ҚЫМЫЗ САУДАСЫН ҚЫЗДЫРҒАНДАР

Суретте: Арсен Жұмағалиев.

Бие сауып, қымыз дайындау жастардың да қолынан келеді. Қаратоғайлық ағайынды Қайрат пен Арсеннің қолға алған кәсібі соған дәлел. Олар ауылынан 4 шақырым қашықтықтағы Құмсай құдығы деп аталатын жерде ала жаздай бие ұстап, қымыз саудасын қыздырып отыр. Үлкені Қайрат отыздан, ал інісі Арсен жиырма жастан енді асты.

Қайрат Болатбекұлының арнаулы орта білімі бар, мамандығы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ауылындағы Қаратоғай орта мектебінде мұғалім болып, екі жарым жылдай жұмыс та істеді. Алайда жастайынан ат жалын тартып, кең жайлау дархан далада еркін өскен ауыл баласы төрт түліктен ешқашан қол үзгісі келмеді.

— Атам Жиенғазы кезінде кеңшар түйесін бағып, шұбат өндірумен айналысқан екен. Ал әкеміз жылқы бақты, менің оған еріп, үйір жылқыны өрістен қайтарысқан кездерім есімде. Кішкентайымыздан ағарғанмен сусындап өскендіктен, оның қуаттылығын барша адамдар біле ме екен деген ой мені есейген сайын жиі мазалайтын болды. Қазір қоспасы көп сусындар түрі көбейгенімен, олар ұлттық сусынымыз — шұбат пен қымыздың орнын ешқашан баса алмайды. Менің қымыз дайындау ісін қолға алуыма ұлттық сусынымызды дәріптесек деген ұстанымым себепші болды.

2018 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқып, кәсібімді ашуға 3 миллион теңге несие алдым. Оған 8 бас бие сатып алып, қолға үйретіп, уақытымен сауып қымызды әзірлеп, сата бастадым. Бірте-бірте біздің әзірлеген өнімімізге сұраныс көбейе бастады. Қымыздың басым бөлігі аудан орталығы — Шалқар қаласына жеткізіледі. Жаз айларында алдын ала той-садақаларға тапсырыс беріп қоюшылардың қатары көп. Кешегі пандемия кезінде саумалға сұраныс берушілердің қатары өте жоғары болды. Біз қанша литр қымыз дайындасақ, соншасын да сатып аламыз деушілер көбейді. Сол кездерде күнделікті тұтынушыларымызды айналып өтпей, барлығына 1 литрден ғана тең үлестірген кездеріміз болды.

Қымыз дайындау тәсіліміз де қарапайым. Күбіні аса ұқыптылықпен жуып-тазартып, қойдың құйрық майымен майлап, киікоты шөбінің ысымен ыстап аламыз. Ысталған күбіге қымызды пісеміз. Киікоты шөбі Шетырғыз ауылдық округі аумағындағы сай-жылғаларда өседі, — дейді Қайрат Жұмағалиев.

Інісі Арсен өткен маусым айында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіпті. Ағайынды екеудің желіге құлын байлап, бие сауып жүрген адал істеріне ауылдастары дән риза. Қымызды бабымен ашытуға оларға ата-анасы көмектеседі.

Үстіміздегі жылы аграрлық несие корпорациясының «Жас ұрпақ» бағдарламасы бойынша олар кәсіптерін кеңейту үшін 5 миллион теңге несие алып, сауын биелерінің санын арттырған.

— Келіншегімнің есімі Несібелі, төрт баламыз бар, әке-шешеміздің қолында тұрамыз. Жайлауда бие сауып отыру інім екеуіміздің мойнымыздағы жұмыс. Ал қымыз әзірлеу ісіне отбасы мүшелерінің барлығы көмектеседі. Алға қойған жоспарларым көп, соның бірі — шаруашылығымды кеңейтіп, қымыз өндірісін дамыту, — дейді Қайрат.

Жергілікті қымыз сатушыларға да Қайрат Жұмағалиевтің есімі жақсы таныс. Ол 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен облыстық «Қымызмұрындық» сайысында бірінші орынды жеңіп алып, аудан мерейін үстем етті. Аудан орталығында өткен сайыстарда ол үнемі алғашқы орыннан көрініп жүр. Маңдай терімен желдің өтінде бие байлап, халыққа қымыз ұсынған талапты жігіттерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

М.МЫРЗАЛИН.