мақсат — сот әділдігіне қолжетімділік және оның ашықтығы мен жариялылығы.
— Түнгі соттардың тиімділігі қандай?
— Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановтың бастамасымен сот төрелігінің 7 түйіні айқындалып, соның аясында бірнеше пилоттық жобалар белгіленді. Соның бірі «Түнгі сот». Оның мақсаты орын алған әкімшілік құқық бұзушылықты кешкі мезгілде қараумен ерекшеленеді. «Түнгі соттың» ерекшелігі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер сот отырысында сағат 18.30-дан 22.00-ге дейінгі уақытта қаралады. Сөйтіп, сотқа қатысушыларға егер ол транзиттік автокөліктің жүргізушісі болса жолынан қалмауға септігін тигізеді, бұрынғыдай жұмысынан сұранудың қажеті болмайды. Ол үшін алдымен әкімшілік құқық бұзушы өз кінәсін мойындауы қажет және тараптар істі кешкі уақытта қарауға келісім беруі керек. Бұл ерекшелік әсіресе жол қозғалысы қағидаларын бұзуға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер үшін тиімді болады. Сот жүйесіндегі осындай жаңалықтар арқасында қысқа мерзімде келтірілген материалдық зиянның орнын толтыру үшін сақтандыру компаниясынан жәбірленушіге берілетін төлемақыны жеделдетіп алу мүмкіндігін тездетіп, сақтандыру төлемдерін алуға жұмсалатын уақытты айтарлықтай қысқартуға ықпал ететін болады.
— Жергілікті сотқа халық көбіне қандай талап арызбен келеді?
— Соңғы кездері сотқа неке бұзу туралы талап арыздар мен алимент өндіру туралы арыздардың түсуі жиілеп кетті. Бір аптада шамамен есептегенде кем дегенде 3-4 неке бұзу туралы талап арыз келіп түсті өткен жылы. Бұл қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтауға немқұрайдылықпен қараудың белең алып келе жатқанын білдіреді. Отбасы мәселесі кез келген ортаны ойландыруы тиіс. Жаңадан отау құрған ерлі-зайыптыларға тәрбиелік мәні бар тәлімдерді үйретудің еш артықшылығы жоқ. Дана халқымыздың ежелден қалыптасқан еш уақытта некені бұзбайтын салт-дәстүрін түсіндіре берудің маңызы зор. Еліміздің барлық өңірлеріндегі сияқты, Аудандық сотта да отбасын сақтауға бағытталған шаралар жиі өткізіліп тұрады.
— Медиацияның қоғамға көмегі қандай? Сүбелі сөзімен екі тарапты ымыраға келтіретін медиаторлар нені білулері керек? Ауданда қанша медиаторлар бар және олардың қызмет көрсететін орындары қай жерде?
— Еліміздің мемлекет және құқық тарихында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп аталатын заң жинақтары болған. Сол әдет-ғұрыптарға негізделген заңдарды басшылыққа алған билер дауласқан тараптарды бітімге келтіріп, тура шешім қабылдағаны бәрімізге белгілі. Халқымыз ежелден ел арасындағы өзара келіспеушіліктен туындаған дауларды шешу кезінде «дау мұраты-бітім» деген ұстаным арқылы тараптарды татуластырып отырған. Сондықтан медиация біздің халқымыз үшін ежелден таныс ұғым болып есептеледі. Сотта қаралған тараптардың арасындағы дау бойынша шығарылған шешім бір тарап үшін тиімді болса, екінші тарап үшін олай болмауы мүмкін, соның нәтижесінде тараптардың екі жағының да бірдей риза болуы мүмкін болмай жатады. Ал, медиатордың көмегі арқылы дауды шешудің ерекшелігі, нәтижесінде екі тарап үшін де қолайлы ортақ мәмілеге келуі. Сол арқылы дау сотқа жетпестен өз шешімін табады, әрі тараптар арасында жақсы қарым-қатынастар орнайды. Бұл қоғамдағы тараптар арасында пайда болған түйткілдердің сейілуіне ықпал ететін жағдай болып табылады. Сондықтан медиацияны жандандыру арқылы жұртшылыққа медиацияның тиімділігін түсіндіру өте маңызды.
Жалпы ауданымызда 18 медиатор бар, барлығы кәсіби емес медиаторлар. Медиация кабинеті аудандық сот ғимаратында, аудан әкімдігі ғимаратында және Халықтық кеңседе жұмыс істеп тұр. Бұл жерде татуластыру рәсімдерін өткізуде кәсіби емес медиаторлар Е.Әбдікәрім және А.Серікбаев айтарлықтай үлес қосып жүргенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, өткен жылдың сәуір, маусым айларында аудандық соттың бастамасымен, қаланың 4 мектебінде медиация кабинеті ашылды. Атап айтсақ, №4, №8 және І.Үргенішбаев, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептерде. Медиация кабинетінің мектептерден ашу мақсаты—мұғалімдер мен ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдер арасында келіспеушілік орын алған жағдайда сол жерден медиатордың көмегіне жүгіну арқылы дауды сотқа жеткізбей шешу. Сондай-ақ аталған мектептерге жақын аумақта орналасқан тұрғындар үшін де медиция кабинетінің көмегіне жүгіну мүмкіндігі бар.
— Адамдар сотқа күнделікті жүгінбейтіндіктен, бұл саланың жалпы қызметін жетік біле бермейді. Әділдікті осыннан іздеген адам алдымен нені ескеруі тиіс?
— Қазіргі кезде сот жүйесі жаңа бағытта дамып келеді. Мәселен, арыз электронды түрде қабылданып, тараптардың сотқа бармай-ақ сот отырысына смарт телефондар арқылы, арнайы қосымшалар арқылы қашықтықтан қатысу мүмкіндігі жасалған. Бұл Жоғарғы сот тарапынан ұйымдастырылған дер кезінде жасалған жұмыстардың нәтижесі.
Сот отырыстары дыбыс-бейнежазба құрылғысын қолдану арқылы өткізіледі, ондай жазбаны өзгерту мүмкіндігі жоқ, бұл сот жүйесінің ашықтығының дәлелі. Сондай-ақ, сотта «Ашық есік күні» секілді шаралардың өткізілуі, азаматтардың аталған шараға қатысу арқылы сот жұмысымен танысуы халықтың сотқа деген сенімін арттыруда маңызды рөл атқарады.
—Сот жүйесінің айбары да, жүрегі де — білікті кадрлар. Аудандық сот жұмысын жариялылық тұрғыдан көрсету бағытында сала мамандары қандай жұмыстар жүргізеді?
— «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, «Рухани жаңғыру», Елбасының және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың сот жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысында Жоғарғы соттың бастамасымен елімізде айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.
Сотқа деген сенім қалыптастыру сот қызметінің басты мақсаттарының бірі болып табылады.
Аудандық сот мамандары осындай атқарылып жатқан жұмыстардың мақсатын, мазмұнын түсіндіру үшін жүйелі түрде жергілікті кәсіпорындарда және мекемелерде құқықтық тақырыптар бойынша дәріс оқу, жергілікті радио желісінде сұхбат беру, көшпелі семинарлар өткізу, газет беттеріне мақалалар, әлеуметтік желілерде хабарлар жариялау арқылы әрдайым халықты хабардар ету жұмыстарын жүргізіп келе жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Осы ретте ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың жақында жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласына тоқтала кеткен жөн.
Мемлекет Басшысы мақалада «жаңғыру—өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес.Шын мәнінде, бұл — ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.
Елбасымыздың:«Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.
Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді»,—деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады»,— деп атап өтіп, «Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса — елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал» екенін айтты.
Олай болса Абай мұрасын үлгі алудың ең бағалы құндылығы деп тану әркімге парыз болуы тиіс. Сол құндылықты еліміздің рухани жаңғыру жолында кеңінен пайдалану арқылы, жас ұрпақты Отан сүйгіштікке, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуіміз қажет. Отан—отбасынан басталады деп дана халқымыз ежелден отбасы тәрбиесіне мән берген. Абай тағылымы да соған үндейді. Сол мақаласында мемлекет басшысы әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптастырғанына куә болдық.Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек екенін де айтты. Сондықтан баршамыз Абай тойынан тек қана тағылым ғана алуға тиістіміз.
Сұхбатымызда сөз еткен отбасы мәселесіндегі күрмеулерді шешуде Абай тағылымынан да тиер пайда зор екенін ұмытпауымыз керек. Ақынның әрбір сөзі, пайымы мен өсиеті болашаққа бағдаршам болуы тиіс. Сот қызметкерлерінің алға қойған мақсаты да хакім Абайдың ұстанымдарымен үндеседі. Мемлекет Басшысының осы мақаласындағы: «Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік беріп орнығады» деуі орынды тұжырым.
— Рахмет!

Мұхтар МЫРЗАЛИН, Шалқар».