Шалқар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 6 қыркүйекте «Чекті талап ет!» акциясының 100 жеңімпазының бірі Айшуақ ауылдық округінің тұрғыны Нұрым Абибуллинді марапаттау рәсімі өтті.
Осы жылдың шілде айының 27 күні оның 1475 теңгеге басылған чегі ұтысқа ие болған болатын. 1 мамыр мен 8 тамыз аралығында еліміздің азаматтары «Чек талап ет, жүлде ұтып ал!» акциясына қатысты. Акция «Қазақтелеком» АҚ-ның фискальдық оператор мәліметтерімен бірге ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен өткізілді. 100 күн бойына акцияға қатысқан жадылы бақылау касса машиналарының чектері ойнатылып, 100 жеңімпазға «Айфон-7» мобильдік телефоны табысталды.
Акцияның мақсаты — азаматтық белсенділікті көтеру, тауарларды сатып алу, қызметтерді пайдалану саласында тұтынушылардың құқығын қорғау, азаматтардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу, көлеңкелі экономика көлемін азайту болып табылады. Акция мерзімінде еліміздің әрбір тұрғынының ақылы қызмет алу және тауарларды сатып алу барысында смартфон иесі болуға мүмкіндігі болды. «Қазақтелеком» АҚ-ның «Таңдау» мобильдік қосымшасының қызметі арқылы чекті тіркеу керек болатын. Шалқар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрсәуле Қоблашева кәсіпкерлермен заңдылықтарды сақтауда қоғамдық бақылау жасауға қатысқаны үшін Н.Абибуллинге алғыс айтып, «Айфон-7» мобильдік телефонын және «Chocomart» интернет-гипермаркетінің 159274 теңгеге сыйлық сертификатын табыстады. Сондай-ақ, марапаттау рәсіміне «Қазақтелеком» АҚ аудандық бөлімінің маманы Нұрлы Шүйіншалин де қатысты.
Шалқар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы.