Денсаулық

Сын сағатта үміт сыйлаған дәрігер

Адам өмірі қыл үстінде тұрған сәтте әрбір секундтың бағасы алтынмен тең. Осындай сын сағаттарда өмір мен өлім арасында жатқан науқастың тағдыры дәрігерлердің біліміне, кәсіби шеберлігіне және дер кезінде қабылдаған шешіміне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда аурухананың жансақтау  бөлімінің жүгі ауыр. Өйткені дәл осы бөлімде ауыр хәлдегі  науқастарға тәулік бойы қарқынды медициналық көмек көрсетіледі.

Осындай күрделі саланың жүгін көп жылдан бері абыроймен арқалап келе жатқан мамандардың бірі — анестезиолог-реаниматолог дәрігер Дариға Байбосынова. Кәсіби тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында талай жанға үміт сыйлап жүрген дәрігер өз мамандығына артылған сенімді атқарып келеді.

Дариға Аманғосқызы  өңіріміздің Қобда ауданы Жиренқопа ауылында дүниеге келген. Анасы Жібек хирург болып қызмет еткендіктен, бала кезінен медицина саласына жақын болып өсті.  Ақ халатты абзал жан ретінде атқарған анасының еңбегі де оның осы мамандықты таңдауына себеп болды.

Осылайша М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясында педиатр мамандығы бойынша білім алып, 2001 жылы оқуын тәмамдайды. Еңбек жолын сол жылы Шалқар қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық стансасында дәрігер-эпидемиолог болып бастап, тоғыз жылға жуық осы салада қызмет атқарды.

2011 жылы перзентхана бөліміне ауысып, педиатр-неонатолог болып жұмысын жалғастырды. Ал 2017 жылы аудандағы маман тапшылығына байланысты қайта даярлықтан өтіп, анестезиолог-реаниматолог мамандығын меңгерді. Содан бері осы жауапты салада еңбек етіп келеді.

Анестезиолог-реаниматолог мамандардың қызметін көпшілік тек операция кезінде науқасты ұйықтатумен байланыстырады. Алайда бұл мамандықтың міндеті әлдеқайда ауқымды. Дәрігер операция алдында науқастың жалпы жағдайын бағалап, ота кезінде оның өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылауда ұстаса, операциядан кейін  анестезиядан оянып, жағдайының қалыпқа келуін қадағалайды.

—Анестезиолог-реаниматолог үшін   науқастың өмірін сақтап қалу басты қағидалардың бірі. Сондықтан біз кез келген сәтте шұғыл көмек көрсетуге дайын болуымыз керек.  Жансақтау   (реанимация)  бөліміне жағдайы өте ауыр науқастар жеткізіледі. Олардың қатарында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер, инсульт пен инфаркт алғандар, ауыр улану жағдайындағы адамдар, босану кезіндегі асқынуларға ұшыраған аналар және бас-қа да ауыр хәлдегі науқастар бар.

Мұндай кезде шұғыл медициналық көмек қажет екенін білдіретін «көк код» дабылы беріледі. Дабыл түскен бойда реанимациялық топ толық құрамда  көмек көрсетуге кіріседі. Ең алдымен адамның  жалпы жағдайы бағаланып, тыныс алуы, жүрек соғысы, қан қысымы, қандағы оттегі деңгейі секілді  маңызды көрсеткіштер бақылауға алынады. Жағдайдың күрделілігіне қарай  қажет болған жағдайда жасанды тыныс алдыру аппараты қолданылып, жүрек қызметін қалпына келтіру секілді шаралар  жүргізіледі.  Біздің бөлімде  уақыттың әр минуты аса  қымбат. Сондықтан біз әрдайым жедел әрі үйлесімді әрекет етуге тырысамыз, — дейді кейіпкеріміз.

Реанимация бөліміндегі жұмыстың салмағы тек күрделі ем жүргізу мен шұғыл шешім қабылдаудан тұрмайды.  Дәрігер әр науқастың өмірі үшін күресумен қатар, оның жақындарының үміті мен сенімінің де жауапкершілігін сезінеді. Сондықтан бұл  мамандық кәсіби біліктілікпен қатар, адамға деген жанашырлықты, ішкі беріктікті және қандай жағдайда да сабыр сақтай білуді талап етеді. Дариға Аманғосқызының айтуынша, мамандықтың ең ауыр тұсы да осы жауапкершілікпен байланысты.

—  Алдыңа келген науқасқа өмір сыйлау басты міндетің. Себебі реанимация бөлімі есігінің арғы жағында әрдайым сенен жақсы хабар күтетін отбасы, жақындары тұрады. Сол үмітті ақтау — біздің ең үлкен жауапкершілігіміз. Кейде қолдан келгеннің бәрін жасағанымызбен, өкінішке қарай, науқастың жағдайының күрделілігіне байланысты оны аман алып қалу мүмкін болмайтын кездер болады. Ондай сәттерде бір отбасының үміті үзілгенін көресің. Дәрігер үшін одан ауыр сезім жоқ. Дәл сондай сәттер бұл мамандықтың қаншалықты жауапты екенін ғана емес, адам өмірі мен денсаулығының баға жетпес құндылық екенін де тереңірек ұғындырады, — дейді ол.

