Ауылдық округ тұрғындарын жұмыспен қамтуды ұлғайту және еңбек табысын арттыруды көздеген және кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» атты жобаның облысымызда іске қосылғаны белгілі. Бұл — Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған бастама. Аталған жоба 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады, оны жүзеге асыру үшін бюджеттен несиелер бөлу көзделген.
— Бұл бағдарламаның игілігін пайдаланушылардың қатары көбейіп келеді. Осы бағдарлама бойынша жеке қосалқы шаруашылықтар 8 625 000, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері 27 600 000 теңгеге дейін несие алуға мүмкіншіліктері бар. Жылдық сыйақы мөлшері 2,5 пайызды құрайды және 5 жыл мерзімге беріледі. Бір жыл несие демалысы қарастырылған. Бұл бағдарлама бойынша құс, өсімдік, дәстүрлі емес шаруашылық және қайта өңдеу бағытындағы шағын бизнес ашуға болады.«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауданнан 12 ауылдық округ және қаладан, барлығы 1491,2 миллион теңгені құрайтын 399 жоба қатысады деп жоспарланып отыр, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Марғұлан Досжанов.
Осы «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көре бастаған жандардың бірі — Шалқар ауылдық округіне қарасты Жылтыр ауылының тұрғыны, ішкі істер саласының ардагері Бауыржан Иманқұлұлы Қарпық. Ол осы тиімді жобаны біліп, танысқаннан кейін құс шаруашылығын қолға алуға бет бұрды. Ауылдағы тұрғын үйін бағалатып, оны кепілдікке қойып, нәтижесінде 4 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, бірден іске кірісті.
— Аудан әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасарының, бөлім басшысының көмек, бағыт-бағдарымен осы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат алып, Алға ауданындағы «Макаревич» жеке кәсіпкерлігімен тек жұмыртқа беретін 600 тауық, жем, басқа да керекті заттарын алатын болып, келісім-шартқа отырып, оларды тасып, жеткізіп жатырмын. Жылтыр ауылының шетінен құс қорасын дайындап, енді оны кеңейтуді қолға алмақпын. Бүгінгі күні жұмыртқаға сұраныс көп, бір данасын 65-70 теңгенің шамасында сатып жатырмын, — дейді кәсіпкер.
Бауыржан Қарпық өзі келісім-шартқа отырған алғалық азаматша Евгения Макареевадан тауық бағып-өсіру, баптау жайында сабақ алып, құс шаруашылығының қыр-сырын үйреніп жатқанын айтады. Бұл кәсіпкер жұмыртқаларды Ресейден алдырып, балапандарды өзі инкубатордан шығарып, тұрғылықты жердің климатына шыдас беретін тауықтарды дайындайды екен. «Өз ісіне өте жауапкершілікпен қарайтын адам, алдағы уақытта осы кәсіпкермен бірге кеңесіп, жұмыс істейтін боламын», дейді Бауыржан.
Әрине, бұрын айналысып көрмеген құс шаруашылығы оңай емес, дегенмен біздің кейіпкеріміз Бауыржан Иманқұлұлы осы іске шындап кірісіпті. Әзірге, тек бұл жұмыста өзі жүр. Сатып алушыларға жұмыртқаларды жеткізу, тауықтарды жемдеу, баптау секілді жұмыстар жетерлік.
— Шаруам жүріп, көлемін кеңейтсем жұмысқа адамдар аламын. Алдағы уақытта тауық санын 1000-ға дейін апарсам, оның ішінде етті тауықтар алсам деген мақсатым бар, — дейді Б.Қарпық.
Жалпы ішкі істер саласының ардагері Бауыржан Иманқұлұлының бұрыннан да шаруашылыққа икемі бар жан екенін білдік. Себебі, бұл істің алдында өзі тұрып жатқан ауылда «Дулат» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығымен айналысқан екен. Ол қожалық әлі де бар, төрт түлік өсіп жатыр.
Бауыржан Қарпық аудандық ішкі істер бөлімінде ширек ғасыр мінсіз қызмет істеп, еңбек демалысына шыққан азамат. Дейтініміз, кезінде ҚР ішкі істер министрінің Құрмет грамотасына, I, II, III дәрежелі «Ішкі істер саласындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарына ие болыпты.
— Ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып жүргенде талай қиын да жауапты жұмыстарды атқардым. Осы жұмыстың қыр-сырын үйретіп, ұстаздық еткен ағаларым да болды. Олардың бірерін атап өтер болсам, Жақсыбай Кереков, Жұбанышбай Нағашыбаев, Айтуған Маханбетов, Сермағанбет Кенжебаев т.б. ішкі істер бөлімінде қызмет істей жүріп, тәртіпті, жауапкершілікті болуға үйрендік, еңбекке тәрбиеледі. Міне, енді зейнеткерлікке шықсақ та, қарап отыра алмай, кәсіпкер-лікке бет бұрдық, — дейді Бауыржан.
2015 жылы капитан шенінде ішкі істер саласынан зейнеткерлікке шыққан Бауыржан Қарпық еңбектен қол үзбеген адам. Өзі 12 жыл учаскелік полиция қызметін атқарған Шалқар ауылдық округінде қалып, шаруа қожалығын ашты, мал өсірді, енді құс өсіруді қолға алып отыр. Зайыбы Гүлшан Қарпық та 20 жылдан бері Жылтыр ауылында медбике болып жұмыс істеп келеді, ауылдықтардың алғысын алып жүрген жан. Екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді, алды аяқтанып, азамат болды. Ол «Ауыл аманатының» игілігін көргісі келетін адамдар көп, бірақ, құжат дайындауда әлі де қағазбастылықтың бар екенін жасырмады. Бірақ, талаптанған, ұмтылған адам барлығын да жеңетінін айтты.
Иә, ауданымызда осы Бауыржан секілді игілікті жобаның пайдасын көргісі келетіндер көп. Ондай жандарға қала, ауылдық округ әкімдігі тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы несие алушыларды қолдап, құжаттарын жинақтауға, бизнес-жоспарларын әзірлеуге, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге жәрдем беруде.
Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».