ҚАЙДАУЫЛ ЕРЛІКТЕРІ АЙТЫЛҒАН КҮН

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі өлкемізде орын тепкен киелі орындарға экспедиция ұйымдастырып, өскелең буынға бабалар жолын насихаттау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы мақсаттағы кезекті экспедиция Қауылжыр ауылдық округі аумағындағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, Шекті ішіндегі Қырғыз руынан шыққан, ел халқының тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға Қайдауыл батыр Едігеұлының кесенесіне атбасын тіреді. Экспедиция құрамында баба ұрпақтары, ел ардагерлері, музей жанындағы «Тарих — халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшелері, өлкетану секциясының мүшелері, т.б. тарих жанашырлары болды.
Осыны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаева экспедицияның мақсат-міндетіне тоқталды.
— Өткенімізді бағамдамай шын тарихты қалыптастыра алмаймыз. Осы тұста ұлттық болмыстарымызға терең үңіліп, өскелең ұрпаққа дәстүрімізбен астасқан тағылым тәрбиесін сіңіре білуіміз қажет. Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында туған өлке тарихын терең білуді барша азаматтың парызына санап, тарихи тұлғаларды әлде де зерделеу керек екендігін айтқан болатын. Батыр да, би де халыққа ортақ. Ал сол бабалар жолын, өнегелі ерлік істерін кейінгі буын білуі тиіс. Экспедицияның бар мақсаты осы, — деді сөзінде Н. Тлембаева.
Кесене басында аудандық Мәтей Қоқанұлы мешітінің найб имамы Нұрсұлтан Жүнісәлі баба рухына құран бағыштады. Қайдауыл батыр туралы ұрпақтары Дәулетжан Елеусізов, Әділхан Сексенбаевтар естеліктер айтып, тұлғаның батырлық қасиеттері, кісілік келбеті хақында ой толғады.
ГКС-12 орта мектебінде «Бабаға құрмет— ұрпаққа міндет» атты танымдық шара өтті. Оған мектеп ұжымы мен оқушылары қатысты. «Көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлер» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, музейдің ғылыми қызметкері Әлима Қыдыралина сөреге қойылған жәдігерлердің тарихына тоқталып, көрермендерге мағыналы мағлұматтар берді. Көрмеге қойылған жәдігерлердің денін өлкемізден шыққан батыр бабалардың қару-жарақтары, құрал-саймандары құрады. Акт залда өткен танымдық шарада да батыр бейнесін айшықтайтын мазмұнды әңгімелер өрбіп, патриоттық әндер шырқалды. Белсенді оқушылар ән айтып қана қоймай, тарихи кезеңдерге бойлап, Қайдауыл батырдың өмірі жайлы сахналық көріністер қойды. Осы экспедиция сапында болған Шалқар аграрлық-техникалық колледжінің директоры Жеткерген Елемес тарихымыздың тағылымды тұстарынан сыр шертіп, қазақтың атын айға шығарған батырлардың ерлік қасиеттеріне тоқталды. Қайдауыл Едігеұлының жанкешті ерліктері жайлы әсерлі әңгімесін ортаға салды.
«Ұлылардың өмірі, ерлігі бізге қашанда үлгі өнеге» тақырыбында Ә. Жангелдин атындағы орта мектеп мұғалімі Жанар Насанбаева баяндама жасады. Шараның барысында ауыл мектебінің бірқатар мұғалімдері Ұстаздар күніне орай аудандық кәсіподақ төрайымы Гүлзира Махаттың қолынан Құрмет грамоталарын алды.
Экспедиция мүшелерімен кездескен мектеп ұжымы мен оқушылар ел тарихы жайында, Қайдауыл батырдың ерлік істері турасында мәнді мағлұматтар алды.
Қорытындысында аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Н. Тлембаева экспедиция жұмысының өз деңгейінде жүруіне атсалысқан батыр бабаның барша ұрпақтарына, Қауылжыр ауылдық округі әкімшілігіне, ауыл мектебінің ұжымына, белсенділік танытқан оқушыларға, жалпы экспедиция мүшелеріне алғысын айтты.
Экспедиция мүшелері осы сапарында Қауылжыр ауылындағы Қайдауыл станциясы теміржол вокзалы перронының алаңында орналасқан Қайдауыл батыр Едігеұлына орнатылған ескерткіш-бюстке барып, естелік суреттерге түсті.

М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.