Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы көтеріледі, деді ҚР Энергетика министрінің м. а. Болат Ақшолақов ОКҚ брифингінде. Көршілес елдердегі жағдай Қазақстандық отын нарығына айтарлықтай әсер етеді. Қазақстан өзінің арзан отынымен басқа елдердің экономикаларын өзінің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтіре отырып, іс жүзінде субсидиялайды.
Қазақстан жанар-жағармай бағасы ең төмен елдер тізіміне кіреді. Мысалы, Ресейде дизель отынының құны литріне орташа есеппен 345 теңгені құрайды, бұл 45% – ға қымбат. Ал Қырғызстанда бағасы 64% – ға жоғары және 390 т/л құрайды, Өзбекстанда ол екі есе қымбат – 480 т/л (101%).
Биыл баға диспаритеті сақталып отыр. Нәтижесінде ағымдағы жылдың наурыз айында біз өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15% құрайтын тұтынудың өсуін көріп отырмыз. Мұндай жағдайда қазақстандық дизель басқа елдерге әлі де үлкен көлемде «ағып кетеді». Биылғы жылы біз 850 мың дизель отынының тапшылығына тап болуымыз мүмкін.
Бұрын тапшылық өндіріс көлемін ұлғайту есебінен ішінара «жабылды», бірақ қазір отандық мұнай өңдеу зауыттары мүмкіндіктер шегінде жұмыс істейді.
«ЖЖМ ішкі нарығын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмасын төмендету қажет. Сондықтан біз күрделі, бірақ сонымен бірге қажетті қадамға баруымыз керек – шекті бөлшек сауда бағасын көтеру», — деді Энергетика министрлігі басшысының міндетін атқарушы.
Энергетика министрлігі бұйрығының жобасы бойынша шекті бөлшек сауда бағалары көтеріледі: АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге – 182-187-ден (өңірге байланысты) литріне 205 теңгеге дейін (11% – ға өсім); дизельге 230-260 (аймаққа байланысты) литріне 295 теңгеге дейін (орташа өсім 20%).
Бұйрық 2023 жылдың 12 сәуірінде күшіне енеді.