ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНДЕ

Құрбан айт мерекесі ауданымызда биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ертеңгілік мешіттерде Айт намазы оқылып, құрбандықтар шалынып, мұқтаж отбасыларға таратылды.
Алдын ала хабарланғандай, қала тұрғындары ертемен «Факел» стадионы жанында тігілген киіз үйлерге барып, ұлық мерекенің сән-салтанатына куә болды.
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев жиылған қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мерекенің күллі мұсылман жұртшылығы үшін алар маңыздылығына тоқталды. Елде жасалып жатқан игі істерді баяндап, аудан халқын бірлікті бекемдеп, еңбектеріне сәттіліктер тіледі. Аудандық Мәтей Қоқанұлы атындағы мешітінің бас имамы Бақытбек Тойчибаев Құрбан айт мерекесі хақында мәнді мағлұматтар беріп, құрбандық шалудың тәртіптері, оның қажеттілігі жайында әңгіме өрбітті. Осы шара басталғанға дейін қала көшелерінде бір автобус пен бірнеше таксилер тегін жүріп, тұрғындарға қызмет етті.
Салтанатты шараның орта тұсында ұлттық спорттық ойындардан бәсекелестік қызып, сайыскерлеріміз додалы тартыстарда бақтарын сынады. Алаңқайда қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, оның арқа тұсында қонақтарға арналып асылған қазан-ошақтардың басындағы тынымсыз тірліктің өзі — қонақжайлығымыздың бірегей көрінісін көрсетіп тұрды. Бәрінен бұрын бұл мереке кішкентай бүлдіршіндерге де үлкен әсер қалдырды. Сол маңға жиналған балалардың барлығы тегін таратылған балмұздақтарға қол жеткізіп, мәз-мәйрам болды.
Ұлттық ойындарымыздың сапында: арқан тарту, гір тасын көтеру, қошқар көтеру, палуандар күресі, білек күші, ләңгі тебуден жастарымыз сынға түсіп, оза шапқандары арнайы сыйлықтарға ие болды.

ТҰРҒЫНДАР ЛЕБІЗІ

Әріпжан қажы ЫСМАҒҰЛ:
—Айт күндерінің мұсылмандар түсінігінде имандылық тәрбиесі мол. Бұл күндері бір бірімізге жақсылық жасаудың үлгісін көрсетіп, ақ пейілімізді арнауымыз қажет-ақ. Жылда осы мереке қаламызда жоғары деңгейде аталып өтіп жүр. Ал биылғысы тіптен өзгеше болды. Себебі, жоспарланған әрбір шаралар көпшіліктің көңілінен шықты. Имандылық, ізгілік туралы жақсы әңгімелер айтылды. Үлкен мен жастар бір ортада жүздесіп, мерекенің мән маңызына терең бойлады.
Мен осы шараны ұйымдастырушы барша азаматтарға алғысымды айтамын.

Әлішер НАҒАШЫБАЕВ, белсенді жас:
— Құрбан айт мерекесіне арналған салтанатты шаралардың барлығы менің де көңілімнен шықты. Ең бастысы — мерекелік шара халықтың тамашалауына қолайлы жерде өткізілгендігінде. Бұл жерге үлкен де, жас та ертемен жиналды. Бақсақ, солардың дені ұлттық спорт түрлерінен өтетін сайыстарды тамашалауға асығып жүр. Қазақы салт-дәстүрімізге қабысқан осындай мағынасы терең шараларды жиі ұйымдастырып, оған жастарды көптеп тарту керек. Алда да тәрбиесі мол, тағылымы терең шаралардың жалғасы бола беретініне мен сенімдімін.