Наурыз — менің елімнің берекесі,
Жаңа жылы қазақтың мерекесі.
Шаңырағы биіктеп күнге жақын,
Ұланғайыр керілсін керегесі.
Бұрқ-сарқ етіп қайнасын көжелері,
Жаңа жылда елімнің көркі өсіп,
Гүлге толсын көгеріп көшелері, — деп «Нұр-Бота» бөбекжай-бақшасында Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай «Армысың, Әз-Наурыз» атты топаралық мерекелік шара өтті.
Ертеңгілігімізге тәрбиеленушілеріміздің ата-аналары қатысып, балаларының өнерлерін тамашалап, наурыз көжеден дәм татты. «Шебер қолдар» атты қазақтың ұлттық бұйымдарынан тәрбиешілердің ұйымдастыруымен көрме жасалды. Тәрбиеленушілерге ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында «Тұсау кесу» рәсімі көрсетілді.
Ата-аналар арасынан үлкен әжеміз алғысын жаудырып, батасын берді.
Сондай-ақ, Наурыз мерекесіне орай балабақша ауласында «Армысың, Наурыз!» атты мерекелік шара өткізілді. Шарада көже асылып, бауырсақ пісіріліп, ет асылды. Балабақша құрылтайшысы Қанат Сыдық жиналғандарды мерекемен құттықтады. Ән мен жырдан шашу шашылып, қазақтың салт дәстүрі бойынша түрлі көріністер қойылды. Қол күресі, алтыбақан тебу, арқан тарту сынды ойындар ұйымдастырылды. Шараға ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Абдыков, ата-аналар, ұжым мүшелері қатысты.
Шара соңында ауыл ақсақалы Нұржаубай ата бата беріп, қонақтар ризашылықтарын білдірді.
З.ТӨЛЕУОВА,
балабақша тәрбиешісі.