АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕЛЕРІН АТАП ӨТТІ

15 қараша күні ауданымызда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні мерекесі аталып өтті. Ертеңгілік қаламыздағы ЕСЕТ КӨТІБАР-ҰЛЫ көшесінің бойындағы «Отан» спорт кешенінің алдында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, оған ауылдық округтерінің және қаланың шаруа қожалықтары ет, сүт өнімдерін халыққа арзан бағамен ұсынды.

Бұдан соң Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембай баяндама жасап, осы жылғы сала бойынша атқарылған істер, жеткен жетістіктер, алға қойылған мақсаттар туралы айтты.
2019 жылдың 1 қазанына ауданның барлық меншік түріндегі шаруашылықтарында мүйізді ірі қара — 41004 бас, қой-ешкі — 109499 бас, жылқы — 27332 бас, түйе — 11093 бас болып, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда ірі мүйізді қара — 102,7, қой-ешкі — 102,9, жылқы — 105,1, түйе — 100,7 пайызды құраған. Үстіміздегі жылдың 1 қазанына 6153,8 тонна ет (тірілей салмақта), 11842,9 тонна сүт, 304,1 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылға қарағанда ет өндіру 109,5, сүт өндіру 103, жұмыртқа өндіру 108,6 пайыз болыпты.
Төл алу көрсеткіші бойынша ауданда ағымдағы жылда бұзау алу көрсеткіші 100 бас аналыққа есептегенде 78 бұзаудан, барлығы 17301 бас бұзау, қозы-лақ алу көрсеткіші 95 бастан, барлығы 55517 бас, құлын алу көрсеткіші 100 бас аналыққа 66 құлыннан, барлығы 8131 бас құлын, бота алу көрсеткіші 100 бас аналыққа есептегенде 39 бас ботадан келіп отыр, 2104 бас бота.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жыл сайын ұлғаюы нәтижесінде аудан халқын ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету толық шешілді.
Бүгінгі күнге «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4000 бас қой сатып алу тапсырмасы берілген болса, 16 шаруа қожалығы 7427 бас қой малын сатып алуға қажетті 218,9 млн. теңгеге қол жеткізген. Осы қаражатқа қой малы сатып алыныпты. 6 шаруа қожалығы 505 басты құрайтын мүйізді ірі қара малын сатып алуға 315,0 млн. теңгеге құжаттарын тапсырған. Соның ішінде 2 шаруа қожалығы 120 басты құрайтын 82,3 млн. теңгеге қол жеткізген. Импорттық мүйізді ірі қара аналық малдары және отандық асыл тұқымды аналық малдар сатып алыныпты.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Бауыржан» шаруа қожалығы 15 млн. теңгеге 35 бас түйе алып, түйе шаруашылығын дамытып, шұбат өндіруді көздеп отыр. Аталған шаруашылықтың Шалқар қаласында шұбат сататын дүкені салынып, іске қосылыпты. Айшуақ ауылдық округінен «Бақдәулет» шаруа қожалығы 29 млн. теңгеге 100 бас мүйізді ірі қара, Мөңке би ауылдық округіне қарасты «Азамат» шаруа қожалығы 6,0 млн. теңгеге 27 бас мүйізді ірі қара малын сатып алуға және Ақтоғай ауылдық округінен «Береке» шаруа қожылығы 7,0 млн. теңгеге жылқы сатып алуға несиелерін алып, мал сатып алына бастаған.
Алты шаруа қожалығы 247,7 млн. теңге алуға қаржы ұйымына құжаттарын тапсырып қойыпты.
Якорлық кооперацияны дамыту бойынша «Нұралы» шаруа қожалығы якорлық шаруашылығы ретінде белгіленіпті. Қазіргі таңда аталған шаруа қожалығының меншігінде 451 бас мүйізді ірі қара малы бар. Оның ішінде 355 басы асыл тұқымды мал статусына ие. Жалпы жер көлемі — 18660 га. Биылғы жылы Ресей Федерациясынан 100 бас асыл тұқымды ангус малының аналықтары жеткізіліп, қазір шаруашылықта өсірілуде.
Ұсақ шаруашылықтардың жұмысын жандандыру мақсатында бүгінгі күнге дейін 3 серіктес шаруашылықтармен жұмыс жасауға келісім-шартқа отырылған.
Кооперативтер бойынша қазіргі таңда ауданда 10 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды. Әрқайсысында 20 адамнан кем емес. Барлығының бағыты — мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы кооперативтері 17252 га. жайылымдық жерлерді пайдалануда. Сонымен қатар аталған кооперативтер меншіктерінде 409 бас ірі қара, 73 бас жылқы бар. Оларда 285 құрылтайшы тіркелген. Осы кезеңге дейін аталған кооперативтер тірілей салмақта 743,8 тонна ет, 26,0 тонна сүт өнімдерін өндірген екен.
2019 жылы ауыл шаруашылығы саласына салынатын инвестициялардың ішінде қаржы көлемі жоғары жобалардың бірі — «Нұралы» шаруа қожалығы 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы құрылысын салу. Барлық қаржы көлемі — 300,0 млн. теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде. Құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудан тұрғындары дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамытып, кәсіппен айналысып жатыр. Бүгінгі таңда жеке тұрғындар меншігінде 680 бас бөдене, 350 бас қоян және 170 бас сүтті ешкі тұқымы өсірілуде.
