АЯҚҚҰМНЫҢ АЙТАРЫ БАР АҚСАҚАЛЫ

 Әр ауылда сол мекеннің ахуалын жетік білетін, ортақ мәселе туындаса тиісті жерге байыппен жеткізе алатын, сөзі өтімді, кісілік келбеті қалыптасқан ардагерлері болады. Ауылға табан тіреген мейман да алдымен сондай үлгісі мол, өткені мен бүгінін бағамдаған үлкендерін сұрастырып, үйіне соғып, сәлем бере кетуді өзіне парыз санайды.

Дәл осындай ізгілік нышаны Аяққұм ауылындағы  Аманжол Аязбаев ақсақалдың шаңырағында жиі байқалады. Оны ауылдастары да әрдайым қадірлейді, кәсіби машықпен ауыл тарихын сұрай қалсаңыз: «Аманжол ақсақалдан асырып айта алмаспыз» деп, осы кісімен тілдесуді жөн санап жатады.

Зейнет жасында болса да ағамыз ел ертеңіне бей-жай қарамайды, жатса-тұрса ауыл іргесінің бүтіндігін тілейді. Оның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыс салған ауыртпалық кезеңімен тұспа-тұс келді. Соғыстан кейінгі ауыр  жылдарда өзі құралыптас, тағдырлас  балалармен бірге еңбекке ерте араласып, ата-анасына жастайынан қолқанат болды.

— Біз бала болып ойнап жарытпадық. Егде жастағылар енді не тапсырады екен деп, соларға алаңдап, міндеттеген шаруасын ыждағаттылықпен тындырып тастауға тырысатынбыз. «Әй, бәрекелді, жарайсың!» деген үлкендердің бір ауыз жылы сөзіне біздің төбеміз көкке жетуші еді. Соғыстан кейінгі жылдары Шалқар аумағындағы Жаңатұрмыс ауылдық советіне қарасты «Жиделі», «Есентай» колхоздары бірігіп, 1950 жылы Жданов ұжымшары құрылды. Сол уақытта бұл ұжымшарды кезегімен Құрманәлі Әкімов, Кенжалы Мәмбеталин, Жанша Тәжин, Ибрагим Жолжанов есімді азаматтар басқарды. «Жданов» атындағы ұжымшар тары, бидай екті, біз секілді балалар оны ору жұмысына жұмылатынбыз. Орылған өнімді аудан орталығы — Шалқарға алып келіп тапсырамыз. Кеңшарлар  құрылған 1964 жылға дейін еңбекақыға тары, бидай, мал берілді, — деп, балалық шағын есіне алды Аманжол аға.

Бұғанасы бекімеген балдаурен кезінен арқалаған жауапкершілік жүгі оны ерте есейтеді. Еңбек жолын 15 жасында  ұжымшарда жұмысшы  болып  бастаған  ол, 17 жасында  Қызылорда облысына қарасты Құланды ауылының тумасы  Толғанай есімді қызды өмірлік серігі етіп таңдайды.  Сөйтіп жас отбасы 1961 жылы комсомолдық жолдамамен Кеңес Үкіметінің екінші тыңы  атанған  қой шаруашылығын  дамытуға үлес  қоспақ  ниетімен шопан атанады. Бұл бір жағынан әкесі Аязбайдың шопан таяғын ұлына ұстатқан аманаты да еді. Содан бала Аманжол «Жданов»  атындағы  ұжымшарда және  «Сарыбұлақ» кеңшарында аға шопан болып бақандай 10 жыл еңбек етіп, 1971 жылдан 1989 жылға  дейін  аға  түйеші  болып, Ойсылқара төлін көбейту шаруашылығын қолға алады. Ата-кәсіптен қол үзбей жүріп, Темір ауданындағы ауыл шаруашылық  техникумында сырттай оқып алған соң,  ферма  коменданты, құрылыс  бригадирі, есепші және 1999-2013 жылдары  аралығында мал дәрігері  болып  қызметтер атқарды. 1998 жылы Бозой ауылдық округіне қарасты «Алымбет» шаруа  қожалығын құрып, төрт түлікті тең өрістетіп, бүгінде шаруашылық   тізгінін шаңырақтағы ұлы Ғалымжанына  табыстады.

Аяққұм негізінен мал шаруашылығына жайлы жер. Қысы жылы, өрісі де кең. Кешегі кезде 100 қаралы үйі болды. Тұрақты электр жарығы болмаса да барлық әлеуметтік нысандары қызмет істеген. 1991 жылы осы жерден екі қабатты 192 орындық мектеп ғимараты салынды. Өйткені сол кезде шалғайдағы Аяққұмның келешегінен күтілген үміт зор еді. «Сарыбұлақ» кеңшарының екінші фермасы атанған Аяққұм штаб орталығы болып, кеңшар дәрежесіне теңелгені  бар.

Мұның сырын Аманжол ақсақал бізге былайша түсіндіреді.

— 1963 жылға дейін біздің ауыл мал қыстатудың штаб орталығы болды. Аудандағы 11 колхоз қысқа қарай малдарын осында айдап келіп, қыстататын. Себебі, Аяққұм қысы жылы, мал  аяғымен жайылып шығатын шұрайлы жер. «Аяқ-құм. Штаб. Отгон» деп аталған штаб басшылығында Әбдіғали Айдаров деген кісі жұмыс істеді. Шалқар ауданындағы 11 ұжымшардың малын санап кіргізіп, көктемде санап шығаратын жауапкершілігі мықты адам еді.

