БАЙҚАДАМДА БЕЙБІТШІЛІК АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні Есет Көтібарұлы ауылдық округінің орталығы Байқадам ауылында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігіне орай жариялаған «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында осы ауылдың төл перзенті, жанашыр азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Бердібек Шәкірбекұлының демеушілігімен тұрғызылған Бейбітшілік алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған жан-жақтан келген қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шара барысында аудан әкімі Бауыржан Қаниев сөз сөйлеп, жиналған қауымды Жеңіс күні және қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келген Бейбітшілік алаңының ашылуымен құттықтап, осы игілікті істі қолға алып, жүзеге асырған ауыл жанашыры Бердібек Шәкірбекұлына алғыс айтып, оның аудан, ауыл халқының игілігі үшін жасаған жүйелі жұмыстарын ерекше атап өтті. Оның кәсіпкерлік саласындағы еңбегіне табыс тіледі.

Еңбек ардагерлері Жеткерген Елемес, Жәрдемберген Піралин де берекелі Байқадам ауылында бой көтерген Бейбітшілік алаңының өскелең жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызы зор екенін, ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын айтып, Бердібек Шәкірбекұлының бұл игілікті ісі жастарға үлгі-өнеге екенін тілге тиек етті. Жиналған қауым марқұм болған Ұлы Отан соғысының ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Әруақтар рухына Құран бағышталды.

Рәсімде аудан әкімі Бауыржан Қаниев бастаған азаматтар Ерліктің даңқы мәңгілік! атты стеласына, Қорғантұз орта мектебінің 11-сынып оқушылары Анаға тағзым монументіне гүл дестелерін қойды. Бердібек Шәкірбекұлының айтуынша, Бейбітшілік алаңында орнатылған Ерліктің даңқы мәңгілік! атты стеласының биіктігі — 12 метр, Анаға тағзым монументінің биіктігі — 6 метр. 

Ашылу рәсімінен кейін аталған шара аясында Байқадам ауылдық Мәдениет үйінде мерекелік концерт ұйымдастырылып, ауыл сыртында 24 шақырымды құрайтын Аламан бәйге болып, қорытындысында І орынды Жылтыр ауылынан келген Ернұр Жұмабайдың аты иеленіп, 500 мың теңгені қанжығасына байлады. ІІ орынды Мөңке би ауылынан келген Ернұр Серікқалиевтің аты иеленіп, 300 мың теңге, ІІІ орынды Шалқар қаласынан келген Нұрлан Сағынаевтың аты иеленіп, 200 мың теңге, ІV орынды Шалқар қаласының Алтыншы ауыл қалашығынан келген Байболат Нұрмұхановтың аты иеленіп, 80 мың теңге, V орынды Мырзағұл Шыманұлы ауылынан келген Арал Жанамановтың аты иеленіп, 80 мың теңге қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Сонымен қатар, келген қонақтарға тігілген ағаш үйлерде қонақасы және кешкілік ауызашар берілді.

— Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып тұрғызылған стела қабырғасында бұрынғы «Сарыбұлақ» кеңшарынан (Сарыбұлақ, Алақозы, 8 март, Аяққұм елді мекендері) шыққан жүзге жуық Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері жазылды. Алда осы жерден демалыс саябағын жасауды жоспарлап отырмыз.

Бейбітшілік алаңының, онда орнатылған стела мен монументтің бой көтеруіне демеушілік жасаған ауылымыздың жанашыр азаматы Бердібек Шәкірбекұлына ауыл халқының атынан айтар алғысымыз шексіз, — дейді Есет Көтібарұлы ауылдық округінің әкімі Мирамғали Кенжалин.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