Шалқар көлінің балық қорын көбейтуге жеке кәсіпкер Ғанибек Сұлтанов Қызылорда облысы, Арал ауданының Қосжар ауылындағы Қамыстыбас балық питомнигінен 50,0 мың шабақ әкеліп, Шалқар көліне жіберіпті.
Сонымен бірге Айбек Сембай ауыл шаруашылығын дамыту бойынша алға қойылған мақсат-міндеттерге де тоқталып өтті.
— Ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін жаңа технологияны алып, оны меңгеріп жаңа бағытта жұмыс жасау бүгінгі күн талабы. Ауыл шаруашылығында, оның ішінде мал шаруашылығында атқарылар істер көп.
Ауданның ауыл шаруашылығын дамытуда алдымызда үлкен міндеттер тұр. Олар: асыл тұқымды мал басын көбейту, мал басы мен одан алынатын өнімді төмендетпеу. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал басын көбейту. Сүт қабылдау пункттерін ашу, мал бордақылау алаңдарына өткізілетін мал санын көбейтіп, ет өңдеу цехтарын етпен қамтамасыз ету, суармалы жерлерді ұлғайту, — деді ол.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жанболат Жидеханов ауыл еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, Тәуелсіздік алған жылдар ішінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының жекелеген салаларын дамытуға бағытталған ондаған кіші бағдарламалармен қатар, жалпы агроөнеркәсіптік кешені мен ауылдық аумақтарды қолдауды мақсат тұтқан үлкен бағдарламалар қабылданып, агроөнеркәсіптік кешен мен алтын бесік ауылымыздың жаңа белестерге көтерілгеніне тоқталды.
Биылғы жылы ауданымыз ауыл шаруашылығы саласы бойынша жақсы жетістіктерге жетіп, облыс бойынша «Озат мал шаруашылығы ауданы» атанып, облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімі Бауыржан Қаниевті ауыл шаруашылығы саласы бойынша жақсы жетістіктері үшін Алғыс хатпен марапаттағанын жеткізді.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үстіміздегі жылға ауданға мүйізді ірі қара және қой малдарын сатып алуға байланысты берілген тапсырмалар бүгінгі таңда өз кезеңімен орындалуда екенін, аудан бойынша 2019 жылы 25 инвестициялық жобаларды іске қосу жопарланса, бүгінгі күнге 16 жоба іске асырылғанын, 9 жоба жыл соңына дейін аяқталатынын, несие ұйымдарына құжаттарын өткізіп, несие қаржысын алуды күтіп отырғанын тілге тиек етті.
Сонымен бірге Ж.Жидеханов Шалқар қаласында бүгінгі күнге дейін 43 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер 10-15 пайызға нарық бағасынан төмен сатылғанын атап өтті.
Салтанатты шарада ауыл шаруашылығының үздіктері марапатталды. Ж.Жидеханов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Марғұлан Досжановқа ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін, осы бөлімнің бас мамандары Рашид Ержанов пен Сағыныш Жетесоваға аталған кәсіподақтың Құрмет грамотасын табыстады. Сонымен бірге ауданымыздың 12 ауылдық округінде табысты еңбек етіп, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда өз үлестерін қосқан 24 шаруа қожалықтарының төрағаларына аудан әкімінің Алғыс хаттары мен сый-сияпаттарын тапсырды.
Мерекелік шараның соңы аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Жас әншілер Нұрсұлтан Қалмағамбетов пен Нұрғали Сидақовтың шырқаған, көпшіліктің жүрегіне жақын «Ауылдастарым», «Қазағым» әндері, Асылхан Дәрібаев пен Бақытқали Жанықұловтың әуелеткен «Ауылым», «Атамекен» әндері тыңдаушылардың көңілінен шықты.
Бұдан соң көпшілік көл жағалауында тартысты өткен көкпар ойыны мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен спорттық шараларды тамашалады. Көкпарға Шалқар және Мұғалжар аудандарының командалары қатысып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Шағын футболдан бірінші орынды Ақтоғай және Бершүгір ауылдық округтерінен құралған команда, екінші орынды Бозой ауылдық округінің командасы, үшінші орынды Қауылжыр мен Мөңке би ауылдық округтерінің құрама командалары иеленді. Жеңімпаздар Дипломдар, медальдар, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Елімізде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын дамытудың болашағы зор. Мал өнімдеріне деген сұраныс, әсіресе, біздің ауданның еті, шұбатына сұраныстың артуы еңбеккерлерді жігерлендіруде.
Бүгінгі таңда мал өсірудің, өнімдерді өткізудің негізі қаланды. Ауданымызбен тұрақты байланыс жасайтын кәсіпкерлер табылуда. Шындығында ауыл қазақ рухының, дәстүрлі шаруашылығының алтын бесігіне айналды. Ендеше, ауылды түлетуді, ауыл шаруашылығын өркендетуді халқымыз бен Отанымызды түлету деп түсінген жөн.

Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».