БАҚША БАБЫН БІЛЕТІН БАҒБАНШЫ

«Адамды адам еткен — еңбек», дейді халық даналығы. Жағдайыңды Тәңір салған тағдырмен емес еңбегіңмен байланыстыр дегенді ұғындырады хакім Абай әфсаналары. Алайда қазір еңбек адамдарын өз дәрежесінде дәріптей алып жүрміз бе? Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кешегі Жолдауында еңбек өнімділігіне тоқталып, халыққа масылдықтан арылуды үндеді.
Осы тұста еңбегін үлгі тұтар адамдар арамызда көп болса, соның бірі Мәжит ақсақал деуге болатын шығар. Сексеннің сеңгіріне шықса да оның қолынан кетпені мен күрегі әлі түскен емес. Адамды әйгілейтін де осы адал еңбегі. Мәжит Жақыповтың тынымсыз тірлігін талай алқалы басқосуларда аймағымыздың, ауданымыздың басшылары көпке үлгі етіп келеді. Өкшебасарларын үнемі еңбекқорлыққа үгіттеп жүретін Мәжит ақсақал саналы ғұмырында бау-бақшаның қыр-сырын меңгеріп, отбасының нәпақасын сол жерден тапты.
—Жеті класты бітіргеннен кейін, 1954 жылы трактор жүргізушісі болып Ақтөбе қаласының маңындағы Әлімбетов совхозында жұмыс істедім. Ол кезде адамның жасына қарамайды, бұғанасы бекісе үлкен шаруаларды арта салады. «Тың көтереміз!» — деген ұранмен сол кеңшарда еңбек ете жүріп трактор жүргізуді әбден машықтандым.
1970 жылы Шалқардағы №3 орта мектеп жанындағы интернатқа трактор жүргізушісі, бағбаншы болып жұмысқа орналастым. Мектепке тиесілі азын-аулақ жері болды, ала жаздай сол жерге көкөніс егіп баптаймын. Кішкентайымнан ата-анамның бақша салғанын көріп өсіп, соны өзімнің еңбек жолыма жараттым. Кейіннен ауданымыздағы кеңшарлардың бау-бақша егу жұмыстарына араласып, отбасымызбен 1982 жылдан бастап бірыңғай көкөніс егуге бет бұрдық. Далалық дейтіндей аудан орталығынан қашық емес, іргедегі Дәрібай көлінің жағасында боламыз. Еңбегімізге қарай 250, 300 центнерге дейін өнім беріп жүрдік. Егетініміз қарбыз, қияр, қызанақ, картоп қой.
Кеңес үкіметінің жыл сайынғы шаруаларға беретін тапсырмалары да құбылып тұратын. Көкөністі адамға емес, малдың жемі үшін еккен кездерімізде болды, — деп сол кездерді еске алады Мәжит ақсақал.
—Тәжірибелі бағбаншының сөзінше, аудан халқын жергілікті өніммен қамтамасыз етуге құнарлы жерлерді табу қиын. Кезінде-ақ түрлі зерттеулердің нәтижесі біздің жерлер егістікке емес мал шаруашылығына арналған деген тұжырым жасаған екен. Кейде Шалқардың жерін өзге егістік жерлермен салыстыратындар болады. Ол — қате пайым. Мәселен, Ақтөбенің топырағымен біздің құнарлылықты салыстыруға келмейді. Тағы бір біздегі күрмеу—судың жетіспеушілігі. Осы кәсіптегі өмірлік тәжірибемде бау-бақшамызды талай кептіріп алған кездеріміз де болды. Алайда жеріміз құнарсыз деп оған қарап қол қусырып отыруға тағы болмайды. Өзіңнің отбасыңды көкөніс өнімдерімен қамтып, артылғанын сататындай етіп талаптансаң, жақсы өнім алуымызға бәріміздің де мүмкіндігіміз бар. Ол үшін алдымен бойыңда ынта мен жігерің болуы қажет, — деп кеңес айтады бағбаншы қарт.
Ардагердің отбасы 1996 жылы Шалқар көлі жанынан көкөніс шаруашылығымен айналысатын «Есенай» шаруа қожалығын құрады. Бүгінде қожалыққа тиесілі 5 гектар жері, күнделікті шаруаларына жарайтын техникаларымен толық қамтылған. Үлкен ұлы Түгелбай отбасымен осы шаруашылық жұмысын жүргізеді.
—Шүкір, «не ексең соны орасың» дегендей, еңбегімізге қарай жылда несібемізді тереміз. Бала-шағадан артылғанын келінім Бақытгүл орталық базарға апарып сатады. Көкөністі егіп одан пайдаға кенелем деу, айтуға оңай, әрине. Бірақ ол қиын екен деп үміт үзуге болмайды. Бау-бақша да адамнан жылулық, мұқияттылық пен мейірімділікті күтеді. Таңмен таласа оянып күні бойы баптасаң, ол да мезгілінде өнімін аямайды. Бұл — нағыз маңдай термен келетін жауапкершілігі орасан тірлік. Мен осыған жарты ғасыр күш-жігерімді жұмсадым, балаларымды да осы кәсіпке баулыдым. Биліктегі азаматтар осы тірліктерімізді көпшілікке үлгі етіп, алқалы орталарда менің есімімді атап, мерейімді асырып жатады, — дейді еңбек ардагері риза кейіппен.
Бағбаншы ақсақалымыздың түрлі басқосуларда атқамінер азаматтардың назарына жиі салатын өтінішінен әлі айныған емес. Ол — Шалқар көлін сақтап қалу, көлдің кенересіне дейін толтыратын Бершүгір тауларындағы бұлақ көздері мен сай-салаларды бітеп алмау. Үлкен кісінің пайымынша, соңғы уақытта Шалқар көлінің ажарының таюы, судың толық келмеуі Бершүгірде тас өндіретін зауыттардың бұлақ көздерін жойып, көктемгі суағар жолдарын бөгеп алуынан туындап отыр екен.
Күрек кетпеннен қолы босамайтын Мәжит ақсақал осы кезге дейін өз еңбегін ешкімге бұлдаған да емес. Біреуге қарап қол қусырғанды ұнатпайтын ол жадына бойыңда қуат бар да еңбек ете бер деген қағиданы әбден қалыптастырған. Ол — отбасында бір әулеттің асқар таудай тірегі. Қосағы Айнаш әже екеуі өмірге бес бала әкеліп, барлығын қатардан қалмай өсіріп, олардан бүгінде 12 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.
Қарттықтың асқар шыңына шыққан ақсақал қазір бақшаға үңілудің өзі де қиындағанын мойындайды. Бірақ жасыл бақты бір шолып шықса барлық қиындықтар ұмытылып кететіндей көрінеді тұрады оған…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
«Шалқар».