БІР СӘТ АБАЙ ӘЛЕМІНЕ БОЙЛАДЫ

Қаламыздағы көркемсурет лицейінде тәрбие жұмысының жоспарына сәйкес, кітапханашы А. Мұрзағалиеваның ұйымдастыруымен жастар жылы аясында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай лицейдің жас мамандары арасында «Өлең —сөздің патшасы» тақырыбында ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқуға арналған кеш өтті. Мақсаты — ұлы ақынның мол мұрасын жастар арасында насихаттай отырып, философиялық ойға толы тәлімдік мәні зор, оқыған жанға ой салатын қара сөздері мен өлеңдерін мәнерлеп оқу арқылы поэзия сырын ұғуға шақыру.
Жыр кешіне тоғыз мұғалім қатысты. Мұғалімдер өздері таңдаған түрлі тақырыптағы ұлы ақынның бір өлеңі мен қара сөзін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Шараны лицей мұғалімдері мен қызметкерлері тамашалап, әріптестерінің орындауындағы ақынның мағынаға толы керемет өлеңдерін тыңдап, әсем жырмен сусындады. Ақынның туындыларынан жасақталған кітап көрмесін тамашалады.
Кеш соңында лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М. Нашанова Абай өлеңдері мен қара сөздерін өте жоғары деңгейде орындап, тыңдаушыларға жеткізе білген жастарға алғысын білдірді. Қатысушы жастар лицей директорының мадақтамаларымен марапатталды.

А.Мұрзағалиева, аудандық көркемсурет лицейі.