АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР ТҰРҒЫНДАР КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Өткен аптаның жұма, сенбі күндері аудан әкімі Бауыржан Қаниев Қауылжыр, Мөңке би, Ақтоғай, Шалқар, Шетырғыз ауылдық округтерінің орталықтарында болып, тұрғындармен кездесті. Кездесулерге аудан әкімінің орынбасарлары Жанболат Жидеханов, Амангелді Қонақбаев, аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев және мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында аудан басшысы алдымен ауыл әкімдерінің ағымдағы жылдың 9 айында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарған жұмыстары мен қысқа дайындықтарын тыңдады.
Қауылжыр ауылдық округінің әкімі Тұрлан Балымовтың айтуынша, 5 елді мекені бар округте 20 шаруа қожалығы бар. 9 азық-түлік дүкені, монша, наубайхана, 3 тойхана, 4 жолаушылар тасымалы және дәріхана халыққа қызмет көрсетеді. Жұмыссыздық деңгейін азайтуға байланысты жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шалқар аграрлық-техникалық колледжінде 1 адам оқып, мамандық алуда. «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығы арқылы округтен 13 адам оқып, 3 адам қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығы арқылы 11 млн. теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуда. 3 адам грант иесі атануға үмітті екен.
Округ бойынша қазір 2339 бас МІҚ, 5172 бас қой-ешкі, 534 бас жылқы, 373 бас түйе бар. Бірдейлендіру және екпе жұмыстары толығымен орындалған. Шаруа қожалықтары үстіміздегі жылы 2 бас бұқашық тапсырса, қалған шаруа қожалықтары бұқашықтарын дайындап қойды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Қаражан» шаруа қожалығы 6 млн. теңге несие алып, 167 бас саулық, 7 бас асыл тұқымды қошқар алған. Сонымен қатар аталған бағдарлама арқылы несие алуға «Жұмағали-Ш» шаруа қожалығы құжаттарын дайындауда.
Ауыл әкімінің жұмысын тыңдаған соң аудан әкімі ауылдықтардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. Зейнеткер Жанділдә Нұрмағанбетов ауылдың даму аймағына интернет желісі тартылса, жарықтандырылса десе, ардагер-ұстаз Сауда Самаев округке қарасты Қайдауыл стансасында орналасқан, 82 оқушы оқитын №42 бастауыш мектебіне жаңа ғимарат салу жағы қарастырылса, себебі мектеп заман талабына сай емес, бұрынғы ескі үйдің ғимаратында орналасқан. Сондай-ақ, төрт түліктің қауіпсіздігі үшін округ аумағындағы темір жол бойы қоршалса деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар қауылжырлықтар ауыл сыртынан күл-қоқыс төгетін арнайы полигон салуды сұрады.
Бауыржан Қаниев тұрғындардың ұсыныс-тілектері ескерусіз қалмайтынын айтып, ауыл әкіміне көшелерді толыққанды жарықтандыруды және ауыл орталығынан клубтың жаңа ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарын ыждағаттап дайындауды тапсырды.
Мөңке би ауылдық округінің әкімі Нұрбек Бисековтің айтуынша, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 1982-1992 жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші жаңартылып, саябақ салынған. Ауылдың ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, 2447 МІҚ, 7544 қой-ешкі, 537 жылқы, 88 түйе малы бар. «Актеп» бордақылау алаңына 50 бас бұқашық тапсырылыпты. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша «Азамат» шаруа қожалығы 6 млн. теңгеге 25 бас МІҚ алуға құжаттарын, «Әбді» шаруа қожалығы 200 бас қой алуға «Аграрлық несие корпорациясына» құжаттарын тапсырған. «Ердәулет» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 23 бас МІҚ алған. Жеке кәсіпкер Фая Алдиярова шағын наубайхана ашуға «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 1 млн. теңге алуға құжаттарын дайындауда екен.
«Бастау-бизнес» жобасы бойынша 3 адам кәсіптік оқу оқып, Серік Құрмантаев 4 млн. теңгеге 10 бас жылқы, Азамат Анаров 4 млн. теңгеге 11 бас, Ақылбек Әміралин 2,9 млн. теңгеге 10 бас МІҚ сатып алуда екен. Қысқа мерзімді оқумен 2 адам оқыпты.
Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Тарғын Әміралин аудан әкіміне ауылға келіп, халықпен кездесулері кезінде көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқандығына алғысын білдірді. Және «Шаруа қожалықтарына скважина қазуға, күн көзінен қуат алатын батареяларын алуға көмек берілсе, Шалқар-Ақтөбе автожолы жиі тегістеліп тұрса…» — деді. Ауылдық Ақтоты Қалиева ауылға арзандатылған бағамен азық-түліктер әкелінсе, баға тұрақтылығына да оң әсері болатындығын айтты.
Тарғын Әміралин ақсақалдың сауалына жауап берген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембай су ұңғымасын қазу, күннен қуат алатын батареяларын қондыру үшін шаруа қожалықтары ұсыныс беріп, қажетті құжаттарын тапсырса, кеткен шығынның 80 пайызы субсидия арқылы қайтарылатынын, шаруашылық басшылары бұдан хабардар екенін айтты.
— Ауданда азық-түлік бағасының тұрақтылығын қадағалайтын арнайы комиссия жұмыс істейді. Баға 10 пайыздан артық болмауы тиіс. Арзан азық-түлік, жем әкеліп сатуға жұмыстар жүйелі жүргізілетін болады, — деді Бауыржан Нұралыұлы.
Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Ерік Құрмаш та атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— Округте қазіргі таңда 765 бас мүйізді ірі қара, 3069 бас қой-ешкі, 150 бас жылқы, 14 бас түйе бар. Мал азығын дайындауға берілген 2 айлық тапсырма бойынша 7500 центнер шөп дайындалды. Мал бордақылау алаңдарына 20 бас бұқашық өткізіліп, қосымша бұқашықтар тапсыру жоспарланып отыр. МІҚ малдары үшін шаруа қожалықтары 10 бас Ангус тұқымды бұқашықтар алып, табынға қосты. Соңғы жылдары қыстақтарға мал қораларын салып, мал басын өсірушілер көбейді. «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 5 адам арнайы 1 айлық курста оқып, мал басын өсіру мақсатында 16 млн. теңге несие алды.
«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша «Береке» шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясына» құжаттарын тапсырып, мал басын өсіру және асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Жаңадан құрылған «Қызылсаз» шаруа қожалығы мал басын өсірумен қатар лезингке жаңа «МТЗ-92» тракторын, кун, рулон пресс, шөп шалғы тырмасымен алып, жұмыстарын жүргізді.
Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы бойынша 5 адам арнайы курста оқып, 16 млн. теңге несие алып, мал басын өсіруде. Жастар жылын қолдау аясында «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 2 жас арнайы курста оқып, Аяулым Бердібек 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алып, шаштараз ашуда. Жадырасын Құдасбаев құжаттарын тапсырып, шағын наубайхана ашу үшін жұмыстар жүргізуде.
1991 жылы типтік жобада салынған Ақтоғай орта мектебінде қазір 150 оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Элитстройсервис-Ақтөбе» ЖШС директоры Жүсіп Өміровтің демеушілігімен жалпы ұзындығы 2300 метр жерге тас төселініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деді.
Зейнеткер Жақсылық Шамшатов «Шалқар-Ембі» бағытындағы жұмысшылар пойызы демалыс күндерінде жүргізілсе деген ұсыныс-тілегін жеткізді. Жиында сөз алған ардагер-ұстаз Айымкүл Сауырбай:
— Ұйымшыл ауылымыздың жағдайы жақсы. Өлкемізде ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан жарқын істерді жергілікті баспасөз беттерінен оқып, риза болып отырамыз. Бұның барлығы — Тәуелсіз еліміздің ертеңгі жарқын болашағы үшін жүргізіліп отырған сындарлы саясаттың арқасы, — деді.
Шалқар, Шетырғыз ауылдық округтеріндегі кездесулерде тұрғындар аудан басшысына өлкемізде атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді. Сондай-ақ, алдағы қысқы мал азығы бағасының тұрақтылығы, Қаратоғай ауылына ұялы байланыс орнату, т.б. мәселелерді алға тартып, нақты жауаптарын алды. Жері малға шұрайлы округтерде орын тепкен қожалықтар мал басын көбейтіп, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге мейлінше ынталы болу керектігі жиында айтылды.
Кездесулерде аудан басшысы жалған құжат дайындап, заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алған фактілердің анықталғанын, алған қаржы кері қайтарылуы керектігін, олай болмаған жағдайда тиісті шара қолданылатынын қадап айтты. Сонымен қатар ауыл әкімдері, қожалық төрағалары қыстан қысылмай шығуға мал азығын жеткілікті әзірлеп, сақадай сай болулары керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, өлкемізде атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы міндеттерге де тоқталды.
— Аудан орталығындағы бос тұрған бұрынғы әкімшілік ғимаратынан Аналар орталығы ашылады. Сондай-ақ, аталған ғимарат ішінен сұлулық салоны, т.б. халыққа қызмет көрсететін орындары ашылып, олар жеңілдікпен қызмет көрсетпек. Жаңа жылдан бастап «Ақтөбе-Шалқар» қала маңы пойызына қосымша вагондар тіркеледі.
Жақында Ақтөбеге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде Шалқардың көлі, жолы және кеден бекетін ашу мәселелері көтеріліп, олар шешімін табатын болды. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кезінде жабылып қалған кеден бекетін қайта ашу, Шалқар-Ырғыз жолымен екі ортаны асфальттау көзделуде. Шалқар-Бозой аралығындағы жолды асфальттау жұмыстары да қарқынды жүргізіле бермек. Алда да аудан халқының игілігі үшін көптеген істер қолға алынады, — деп сөзін түйіндеді аудан басшысы.
Ауылдарға сапары кезінде аудан әкімі әлеуметтік нысандарын аралап, қысқа дайындықтарымен танысты. Ауыл тұрғындары бөлім басшыларына сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды, ауданда жасалып жатқан істерге оң бағаларын беріп, алғыстарын білдірді.

С. ҰЛЫҚПАНОВ,
«Шалқар».