Мал басын көбейтуге мүмкіндік мол

Соңғы жылдары мүйізді ірі қара мен қойды дамыту мен сапасын арттыруды көздеген «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тиімді несиеге қол жеткізген көптеген шаруашылық құрылымдары оның игілігін көріп, мал басын біршама арттыруға мүмкіндік алуда. Қазіргі таңда шаруашылықтарда мал басын көбейтіп, бүгінде оның ырыздығын көре бастаған шаруалар аз ЕМЕС.
Бұл бағдарламаның тиімділігі жылдық несиенің 4 пайызбен берілуі. Несие ірі қара үшін 15 жылға дейін, қойға 10 жылға беріледі. Шаруаның несие қарызды қайтарудың алғашқы 2,5 жылында каникул беріледі. Сонымен қатар несие алушының өтініші бойынша оны жылына бір рет қайтаруға болады.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алушылар асыл тұқымды ірі қара мал аналықтарын шетелден алуы шарт. Ал асыл тұқымды бұқаларды отандық шаруашылықтардан сатып алады. Ағымдағы жылдан бастап бағдарламаға өзгеріс енгізіліп, ірі қара сатып алу үшін отандық асыл тұқымды аналық пен бұқалар сатып алуға рұқсат берілуде. Қой сатып алғанда отандық шаруашылықтардың тауарлы саулықтарын, асыл тұқымды қошқарларын сатып алады. Бұл — бағдарламаның негізгі шарттарының бірі.
Несиеге қол жеткізіп мал сатып алғаннан кейін шаруашылықтар бірнеше жыл бойы тиесілі субсидияға қол жеткізе алады. Яғни сатып алған асыл тұқымды бұқаға қайтарымсыз 154 мың теңге көлемінде Үкіметтен субсидия алса, шетелден сатып алынған аналық сиырлардың әр басына 225 мың теңгеден субсидиялар төленеді. Бір бұқа 25 бас аналық сиырға арналған. Сонымен қатар әр сатып алынған асыл тұқымды қошқарға 8,0 мың теңгеден және әр саулыққа 1500 теңгеден субсидиялар төлеу қаралған. Бір асыл тұқымды қошқар 25 саулыққа есептеледі.
Осы уақыт аралығында бағдарламаның игілігін көре алмай жүргендер де бар екені жасырын емес. Жыл сайын елімізде мемлекеттік бағдарламалар іске қосылады, қаражат бөлінеді. Бірақ көпшілік бағдарламалар туралы білмей жатады. Мұндай жағдайда «Сыбаға» бағдарламасынан сыбағасынан ештеңе ала алмаған шаруалар жылжыйтын немесе жылжымайтын мүліктерін кепілге қойып, жылдық несие мөлшерлемесі 4 пайызбен 10-15 жылға дейін несие алып, шаруашылығындағы мүйізді ірі қара мен қой малын көбейтулеріне болады.
Осы бағдарламамен ауданнан көптеген шаруашылықтар несие алып, мал басын көбейтуде. Атап көрсетсек, Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Нұралы» шаруа қожалығы 100 бас, Жаңақоныс ауылдық округінен «Жаңбыр» шаруа қожалығы 72 бас, «Қайрат» шаруа қожалығы 20 бас, Кішіқұм ауылдық округінен «Кішіқұм» шаруа қожалығы 20 бас, Айшуақ ауылдық округінен «Бақыткерей Әдманов» шаруа қожалығы 105 бас, Қауылжыр ауылдық округінен «Әділ-Жан-Би-Әлібек» шаруа қожалығы 80 бас МІҚ сатып алу үшін несие алды. Аталған шаруашылықтар Ресей Федерациясынан асыл тұқымды малдар сатып алуда.
Шалқар қаласынан «Жүзбай» шаруа қожалығы 300 бас, «Жодыбай» шаруа қожалығы 375 бас, «Баубек» шаруа қожалығы 247 бас, Жаңақоныс ауылдық округінен «Жақсылық» шаруа қожалығы 300 бас, «Әділет» шаруа қожалығы 247 бас, Шалқар ауылдық округінен «Қияқтысай» шаруа қожалығы 500 бас, «Зият» шаруа қожалығы 316 бас, «Аралши» шаруа қожалығы 375 бас, Есет Көтібарұлы ауылдық округінен «Жомарт» шаруа қожалығы 247 бас, Шетырғыз ауылдық округінен «Елеукен» шаруа қожалығы 250 бас қой сатып алды. Жоғырыда аталған шаруашылықтардан басқа несие алу үшін ауданнан құжаттарын тапсырып өткізген шаруа қожалықтары бар.
