ҚАРТТАРЫМ — АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде қарттардың тұрмысын жақсарту үшін көптеген жақсы жағдайлар жасалған. Оларға арналған әлеуметтік қызмет түрлері мен көмек ауқымы жыл сайын көбейіп келеді. Үйде көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері де жетілдірілуде.
аз қамтылған қарт адамдарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету үкімет назарынан тыс қалған емес.

1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімінің қолдауымен, қала әкімінің ұйымдастыруымен қаламыздағы «Әсем» мейрамханасында кезінде мекемелері жабылып немесе тарап кеткен қалалық ардагерлер ұйымына қарасты еңбек ардагерлеріне арналып кең дастархан жайылды.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің атынан ардагерлерді құттықтады. Ауыр кезеңдер де тылда және бейбіт күнде еліміздің экономикасының дамуына аянбай еңбек етіп, тер төккен ардагерлерге мықты денсаулық, бақытты қарттық ғұмыр тіледі. Олардың елге үлгі болар өнегелі жолдарына тоқталды және бүгінгі ауданымызда атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етті.
Осы мерекелік дастархан басында Ж.Жидеханов күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен грек-рим күресінен Әлем чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінен қола жүлдені жеңіп алып, Олимпиада жолдамасын иеленген мақтанышымыз Мейрамбек Айнағұловқа «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағын және аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сонымен бірге, спорт ардагері Аманғали Төлебаев Мейрамбекке ақ жол тілеп, Токио олимпиадасында алтын медальды жеңіп алуға тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді.
Осы басқосуда аудан әкімінің Алғыс хатына ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер Ш.Тақаев, Б.Жақсымбетова, Қ.Қабақбаев, Ж.Бимағанбетовтер, т.б. ие болды.
Келелі жиында аудандық мәслихат хатшысы С.Бигеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Князбаев, еңбек ардагерлері Қ.Қабақбаев, М.Қосымов, Ш.Байсанова, С.Нұрмағанбетов, Қ.Мұздақов, С.Карин сөз сөйлеп, Шалқар өлкесінде атқарылып жатқан оң істерге қуанышты екендерін жасырмады. Сонымен бірге, Қарттар күні мерекесіне орай өздеріне дастархан жайып, құрмет көрсеткен аудан басшысына аудан ардагерлері атынан алғыстарын айтты.
Мерекелік шарада еңбек ардагері Д.Ешмұханов Қазанғаптың «Балжан қыз» күйін орындаса, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Н.Майкөпов «Ақбақай» әнін әуелетті, Зәуреш Көбенова «Немерем» әнін шырқады. Аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері қарттарға арнап шағын концерт берді.
Мерекелік дастархан соңында қарттарға аудан әкімінің атынан сый-сияпаттар тарту етілді. Мерекелік шараны жүргізген қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев осы сый-құрметті ұйымдастырған аудан және қала басшылығына алғысын айтты. Тыл ардагері Қартбай Қабақбаев ардагерлерге жасаған құрметтері үшін аудан басшысы бастаған азаматтарға ақ батасын берді.