Ауылдастары пәтер сыйлады

Бозой ауылдық округінде қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылады. Мұндай шараларға ауыл тұрғындарымен қатар сол аумақтағы ірі кәсіпорын ұжымдары да белсене қатысуды үрдіске айналдырған. Сыртта жүрген бозойлықтар да ауылдастарының жағдайын біліп, үнемі хабардар болып отыруды өздеріне парыз санайды. Былтыр облыс орталығында тұратын бозойлық бір азамат ауыр науқастан көз жұмып, артында төрт баласы мен жары қалған еді. Отағасы о дүниелік болғаннан кейін пәтер жалдап жүрген бала-шағаны көрген ауылдастары дереу қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, оларға баспана алып беруді мақсат етті. Бұл қайырымдылық іске ауылдастары жарыса атсалысып, «Қарекет» қорымен бірлесіп, Қандыағаш қаласынан екі бөлмелі пәтер алып берді. Төрт баланың анасы ауылдастарының бұл сыйына дән риза болды.
Осындай қайырымды іс ауыл әкімі Жасұлан Жұбаназаровтың бастамасымен округ орталығында да жалғасып, көпбалалы ана Гүлмира Қарағұловаға пәтер алып беру мақсатында қор құрылды. Оған ауылдың 1982 жылғы азаматтары 100 мың теңге, 1991 жылғылар 50 мың теңге, ауыл азаматы Н.Елеусізов 50 мың теңге, Аманғали ахун атындағы мешіт имамы Ы.Оразымбетов 70 мың теңгеден берсе, мектептің әр жылғы түлектері, жомарт жүректі азаматтар, мекеме ұжымдары да атсалысып, жиналған қомақты қаржыға Бозойдағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінен екі бөлмелі пәтер алып берді.
Жаңа пәтер иелері Бозой ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жұбаназаровтың қолынан үйдің кілтін алып,үлкен қуанышқа кенелді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
«Шалқар».