ОҚУШЫЛАРДЫҢ КІТАПҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРДЫ

Кітап — ақылшы дос, асыл қазына. Кітап оқи отырып өзің де шабыттанасың. Кітап туралы қандай теңеу айтсаңда артық емес. Қазіргі таңда өздігінен кітапханаға барып, кітап оқитындар өте аз. Алайда мен өз мектебімде кітапты қызыға, сүйсіне оқитын оқушылардың барына көз жеткіздім. Оның дәлелі — біздің мектебімізде өткізілген «Kitap.fest» шарасы дер едім.
Бұл фестивалді ұйымдастырушы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Гүлназира Ермекова мен Гүлден Ахет. Аталған шараға 5-11-сынып оқушылары қатысып, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған және мектеп кітапханасынан жасақталған кітаптардан көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, фестиваль бағдарламасының «Менің сүйікті кітабым» айдарында әр оқушы өзінің оқыған кітаптарының ішінен өзіне ерекше әсер қалдырғанын көпшілікке таныстырды.
Шараның шымылдығын 11-сынып оқушысы Ақжүніс Бөкенбаева ашты. Ол әлемдік кітапханалар жөнінде қызықты мәліметтермен бөлісті. Біз әлемдік кітапханалар туралы көп мәлімет білмейтіндіктен, оның бұл жұмысы бәрімізге қызық болды. Тіпті, мұғалімдерге дейін Ақжүністі құлшына тыңдады. Бұл шарадан мен де ерекше әсер алдым. Себебі, өзіме таныс емес кітаптармен таныстым. Әлемді техника мен ғаламтор жаулаған кезеңде біздің мектепте кітапты беріле оқитын оқушылардың барына қуандым. Және де өзім осы кеште естіген кітаптарды міндетті түрде оқимын деп шештім.
Осындай кітапқұмар оқушыларды басқаларға үлгі етіп, көпшілікті кітап оқуға баулығандарыңыз, осындай «Кітап фестивалін» өткізгендеріңіз үшін ұстаздарға және мектеп кітапханашысына ерекше алғысымымызды айтамыз.

Ұлпанай Құттыбаева,
Қарашоқат жалпы орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы.