Балалардың отпен ойнауының арты қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады. Мұндай жағдайлардың орын алуы көбінесе балалардың ата-ананың немесе ересек адамдардың қарауынсыз қалуынан болады. От—тілсіз жау. Отты пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды. Отты абайсыз қолданудан және балалардың отпен ойнауынан тұрғын үйлерде немесе тұрғын үй ауласында орналасқан шаруашылық нысандарында өрт фактілері көптеп орын алып жатады. Мәселен, 2019 жылдың басынан бері аудан төңірегінде 11 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 5 өрт оқиғасы балалардың отпен ойнауынан пайда болған өрттер екені анықталды. Осы жағдайлардың бірден-бір себебі тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан екенін білеміз. Осындай абайсыздықтардан тұрғындар көптеген материалдық шығындарға тап болып жатады. Балалардың отпен ойнауының себебі, олардың ересек адамның қарауынсыз қалуынан немесе бос уақытының көп болуынан екендігін білеміз. Сондықтан әрбір ата-ана баласының бос уақытын тиімді пайдалануға және тәрбиелік мәні зор іспен айналысуға жетелеуі керек.
Өртті болдырмау үшін:
-қосулы тұрған электрлік жылытқыш құралдарын қараусыз қалдырмау;
-көп қуатты бірнеше электр құралдарын бір мезгілде қоспау;
-қорғаныс қабаты зақымдалған электр сымдарын пайдаланбау;
-қолдан жасалған сақтандырғыштарды қолданбау;
-балаларды отпен ойнатпау;
-балаларды қараусыз қалдырмау;
-пешті тұтату үшін жанғыш сұйықтықтарды қолданбау;
Өрт болған жағдайда:
-тез арада өртке қарсы қызметі «101» телефонына хабарлаңыз;
-жанып жатқан орын жайдан адамдарды көшіріңіз;
-өртті қолда бар құралдармен (өрт сөндіргіш, су, құм, қалың көрпе) сөндіре бастаңыз;
-жанып жатқан орынжайды ауа кірмейтіндей етіп жабыңыз (қажетсіз терезелер мен есіктерді ашпаңыз).
Еркін Тұрғамбаев, ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты.