Наубайшының жарты ғасырлық жолы

Бір тілім нанның қадірін білген ата-бабаларымыз ықылымнан оны — адамзаттың басты құндылығына балаған. Даналарымыздың «дастарханында наны жоқтың, тамағында сәні жоқ», деуінің астарында да терең мән бар. Молшылықтың, әл-ауқаттың белгісі ретінде ас атасына айналған нанды әзірлеудің артында наубайшылардың қаншама маңдай тері тұрғандығын көбіне бағамдай бермейміз.

Наубайшы адамға алдымен — ісіне адалдық пен төзімділік қажет. Бұл Шалқар қаласындағы «Ыстық нан» наубайханасының тәжірибелі наубайшысы Миуа Сейітжапарованың басты ұстанымы.

Нан пешінің ыстық табына жарты ғасыр кеудесін тосқан ананың бойындағы қажырлық кішкентайынан өзін еңбекке баулыған ата-анасынан беріліпті.

Әкесі Сыдық кезінде Шалқар қаласындағы теміржол желілік милиция қызметінде жұмыс істеп, саналы ғұмырын ішкі істер саласының қызметіне арнайды. Үнемі түзде жүретін отағасының бар жағдайын  жасап, кіндіктен өрген тоғыз баланың тәрбиесіне ден қойған аналары — Жәмилә Жұмағұлқызы да үй мен тыстың шаруасына тындырымды болады. Екеуінен тараған тоғыз баланың екіншісі — Миуа да бұла шағынан еңбекке араласып, ата-анасына қолғабыс ете бастайды.

— Аудан орталығындағы қазіргі Әліби Жангелдин атындағы орта мектебі біздің оқушы кезімізде 8 жылдық білім ғана беретін. Мен осыдан 8 кластық білім алып, орта білімді №1 қазақ орта мектебінен оқып бітірдім. Мектеп бітірер тұста құрбыларымның қиялы әр қиырды шарлап, бәрі де келешекте жақсы маман иесі атануы үшін жоғарғы оқу орнындарын таңдап жатты. Мектепте ағылшын тілі пәнін жақсы оқығандықтан үмітімді үкілеп мен де Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының біріне талаптандым. Бірақ ойлағаным болмай, елге қайтуға тура келді. Оқудан жолым болмады деп үйде қамалып отыра алмай, туған жерімнен жұмыс іздеуге бекіндім. Ол кезде де қолында арнайы дипломы жоқ адамға жұмыс табыла бермейтін-ді. Шалқарда іргетасы 1964 жылы қаланған жалғыз наубайхана болды. Және минералды су шығаратын зауыт тұрақты жұмыс істеп тұрды. Өзім сияқты дипломсыз жастар көбіне осы екі жерге жұмыс іздеп келетін.

Біздің жастық шағымызда жұмыссыз жүрудің өзі ұятқа саналатын еді. Өйткені, қоғамның талабы бізді осылай үйретті. Екі қолға бір күрек табылғанына қуанып, қатарластарымыздың көктемде сақманға барып, дала жұмыстарында талғамай жасай беретін-ді.

Мен де мектеп бітірісімен 18 жасымда осы наубайханаға жұмысқа орналастым. Табалдырығын алғаш аттағанымда іштен пісіп жатқан нанның хош иісі қарсы алғаны әлі есімде. Сол иіске уақыттар өте өзімнің аңсарым ауып, іздеп тұратын күйге түстім. Ғұмырымның басым бөлігі осы жерде өткесін наубайхананы өзімнің екінші үйім деп есептеймін. Осында мені алғаш жұмысқа қабылдаған марқұм Өнербай Бисенов есімді ағамыз еді. Ол кісі өте қарапайым, жылы жүзбен жаспен де үлкенмен де тең сөйлесетін-ді. Одан кейін басшылық жасаған Мейірхан Картин, Нағашыбай Оразаев, Нағашыбай Тіржанов, Жүсіп Ержанов, Жаңылсын Ешниязовалармен де ауызбіршілікте жұмыс істедім. Қиынсынып басқа жұмыс іздеу ойымда болған жоқ. Әуелгі кезде жанына ертіп, барлық құрылғыларды таныстырып, жұмыс барысында ақыл-кеңесін аямаған цех шебері Қалима Қазимованың есімін айрықша атағым келеді. Бірге жұмыс істеген Айбике Әбдірахманова, Фатима Құдайбергенова, Жанипа Қайрақбаева есімді алдыңғы лектегі апаларымыздан да үйренгенім көп болды. Осындай тәжірибелі буыннан сабақ алып, біз де уақыт ағымымен наубайхана ісіне машықтана бастадық, —  дейді Миуа апай.

