МЕРЕКЕ ИЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде 23 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан Полициясы күні мерекелеріне арналған салтанатты шара өтті. Рәсімде аудан әкімі Бауыржан Қаниев қос кәсіби төл мереке иелерін құттықтады.

— Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік қызметші — халыққа қызмет ететін, мемлекет тарапынан берілетін барлық игілікті істерді ұйымдастыратын жандар. Егеменді еліміздің қарқынды дамуы сіздерге тікелей байланысты.
Ауданымызда бүгінде 200-ге жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Бұл елу мыңға жуық тұрғыны бар аудан үшін қызмет көрсету мемлекеттік қызметкерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сіздердің еңбектеріңіз әрқашан мемлекет тарапынан елеусіз қалған емес.
Баршаңызға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке маусым айынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру жөнінде тапсырма берді. Әрине, бұл — мемлекеттік қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға жасалған зор мүмкіндік.
Мемлекеттік қызметкерлер күнімен қатар келген полиция қызметкерлерін де төл мерекелерімен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдары құрылған қазақстандық полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолындағы міндетін мінсіз атқарып келеді. Оған әр уақытта білікті мамандары, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, тұрақтылықты нығайтудағы еселі еңбегімен ерекшеленген аудандық полиция бөлімі ұжымының да қосқан үлесі зор.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартып, материалдық-техникалық базаны нығайту жолында көп істер атқарылуда.
Ауданда 2018 жылдың 5 айында 86 қылмыс тіркелсе, үстіміздегі жылдың 5 айында 69 қылмыс тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс азайған. Бірқатар қылмыстық істер ашылып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға байланысты жұмыстар жүйелі жүзеге асырылуда, — деді аудан басшысы. Аудан әкімі Б.Қаниев ел игілігі жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ мемлекеттік қызметкерлерді, тәртіп сақшыларын және партия ардагерлері мен мүшелерін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің және өз атынан сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің бастығы Есбол Ешмұханов тәртіп сақшыларын мерекелерімен құттықтап, ішкі істер саласының бір топ ардагерлерін облыстық полиция департаменті бастығының кеңесшісі, аталған департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталиннің Алғыс хаттарымен марапаттады. Еңбек ардагерлері Елубай Төлепберген мен Айтуған Маханбетов те мереке иелерін құттықтап, олардың мәртебелі қызметке лайықты абыройлы еңбек ете берулеріне тілектестіктерін білдірді.

Пәтер кілтін табыстау сәті

Мерекелік шарада жеке кәсіпкер Бибігүл Боранқұлова өз отбасының атынан қала тұрғыны, жалғыз басты ана Мөлдір Жаналиноваға Газшылар қалашығынан 3 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Өз кезегінде М.Жаналинованың қызы, №2 мектеп-гимназиясының биылғы түлегі, «Үздік аттестат» иегері Аружан Қазтаева ерекше үлкен тосын сый жасап, қуанышқа кенелткен қайырымды, жомарт жан Б.Боранқұловаға шексіз алғысын білдірді.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Өз тілшімізден.