АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕР ҰШҚАН ҰЯЛАРЫНДА БАС ҚОСТЫ

№6 орта мектебінде «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты жиын өтті. Шара барысында осы білім ордасының үздіктері, білім, өнер, спорт салаларында оза шапқан дарынды оқушылары және 1988-1989 оқу жылында мектеп бітірген алғашқы түлектері сынып жетекшілерімен құрметпен ортаға шақырылды.

Мектеп директоры Әлия Оспанова 2018-2019 оқу жылында 30 жылдық мерейтойын атап өткен білім ұясының оқу-тәрбие процесінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктері жөнінде қысқаша шолу жасады. Оның айтуынша, биыл 35 түлек бітіреді, оның 2-уі — «Алтын белгіге», 2-уі — «Үздік аттестатқа» үміткер. Сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары, мектеп түлегі Жанболат Жидеханов, ауданның білім бөлімінің бас маманы Лаура Мұрсалова ұжымды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге алдағы ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп, қалаған мамандық иесі атануларына тілектестіктерін білдірді. Ж.Жидеханов мектеп мүғалімдері Гүлшат Қыраубаева мен Нұрғайша Исмағанбетованы облыстық білім басқармасы басшысының Құрмет грамоталары, Л.Мұрсалова бірқатар мұғалімдерді ауданның білім бөлімі басшысының Алғыс хаттары, В.Цеханович атындағы №1 спорт мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Дәулет Дәрібаев жыл бойы спорт мектебінің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқан бір топ оқушыларды аталған мектеп директорының Алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар биылғы мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары да білім ошағына алғыстарын айтып, сый-сияпаттарын табыстады. 1-сынып оқушылары тілектерін өлең шумақтарымен жеткізсе, 11-сынып оқушылары да ұстаздарына деген жылы лебіздерін білдірді.

Ардагер-ұстаздар Бағжан Жоламанов, Әкімжан Исбусинов, Гүлсім Үркімбаева, мектеп мұғалімі Айгүл Төлегенова да түлектерді құттықтап, сәттілік тіледі. Мектеп директоры Әлия Оспанова 7 «б» сыныбын «Үздік сынып-2019» атағымен марапаттады. Соңғы қоңырау соғылып, мектеп бітіруші түлектер «Мектеп вальсін» биледі.

Салтанатты шарада 1988-1989 оқу жылында осы білім ордасын (бұрынғы №41 қазақ орта мектебі) тәмамдаған алғашқы түлектері атынан сөз алған Күнсәуле Шәңгірбаева, Жайдар Құрманов білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыстарын білдірді және өмірден өткен мұғалімдерін еске алды. Сонымен қатар 1989 жылғы түлектер атынан мектепке түрлі-түсті, үлкен экранды плазмалық теледидар, мультимедиялық проектор, спорттық құрал-жабдықтар және өлең шумақтары жазылған Арнау мен Құттықтауларын табыстады.

Соңғы қоңырау салтанатынан кейін түлектер мектеп ауласында ағаштар екті. Сыныптарда тәрбие сағаты мен өзін-өзі тану сабағы өтіп, ардагер-ұстаздар, түлектер, мұғалімдер мен ата-аналар мектептің акт залында бас қосты. Шарада алғашқы түлектер биыл үлкен өмір жолына қадам басқалы отырған түлектерге ақыл-кеңестерін айтып, сәттілік тіледі, мектеп қабырғасындағы қызықты сәттерін еске алды. Экраннан олардың марқұм болған сыныптастары туралы бейнесюжет көрсетілді. Олармен бірігіп мұғалімдер сабақ барысы туралы қызықты көріністер қойды.

Ардагер-ұстаздар Әкімжан Исбусинов, Бағжан Жоламанов, Ақжарқын Ахметова, Кенжебике Ахметова, Сәния Қойшыбаева, Гүлсім Үркімбаева, марқұм ардагер-ұстаз Әбдіжәми Жаниязовтың зайыбы Тілеутай Қанатбай, т.б. білім ордасында еңбек еткен жылдарындағы  қызықты сәттерін еске алды. Өз кезегінде 30 жылдық түлектер ұстаздарына сый-сияпаттарын тарту етті.

— Мен де мектептің алғашқы түлегімін. Ол кезде №41 қазақ орта мектебі болатын. Бүгінгі  кездесуге келіп, ұстаздарым, сыныптастарыммен жүздескеніме қуаныштымын. Мектепті 4 класс болып бітірдік. Мен 11 «б» класынан тәмамдадым. Осы орайда Райса Ідірісова, Мәжит Магдеев, Әбдіжәми Жаниязов, Мұрай Оралбаев, Мәулен Құрманов, Күлпан Құрманова, Ақерке Жоламанова, Серғазы Сауханов сынды ұстаздарымыздың есімдерін ерекше атап өткім келеді. Осындай ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алғанымды мақтан тұтамын, — дейді мектеп түлегі Жайдар Құрманов.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ.