«Ашық есік күні» акциясы өтті

Ағымдағы жылдың 25 мамыр күні «AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалы ғимаратында партияның «Ауыл аманаты» және «Халыққа көмек» жобалары аясында «Ашық есік күні» акциясы өткізілді.

Шара барысында «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында Шалқар аудандық мәслихатының төрағасы Сқақ Бигеев, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Жарылғасын Шамбалаев, аудандық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері Серік Жоламанов, Алия Оспанова, Болат Жолмағанбетов, Шалқар қаласы әкімінің орынбасары Қорғанбек Исаев, аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Медет Симбетов, «Ұлы Борсық» КМК директоры Бақытқали Абдолов тұрғындарға қабылдау жүргізсе, «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембай тұрғындарға өз бизнесін дамыту және табысын арттыру жолдарын түсіндірді.

Мәселен, қабылдауға келген Шалқар қаласының тұрғыны Айкенже Жұмағұлова Шалқар көлінің жағалауында жүрген малдардың иелеріне айыппұл салу жолдарын қарастыруды сұрады. Шалқар қаласының тұрғыны Ерлан Әбдікерім Шалқар қаласындағы тұрмыстық қалдықтардың уақытылы жиналуын қамтамасыз ету қажет екендігін айтып және алдағы уақытта жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатында жаңадан спорттық алаң салынса деген ұсынысын білдірді. Қабылдау барысында Шалқар қаласы тұрғындарына көлдің суын беру мәселесі де айтылды.

Сонымен қатар, қабылдауға келген Шалқар қаласы. Газшылар қалашығы №32 үйдің бір топ тұрғындары аталған үйдің жертөлесіне күрделі жөндеу жүргізуге көмек сұрады. Ашық есік күні көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

«AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалы.

Posted Under
Санатталмаған