Сондықтан бұл жұмыста кәсіби білімнің өзі жеткіліксіз. Жанашырлық танытып, науқасқа үміт сыйлай білу де — дәрігерлік борыштың бір бөлігіндей.

Аталған бөлімде анезтезиолог-реаниматологтан өзге  дәрігерлер, мейіргерлер және кіші медицина қызметкерлері бір мақсат жолында жұмыла еңбек етеді. Әсіресе, тәулік бойы ауысыммен науқастың жағдайын бақылауда ұстайтын мейіргерлер мен кіші медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше. «Оларға үнемі: Әр науқасқа өз туғандарыңдай қамқорлық танытыңдар. Дәрі-дәрмекпен бірге мейірім мен жылы сөздің де адамға күш беретінін ешқашан ұмытпаңдар, деп айтып отырамын» —  дейді Дариға Аманғосқызы.

Бұл бөлімдегі жұмыс қаншалықты ауыр болғанымен, дәрігерлерге күш-қуат беріп, еңбегінің ақталғанын сезіндіретін сәттер де аз емес. Өлім аузынан аман қалған науқастың сауығып, отбасына оралуы — олар үшін кез келген марапаттан қымбат.

—Ауруханаға өте ауыр жағдайда түсіп, кейін сауығып, отбасына аман-есен оралатын жандар бар. Солардың көпшілігі уақыт өтсе де көшеде кездескенде тоқтатып, алғысын айтып жатады. Сондай жандардың ризашылығын естіген кезде еңбегіміздің зая кетпегенін сезесің. Жылы сөз бен шынайы алғыс жұмыстың барлық қиындығын ұмыттырады.

Дегенмен,  денсаулығын мұндай дәрежеге жеткізбей, аурудың алдын алған әлдеқайда маңызды. Әрине, жол-көлік оқиғасы немесе басқа да күтпеген жағдайлардың салдарынан ауыр халге түсетіндер бар. Ондай жағдайдың жөні бөлек. Бірақ кейде созылмалы аурумен есепте тұрғанына қарамастан, дәрігер кеңесіне құлақ аспай, уақытылы ем қабылдамайтын жандарды көргенде қынжыламыз. Соның салдарынан алдын алуға болатын ауру асқынып, адамның өміріне қауіп төнеді. Өмірдің қызығын көрер ең елеулі шағында ауыр жағдайға тап болып немесе өмірден өтіп жататындар да кездеседі. Сондықтан, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігер кеңесін орындап, уақытылы тексеріліп тұрғаны өте маңызды. Ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем қабылдасақ, ұзақ әрі сапалы өмір сүруге мүмкіндік мол, — дейді тәжірибиелі маман.

Қазіргі таңда аудандық ауруханада бар болғаны екі анестезиолог-реаниматолог  қызмет етеді. Сондықтан олар ауысыммен жұмыс істеп, түнгі кезекшілікке жиі шығады. Бұған кез келген уақытта түсетін шұғыл шақыртуларды қоссаңыз, бұл мамандықтың жауапкершілігі мен жүктемесінің қаншалықты ауыр екенін аңғару қиын емес. Маман тапшылығы да дәрігерлер жұмысына  қосымша салмақ түсіреді.

Ал дәрігер мамандығын отбасы тіршілігімен қатар алып жүру — кез келген әйел үшін оңай емес. Бір жағынан, жауапты қызметін абыроймен атқарса, екінші жағынан, отбасының берекесін сақтап, жар әрі ана міндетін қатар алып жүруі керек. Мұндайда отбасының түсіністігі мен қолдауының маңызы зор.

Дариға Аманғосқызының айтуынша, осы жауапты қызметте оған ең үлкен күш-қуат беретін оның  отбасы. Өмірлік  серігі  Нұрлан Дүйісов  әрдайым демеп, жұмысына түсіністікпен қарайды. Бақтияр, Арслан, Тамерлан  есімді ұлдары да аналарына қолдарынан келгенше көмектесіп,  үнемі қолғабыс етеді. Осындай қамқорлық пен қолдау дәрігерге күнделікті жұмыстың ауырлығын еңсеріп, әр күнін жаңа күшпен бастауға көмек береді.

Тәжірибелі дәрігердің ең үлкен тілегі — аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа аурухананың салынып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі. Сонымен қатар,  кейіпкеріміздің ауданға жас дәрігерлердің көптеп келсе екен деген тілегі бар. Себебі медицина — бір адамның емес, тұтас ұжымның еңбегіне сүйенетін сала. Маман көбейген сайын дәрігерлердің жүктемесі азайып, әр науқасқа сапалы әрі уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік артатыны сөзсіз.

Дариға Аманғосқызымен әңгімелесу барысында бұл мамандықтың қаншалықты күрделі екенін ғана емес, адам өмірінің қадірін терең түсінетін жанның болмысын да аңғардық. Күн сайын өмір мен өлімнің арасындағы арпалысқа куә болатын реаниматолог үшін әрбір жүрек соғысы — сөнбеген үміттің белгісіндей.

Сондықтан ол соңғы мүмкіндік қалғанша күресуді басты борышына санайды.

Арайлым  Серікқызы.

Басқа материалдар

Back to top button