БАҒЫТЫМЫЗДЫ АЙҚЫНДАП БЕРДІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы болады деген жақсы жаңалықты естісімен, сол сәтті асыға күтушілердің бірі мен болдым. Жолдау дәстүрлі болса да халық одан үлкен үміт күтіп, ел игілігі үшін жасалар жақсы қадамдарды көргісі келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған күннен бастап ел жұртшылығына жақсы бастамалардың жаршысы ретінде танылып келеді. Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын жалғастырып, елінің мүддесі жолында бар күш-жігерін аямай жұмсап, еңбек ететіндігін айтқан болатын. Оның ізгі бастамаларын осы Жолдауда жарияланған мақсат-міндеттерден де көруге болады. Атап айтсақ, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлін күшейтуді жүйелі түрде қолға алу керектігін нақтылап көрсетті.
Сондай-ақ, еңбек өнімділігін арттырып, елдегі әлеуметтік ахуалды реттеуге бірқатар тың тапсырмаларды Үкіметке жүктеді. Кейбір өзекті мәселелерді халық таразысына салмай кетуге болмайтындығын жеткізді. Мәселен, жергілікті жердегі әкімдер жұмысына халықтың баға беру мүмкіндігін енгізу де көпке ой салады. Билік халықпен санаса отырып, жұмыс істесе одан елдігімізге сызат түспесі белгілі. Ұлттық қорды тиімді пайдалану да дер уақытында айтылды деп білемін. Ұлттық қор қаржысы —ұрпақ аманаты. Біз оған қиянат жасамай, жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Әрбір азаматтың зейнетақы қорындағы қаржысына енетін жаңаша өзгерістер де көптің көңіліне қонары сөзсіз. Саналы ғұмырында еңбек етіп, ақысының бір бөлшегін зейнетақы қорына жиған адамның сол жинақтан тиімді мақсатқа белгіленген бір мөлшерін алуға мүмкіндіктер беру қажеттігін туғызу құптарлық іс деп білемін. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, халықтың тұрмыс деңгейі де әртүрлі. Президентіміздің бұл тұстағы айтары, сайып келгенде, қарапайым халықтың ахуалына алаңдаушылықтан туындап отыр деуге болады.
Еліміздің алтын кіндігі — ауыл ахуалы да бұл жолы назардан тыс қалмады. «Ауыл— ел бесігі» оңтайландыру жобасына алда 90 млрд. теңге бөлінетін болды. Бұл үлкен қаржы, ауқымды қолдау. Осыны өз деңгейінде жұмсалуын қадағалауды да өз пәрменіне алатындығын Президент қадап айтты.
Қалай десек те, осының барлығы Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы үшін жасалатын шаралардың бірегей жобасы деп ұғынуымыз керек.
«Бағытымыз—айқын, жолымыз — ашық»,— деп Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда айтқандай, сол даңғыл жолдан ауытқымай жүру баршамызға абырой. Бірлігімізді бекемдеп, еңбек айдынында жүзсек, Тәуелсіздігіміздің де тұғыры нық болары сөзсіз.

Аманкелді Қалыбаев,
Шалқар қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, еңбек ардагері.