Сондай-ақ, осы жоғарыда баяндалған бағдарламалардан бөлек шаруашылықта 50 бас сиыр немесе 300 бас қой не болмаса 100 бас бие және 100 бас түйе болса шаруашылықтың жаңадан сатып алған ауыл шаруашылығы техникаларының (трактор, шөп пресі, шөп буғыш, шөп шалғысы, шөп көтергіш, тіркеме) құнының 25 пайызы шығындары субсидияланып қайтарылады. Биылғы жылы 2 шаруа қожалығы 2 трактор, 1 шөп буғышын, 1 шөп шалғысын, 1 тырманы лизингке сатып алды. Осы ауыл шаруашылығы техникалары құнының 25 пайыз шығыны шаруа қожалық төрағаларына субсидияланып қайтарылды.
Шаруашылықтардың жайылымдарда қаздырған ұңғымаларының (сквжиналардың) 80 пайыз қаздыру шығыны Үкіметтен субсидияланады. Ағымдағы жылы барлығы 5 ұңғыма қазылып, субсидиялары төленуде.
Қалай десек те шаруашылықтағы мал басын көбейтудің, қарапайым халықты жұмыспен қамтудың төте және тиімді жолы болып саналатын бұл бағдарламаның берері мол. Ендеше, мал өсірем деген ағайынға «Сыбаға» бағдарламаларына қатысып, ата кәсіппен айналысып, мал басын көбейтіп, беріліп жатқан мол мүмкіндіктерді қалт жібермей, уақытында, ретімен, тәртібімен, толық пайдаланып қалуға шақырамыз.
Ауданда қазіргі таңда төл алу науқаны аяқталды. Аудан бойынша 16714 бас бұзау алынды. Өткен жылмен салыстырғанда 107,5 пайызға өсім бар. 52274 бас қозы-лақ алынып, өсім — 105,3 %, 6495 — құлын алынып, өсім — 105,5 %. 1924 бота алынып, өсім — 101,4 пайызды құрады. Әр 100 аналық сиырдан аудан бойынша орташа 75 бас бұзау, саулықтан — 90 бастан қозы-лақ, биеден — 53 бас құлын және інгеннен 36 бас бота алынды.
2019 жылдың 1 маусымына ауданның барлық меншік түріндегі шаруашылықтарында мүйізді ірі қара — 50629, қой-ешкі — 132113, жылқы — 29065, түйе —12108 бас болып, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда мүйізді ірі қара — 105,5, қой-ешкі — 103,0, жылқы — 105,8, түйе — 100,9 пайыз өсімді құрады.
Осы барлық меншік түріндегі мал басын қыстан аман алып шығу үшін ауданның мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтары мен тұрғындары мал азығын дайындаудың қамына кірісіп жатыр. 10 маусым мен 4 тамыз аралығында екпінді екі айлық барлық нысандағы шаруашылықтардағы малдарды қысқы шөппен қамтамасыз ету үшін 250600 тонна шөп дайындау міндеті қойылып отыр. Барлық округтерге мал азығын дайындауға берілген тапсырмалар бөлініп берілді.
Ертеңгi қыраулы қыста қысылып қалмас үшiн мал азығы қорын осы бастан сайлап алуымыз керек. Иә, «Қыста малыңды бақ, жазда шөбiңдi шап» деп қазақ тегiн айтпаған. Екі айлық тапсырма аяқталғанымен мал азығын дайындау жұмыстары тоқтамай, күз айларына дейін жалғаса береді. Сол себептен қыс айларына мал азығымен толықтай қамтылуымызға мүмкіндік мол. Бір ескерте кететіні, шөп шабатын шаруашылықтар мен бригадалар өрттің алдын алып, сақтанулары қажет. Ол үшін міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғысын қондырулары керек. Сондай-ақ, жер жыртатын соқа, тырма, су ыдыстары, т.б. өрт сөндіруге арналған құрылғылары болуы керек.

Марғұлан Досжанов,
аудандық ауыл шаруашылығы
бөлімі басшысының орынбасары.