Шалқар қаласында қазір бес наубайхана болса, тарихы тереңі осы — Миуа апай жұмыс істейтін цех. «Ыстық нан» деп аталатын наубайханаға бүгінде кәсіпкер Бекнұр Мұқашев жетекшілік етеді. Жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істеп, күніне 2000 бөлке нан шығарады.

Кейіпкерімізге: «Осы жылдар ішінде жұмыс барысында естен кетпес қиын да қызықты сәттерге талай кезіккен боларсыз»,— деп сауал тастаған едім. 

— Мына өмірде қызық пен қиындық қатар жүреді ғой, деп апай мына оқиғасын әңгімеледі.

— Негізінен сұраныстағы наубайхананың көтерер жауапкершілігі жоғары. Қамыр бабында ашытылып, тұтынушыларға адал болуың керек. Жылдың  төрт мезгілінде ауа райының ыстық-суығына қарамай, түннен жұмысқа кірісіп, ақ ұнды қамырға айналдырасың. Бастапқы кезде бұл жұмысқа қол күші көп жұмсалатын. Өзіңе бекітілген уақытта ісіңді тындырғың келіп, ыждағаттылыққа салынып, кейде қауіпсіздік ережелерін елемей қаласың. Осындай келеңсіз сәтті 1988 жылдың жазында мен де басымнан өткердім. Қамыр илейтін арнайы құрылғыда бір саусағым шайналып қалды. Ауруханада ұзақ емделіп жаттым. Өткен күннің белгісіне бір саусағымды берсем де, сүйікті кәсібімнен ажырамай жұмысымды қайта жасай беруге бекіндім, — дейді.

Наубайшы апаның өмірлік серігі Әбілғазы Әмитовтің бақилыққа бет бұрғанына биыл 27 жыл. Теміржол саласында еңбек еткен әкей мен табанды анадан тараған Жандос, Ләззат, Жанат есімді ұл-қыздардың барлығы да қазір құтты орындарында, балалы-шағалы. Келместің кемесіне ертерек мінген әкенің жоқтығын білдірмей білім алғызып, аяққа тұруларына мүмкіндік жасаған қайсар аналарын олар батырға теңейді.

Өткен оқу жылында Шалқар қаласындағы Ідіріс Үргенішбаев атындағы орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген немересі Айдана Еркебаева:

       Шалқар елін ең жақыны санайтын,

       Өз жеріне махаббатпен қарайтын.

       Миуа әжемнің ыстық наны пісірген,

       Дастарханын жайнатады талайдың,

       Елу жылды артта тастап ел үшін,

       Маңдайынан аққан еңбек тері шын.

       Жаным әжем, мың рет алғыс айтамын.

        Бейнетіңе көрген талай біз үшін,—

деп, жыр арнапты.

 Бір наубайханада табан аудармай елу жыл жұмыс істеген Миуа апайға көкжиектен жетпіс жастың желкені де көрініп тұр. Алайда ас атасының жұпар иісі сіңген сүйікті ісін еңбекқор апа бойда қуаты барда әзір жалғастыра беруге ниетті.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.

Posted Under
Санатталмаған