Қырағылық  бәсеңдеген емес

Қыстың ызғары сезілген сайын теміржол бойымен қарқын ала бастайтын жүктің бір түрі — көмір тасымалы. Қытымыр қыста жылулықтың лебін төгетін қара көмір тиелген вагондардың діттеген жерлеріне шашау шықпай жетуі — үлкен жауапкершілік. Бұл ретте де  теміржол күзеті қызметкерлеріне қойылар талап жоғары. Аманат арқалаған жүк вагондарының амандығына баса назар аударатын осы саланың күзет қызметкерлері ұдайы қырағылық биігінде.

Осы жылдың 10 қазаны мен 10 қарашасы аралығында жарияланған «Тұрмыстық маңызы бар көмірді тасымалдауға қабылдау кезіндегі тиеуді сапалы тексеру — тасымалдау сақтаудың маңызды шарттары» атты айлық аясында көмір жүгіне қылмыстық қолсұғушылық әрекеттерінің алдын алуға байланысты профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Мақсаты — көмір тасымалын назарда ұстап, теміржолға жақын елді мекен тұрғындары мен теміржолшыларға арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ұрлық-қарлықтың алдын алу. Жарияланған айлық барысында «Қыстың қымбат жүгі» тиелген вагондарға қолсұғушылық, заң бұзушылықтар анықталған жоқ.

Жалпы, теміржол күзеті қызметкерлері  болат жолдың бойындағы қауіпсіздіктің тұрақтылығын қалайды. Тасымал вагондарындағы жүктердің мұрты бұзылмай, ұзақ жолдардан бүтін өтуіне мүдделі. Сондықтан да Әскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлері белгіленген мерзімдердегі айлықтармен шектеліп қалмай, қырағылық жолында әрдайым әрекет ете береді.

Қ.БАЙМАМБЕТ, ӘТЖК №60 атқыштар командасы Тассай бөлімінің бастығы.

Posted Under
Санатталмаған