Спорт

Мансұр — мектеп мақтанышы


Спорт — адамды тек шынықтырып қана қоймай, оны тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін үлкен мектеп. Әсіресе бокс сияқты жігер мен қайсарлықты талап ететін спортта әрбір жетістіктің артында маңдай тер мен үздіксіз еңбек жатыр. Жаңақоныс жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Мансұр Жылқайдар — осындай қасиеттерді бойына сіңіріп келе жатқан жас спортшы. Ол бокс спортына 6-сыныпта алғаш қадам басып, содан бері осы спортты өмірінің маңызды бір бөлігіне айналдырып келеді.
Алғашқы жаттығулардан бастап Мансұрдың бойында спортқа деген қызығушылық пен жеңіске деген талпыныс қалыптасты. Уақыт өте келе жаттығу залындағы еңбегі жарыс алаңдарында нәтижесін көрсете бастады. Жас спортшы аудандық, облыстық және халық-аралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Оның спорттық қоржынында ауданның біріншілігіндегі I орын, Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған аудандық ашық біріншілігіндегі I орын, Ақтөбе әуесқой бокс федерациясының кубогындағы II орын, А.И.Лыпенконың жүлдесіне арналған облыстық турнирдегі II орын сияқты маңызды жетістіктері бар. Сонымен қатар ол Қ.Назаров атындағы халықаралық турнирде, А.Г.Ждановты еске алуға арналған халықаралық турнирде, сондай-ақ спорт шебері Д. Добряков атындағы IV аймақтық турнирде жүлделі орындарға ие болды. Жас боксшының табандылығы арнайы марапаттармен де атап өтілген. Ол Ақтөбе әуесқой бокс федерациясының кубогында «Жеңіске деген жігері» номинациясына ие болды. Сонымен қатар «Үздік спортшы» номинациясымен ауылдық округ әкімінің Дипломымен, аудан әкімі және мектеп директорының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Мансұрдың спорттағы ең елеулі жетістіктерінің бірі — Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер атағын иеленуі. Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының №3961 куәлігімен расталған бұл атақ — жас спортшының бірнеше жылдық еңбегінің маңызды нәтижесі. 2025 жылы «EVEREST» баспа үйінің директоры Наурыз Ерланұлының «Жыл үздігі» төсбелгісімен марапатталуы да Мансұрдың жетістіктерінің еленгенін көрсетеді.
Мансұрдың жетістігі — ауыл мектебінен шыққан жасөспірімнің үлкен спортқа ұмтылып, өз еңбегімен биіктерге көтеріле алатынының жарқын мысалы. Бүгінгі жас спортшының арманы — ертеңгі үлкен жеңіс-терге айналуы мүмкін. Ең бастысы — сол мақсатқа бастайтын жолда жігерді жоғалтпай, еңбектене білу.
Рингтегі әр қадамы нық, әр жеңісі жаңа белес болсын! Жас спортшы Мансұр Кәдірбайұлына алдағы жарыстарда сәттілік, мықты денсаулық және биік жеңістер тілейміз!

Дамира ДАНАБЕКОВА,
Жаңақоныс орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары .

Басқа материалдар

Back to top button