Әлеумет

Ақтөбеде қоғамдық көліктің қызмет сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда

Ақтөбеде қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Осы мақсатта қалада қоғамдық көліктің қозғалысын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін заманауи диспетчерлік орталық іске қосылды.

Smart Avtobys Aqtobe компаниясы енгізген жаңа цифрлық жүйе автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, маршруттардың сақталуы мен қозғалыс кестесінің орындалуын қадағалайды. Жүйе қалалық және ауданаралық бағыттарды қамтып, жолаушылар тасымалы сапасына бірыңғай бақылау жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа технологиялардың көмегімен автобустардың кешігуі, ұзақ уақыт аялдап тұруы, белгіленген маршруттан ауытқуы немесе жылдамдық режимін бұзуы автоматты түрде тіркеледі. Жиналған мәліметтер тасымалдаушы компанияларға және тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, жедел шешім қабылдауға негіз болады.

Әр автобусқа орнатылған арнайы жүргізуші планшеті де қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді. Құрылғыда көліктің бағыты, нақты орналасқан жері, кестеден ауытқуы және жолаушылар ағыны туралы ақпарат көрсетіледі. Бұл жүргізушілердің тәртібін күшейтіп, қозғалысты тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, мұндай цифрлық бақылау жүйесі қоғамдық көлік саласындағы ашықтықты арттырып, тұрғындардың шағымдарын азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар жолаушылар үшін автобустардың уақытылы келуі мен қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі.

Қазіргі таңда жүйе Ақтөбе қаласымен қатар Хромтау және Қандыағаш бағыттарын да қамтып отыр. Бұл өңірдегі көлік инфрақұрылымын цифрландыру жұмыстарының ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Басқа материалдар

Back to top button