Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінде аталған өнер ордасының 50 жылдық мерейтойы аясында ҚР «Білім беру ісінің озаты», ардагер-ұстаз Рысбай Құдайбергенұлы Мырзатаев атындағы кабинеттің ашылу салтанаты өтті.
Шараға ұстаздың әріптестері мен шәкірттері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев кабинеттің ашылуымен құттықтап, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздың еңбегі өскелең буын үшін үлгі екенін айтып, бұл кабинеттен білім алған жас өрендердің талай өнер додаларында жоғары жетістіктерге жете берулеріне тілектестігін білдірді.
Рысбай Мырзатаев 1952 жылдың 1 қаңтарында Шалқар ауданы, №16 ауыл советіне қарасты Қособа деген ауылда дүниеге келген. 1972 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, қазақтың ұлттық аспаптар оркестрінің домбыра бөлімін 1975 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын сол жылдың қыркүйек айынан бастап Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінде ұстаз болудан бастайды. Ұстаздық қызметпен қоса, А.Жұбанов атындағы оркестрдің алғашқы іргетасын қалаушы және бас домбырашысы, дәулескер күйшісі болды. Саз мектебінде тұңғыш рет оқушылардан халық аспаптар оркестрін құрып, 1991 жылы облыстық байқаудан 2-орынды, ал 1994 жылы аудандар арасында өткен байқаудан 1-орынды жеңіп алды.
Кабинеттің ашылу лентасын аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев пен ұстаздың бауыры Расберген Мырзатаев қиды. Саз мектебінің оқытушысы Нұрбек Сансызбаев ұстазға деген арнауын тамылжыта орындап, шараға жиналғандар қошеметтеп, ыстық ықыласына бөледі.
Заманауи үлгіде жасақталған кабинетте Рысбай Құдайбергенұлының өмір жолынан сыр шертетін фотосуреттер, естелік альбом, музыка саласына қатысты кітаптар, марапаттары мен жетістіктері, ақпараттық көрнекіліктер топтастырылған. Және де ұстаздың жанына серік етіп, шәкірттеріне күй әліппесін үйреткен домбырасы да ілінген.
Ауданның білім бөлімінің бас маманы Дидара Ақмалай сөз алып, саз мектебінің 50 жылдық мерейтойы аясында өткізілген бұл шараның тәрбиелік, тағылымы мол екенін атап өтті.
Р. Мырзатаевтың көзін көрген әріптестері, ардагер-ұстаздар Нұрболат Жанаманов, Гүлзада Қалмағамбетова, Жұмабике Шықыраева, Бақыт Қалжанова оның тұлғалық қасиетіне тоқталып, өздерінің әсерлі естеліктерімен бөліссе, шәкірті Оразғали Көшімов ұстазынан көп үлгі-өнеге алғанын толғана айтып берді.
Бауыры Расберген Құдайбергенұлы мен қызы Ақнұр Рысбайқызы және құдасы Кеңес Рахимов азамат есімін ұлықтап, осы шараға атсалысқан өнер шаңырағының ұжымына ризашылықтарын жеткізді. Жары Мырзақыз Мырзатаева көпшіл, жаны жайсаң, мамандығына шын көңілімен берілген, шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтқан өмірлік серігінің атына өзі еңбек еткен мектептен кабинет ашқаны үшін барша жанға аналық алғысын білдірді.
Жаңа кабинетке құтты болсын айтудың соңы Рысбай Мырзатаевтың құрметіне арналған «Үкілі домбыра» атты аудандық домбырашылар байқауына ұласты. Сайыс шымылдығы саз мектебінің домбырашы ұстаздарының күй тартысымен ашылды.
Күй жанрында өзіндік қолтаңбасы бар, күйші Рысбайдың есімін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен байқауға жас ерекшеліктеріне сәйкес 17 өнерпаз бақтарын сынап, сайыстың шарты бойынша күйші Құрманғазы Сағырбайұлының шығармаларынан бір күй орындады.
Жас домбырашылар байқауына ҚР мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, күйші-қазанғаптанушы Н.Жанаманов, саз мектебінің директоры Г.Үмбетова, домбыра класының оқытушысы Д. Шайманов төрелік етті.
Домбырашылар додасына қатысушылар орындау шеберліктері мен сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетін көрсетіп, өнерлерін паш етті. Қазылар алқасының шешімімен орта топта (10-12 жас) бас жүлде Нұрдәулет Сұлтамұратовқа берілді. I орынды Әлихан Аманкелді алса, II орынды Уәлихан Райымхан, Нұрдәулет Ормағанбетов, ал III орынды Мағжан Ақмырза, Жеміс Тағыберген, Еңлік Жалғасбаева, Айару Жұмабек иеленді. Жоғары топтар арасында (13-15 жас) 1-орынды Нұрбақыт Зейнел жеңіп алды. 2-орынды Азамат Маратов, Әнес Жансүгір олжаласа, 3-орынды Кәусар Манашева, Дильнара Алланазарова еншіледі.
Байқау жүлдегерлері Дипломдармен марапатталса, ал Дана Мыңжасарова, Дәрібай Есенаманов, Нұрсаят Абдулла, Аяла Жақсыбаева сынды жас өнерпаздар Алғыс хаттарға ие болды. Барлық сайысқа қатысушыларға «Үкілі домбыра» статуэткасы табысталды.
Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».