Одан беріде Шалқар ауданында сегіз кеңшар болса, Аяққұмды тоғызыншысы етіп санады, оның себебі былай еді. 1964 жылдан бастап 1989 жылға дейін «Сарыбұлақ» кеңшарының №2 фермасын, яғни Аяққұм өңірін менің туған ағам Қалдау Әділханов басқарды. Ол да өте іскер жан еді. Бірде ауданға қарасты Шілікті ауылында Социалистік Еңбек Ері Нағым Қобыландиннің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы семинары өтіп, оған аудандық партия комитетінің төрағасы Ахметжан Төребаев қатысады. Түскі қонақасыда совхоз директорларымен бірге отырған ауданның бірінші хатшысы Ахметжан Төребаев жанына ферма меңгерушісі Қалдау ағамды шақырыпты. Бірінші хатшы сөз кезегінде: «менің 8 кеңшарым болса, 9 директорым бар», деп Қалдау Әділхановты директорлардың қатарына отырғызған екен. Оның себебі, Қалдекең басқарып отырған №2 ферманың малы аудандағы кей кеңшарлардың мал санымен тең, тіпті біразынан басы артық болған. Сол тұстарда Аяққұм жерінде 22 мың қой, 2 келе түйе, 1 мың жылқы малы тіркелген. Аяққұмның тоғызыншы кеңшарға балануының жөні осы, — дейді ардагер.

Борсық құмының аяғында орналасқан Аяққұмның өрісі қазірде де төрт түлікке толы. Қысы жайлы аумақта жыл санап мал басы өсіп келеді. Кезіндегі 100 қаралы үйден бүгінде 24 түтін қалды демесеңіз, құм ортасындағы мекенде тірлік қамын қыздыруға мүмкіндік жоқ емес. Электр жарығы, ауыз суы бар, ұялы байланыс жүйесі сапалы қызмет көрсетіп тұр. Алайда тұрғылықты жастар саны аз, ауылдың рухани кіндігі саналған Аяққұм негізгі мектебінде бала саны да жыл санап азайып барады. 

— Бізді ойландыратыны осы мектебіміздің болашағы. Біз үшін рухани темірқазығымыз саналатын жалғыз мектебіміз жабылса, қатарымыз тағы да сиреп қала ма деп алаңдаймыз, — дейді ақсақал. 

Қандай да мекеннің іргесінің сөгілмеуі жанашыр ауыл азаматтарына да байланысты. Оның ішінде сөзі уәлі қарттарымыздың жөні бір бөлек. Аманжол ақсақал туған ауылының тұрақтылығы үшін көп тер төккен жан. Кеңес үкіметі кезінде осы Аяққұмға электр жарығын әкелу бастамасы көтеріліп, бағаналары орнатылып, бірақ аяқсыз қалған еді. Үміт берген сымсыз бағаналар ондаған жылдар бойы тұрғындардың тағатын әбден тауысты.  Аманжол ақсақал елге ортақ осы мәселемен аяғы жететін жерге барды, жазатын жерге жазды. Облыстық «Ақтөбе» газетіне 2000 жылдардың басында «Сымсыз бағаналар» деген тақырыпта мақала жариялап, жарықсыз отырған ауылдың тұрақтылығын сақтаудың жәй-жапсарын жіліктеп баяндады. Осындай үзіліссіз талап-тілектердің арқасында 2007 жылы Аяққұмға электр жарығы беріліп, бұндағы ағайынның төбесі көкке жеткен еді. Одан бергі кезеңдерде де осы ауылға ортақ мәселелер ретімен шешімін тауып отырды. Осылардың барлығында да елдік мәселелерді ғана айтатын Аманжол ағамыздың  тікелей үлесі  болды.

Тынымсыз еңбектің елеуі де болары заңдылық. Шалғай ауылда жүріп-ақ, Аманжол ағамыздың кеудесіне марапаттар шоғырлы жұлдыздардай  жымдасыпты. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 20 жыл» мерекелік медалі, Бүкілдүниежүзілік ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Алтын медалі, «Облыстың таңдаулы  шопаны», «Облыстың таңдаулы  түйешісі», «Шалқар ауданының  Жыл адамы — 2005» , т.б. атақтары ардагер омырауында айрықша жарқырайды.

Селолық, аудандық кеңестерге  бірнеше рет, облыстық  кеңеске 2 рет депутат болып сайланған қадірлі ақсақал қосағы Толғанай әже екеуі 7 бала тәрбиелеп  өсіріп, барлығының жоғары  білім алуына жағдай жасаған. Өмірі өнегеге толы жандардың тәрбиесін көріп өскен ұл, қыздары да ата-аналарын ешқашан жерге қаратпай, бір-бір үлгілі отбасының ұйытқысына айналды. Немере-шөберелерінің алды қазір өз ісінің  маманы атанып, еліміздің әр тарабында жауапты қызметтер атқарып жүр.

 Арналы өзеннің ағысы бір қалыпты бола бере ме?! Ардагер-аға да өмір өзенінің баяу ағысымен қатар асау екпінін де бір адамдай көрді… Мына өмірден ертерек өткен ұлдары Сенбайы мен Меңдібайын, Тазагүлдей ибалы келінін, 56 жыл ғұмыр жарастырған қосағы Толғанайын жұма сайын Құран-дұғасына қосып, ұрпақ амандығын тілеп отыруды өзінің асыл борышына санайды.

Кіндік қаны тамған Аяққұмынан бір сәт алыстамай,  бүгінде мерейлі сексен жасына сергек жетіп отырған Аманжол  ақсақал жайлы айтылар сөзіміздің бір парасы міне, осындай…

Мұхтар МЫРЗАЛИН.