Музейлер халық қазынасын сақтап қана қоймай, оны насихаттап, жас ұрпаққа өткен ғасырлар мен бүгінгі күннің арасындағы рухани қазыналарды санасына сіңіріп келеді. Аудандық тарихи-өлкетану музейі — өлке тарихын бойына жинаған киелі шаңырақ. Музей қоры мен экспозициясында Шалқар ауданының іргетасы қаланған уақыттан бергі тарихи деректерден сыр шертіп, баяндайтын жәдігерлер жинақталып көрсетілген. Қазіргі таңда қорда тіркелген 11714 экспонат бар, оның 11571-і Microsoft Access программасына салынған, bd.shalkar-muzei.kz адресі арқылы электронды базадан музей қорына тіркелген экспонаттар туралы ақпараттар алу мүмкіндігі жасалған. Жеке тұлғалар сақтауға тапсыратын мәдени құндылықтар музей қорын қалыптастырудың басты көзі болып табылады. Осындай отбасылық жәдігерлерді музейге аймақ тұрғындарының сыйға тартуының арқасында күннен-күнге мәдени мұраларымызды жылжымалы көрмелер ұйымдастыру арқылы көрермен назарына ұсынуға және насихаттауға мол мүмкіндіктер туып отыр. Аудандық тарихи-өлкетану музейін көріп тамашалаған адам киелі өлке тарихын тереңірек біліп, халық шеберлерінің қолынан шыққан түрлі бұйымдар туралы түсінік алып шығары анық. Экспозицияда орналасқан және қорда тұрған көне заттық байлықтарымызды кімдердің тапсырғандығы, ол бұйымдардың тұрмыста, өмірде қалай, не мақсатта пайдаланылғаны көрсетілмек. Сол этнографиялық құнды мұраларымыз туралы айта кетсек:
Музей өзінің жәдігерлерімен келушілердің қызығушылығын тудырып жатса, ол бір кездегі халық шеберлерінің баға жетпес туындылары деп түсінеміз. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан түрлі бұйымдар, бүгінде халыққа көрсетіліп отырған құнды дүниелер. Кейінгі ұрпаққа осындай мұра қалдырған шалқарлық белгілі қолөнер шебері Айдос Мұратовтың жасаған бұйымдары: ер-тұрман, адалбақан, ағаш керует, сықырлауық есік, асадал, сандық экспозиция төрінен орын алып тұр. Атақты күйші Қазанғап Тілепбергенұлына домбыра жасаған және Алматы опера балет театрының безендіру жұмысына қатысқан атақты қолөнер шеберінің жасаған дүниелері музейдің этнография залында орналасқан. Қазақ халқының материалдық мәдениетінің мол мұрасы саналатын сықырлауық есік, ер-тұрман, адалбақан, ағаш керует, асадал, сандық сынды шебердің заттары тек Шалқар музейінде ғана емес Ақтөбе, Алматы, Атырау музейлерінде де сақталған. Ал, шебердің қайыспен қаптап, сүйекпен жиектеп көмкеріп жасалған ер-тұрманын баласы Ілиясқа арнаған екен. Ал, асадалды қолөнер шебері Айдос Мұратов өзі тұтынған. Кейіннен оны немересі Ерболат Мұратов музейге тапсырды. Міне, Айдос Мұратовтың қол табы қалған бұйымдар 30 жыл бойы музейдің көркін кіргізіп тұр.
Музейде жинақталған тұрмыстық бұйымдар ішінен көп жиынтық құрайтын келі-келсаптар.
Келі — дәнді дақылдар мен науат, шақпақ қант тәрізді түйір-түйір заттарды түйгіштеп уататын, ұнтақтайтын қатты ағаштан, тас, темір, шойын сияқты материалдан жасалған іші қуыс тұрмыстық бұйым. Келі қатты ағаштың жуан діңінен ортасын 30-35 см. тереңдікте ұңғуырмен ою, қашау арқылы жасалады. Келі жасайтын ағаш кесіндісінің биіктігі 50-60 см, кей жердерде 70-80 см, ал диаметрі 30-35 см. болады. Келі қазақ дастарқанының шырайын келтіретін ақталған тары, қуырылған бидай, түйілген жарма, құрт, ірімшік, жент сияқты тағамдарды дайындауға қажетті басты тұрмыстық бұйым болған.
Біздің музейде Шалқар қаласының тұрғыны Қуаңбай Қонарбайұлының 1945 жылы жасаған келі-келсабы бар. Ол кісі ұзақ жылдар пайдаланып, кейіннен келіні Алмашқа берген. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұралық затты соңғы жылдары Алмаш әже келіні Әсияға табыстаған екен. Ал, 2010 жылы музейге немересі Әмірхан тапсырды.
Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, музей экспозициясынан орын алып, көрермен көзайымына айналған құнды дүниелердің ішіндегі жәдігерлердің бірі — көрік. Ұста, зергерлер пайдаланған бұл бұйымның көлемі мен қолдану тәсілдеріне қарай бірнеше түрі болған. Олар — қол көрік, мес көрік, қос көрік, жел көрік. Алтын, күмістен әшекей бұйымдар соққан, 13 жасынан бастап өмірінің ақырына дейін ұсталық кәсіпті серік еткен Кеңес Орынбаевтың пайдаланған білезік қалыптары, көрігі ерекше, құнды жәдігерлердің бірі. Музей қорында бірнеше көрік бар. Көне мұраларды сақтап, жаңа буынға насихаттап отырған мәдени орталықта сақталған көріктердің бірі сол Кеңес Орынбаевтың көрігі. Күн өткен сайын бабадан қалған бұйымдардың бағасы арта түсуде.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейді. Бұл —өмір ақиқаты» деген болатын. Ал, өткенді түгендеу дегеніміз, ең алдымен барыңды бағалап, рухани мұраларды қалдырмай жинап, сақтау. Атадан ұрпаққа мұра болып қалған асыл қазыналарымызды көзіміздің қарашығындай етіп сақтауға баршаңызды шақырамын.
Нағима ТЛЕМБАЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.