Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 3 наурызындағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізуі туралы» Жарлығы негізінде аудан әкімі Жанболат Жидеханов 10-12 тамыз күндері Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы, Айшуақ, Бозой, Шалқар, Шетырғыз ауылдық округтерінің орталықтарында және елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесті. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, ауылдықтардың мұң-мұқтаждарын тыңдады. Өз кезектерінде ауылдық округ әкімдері де жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғындар сауалдарына жауап берді.
Жалпы, ауданда атқарылған жұмыстардың алты айлық есебі аудандық «Шалқар» газетінің үстіміздегі жылғы 10 тамыздағы №34 санында «Экономикалық көрсеткіштер артып келеді» деген тақырыппен жарияланғандықтан, тұрғындар жүзеге асырылып жатқан істерден хабардар еді. Дегенмен, аудан басшысы жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Ауылшаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 2022 жылдың 6 айында 7425,0 млн. теңгеге жеткен. Ауданда тіркелген 510 шаруа қожалықтары, 21 ауылшаруашылығы кооперативтері және 1 өндірістік кооператив атал-ған саланың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Мал басы, одан өндірген өнім жыл сайын артуда. Сала бойынша есепті кезеңде 37,0 млн. теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 115,3 пайыз құраған. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу да белсенді жүруде, мәселен, жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде аудан шаруашылықтары 434 бас МІҚ (тапсырма 700 бас), 1342 бас қой (тапсырма 2200 бас) сатып алған. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша 14 трактор және 36 мал азығын дайындау техникаларын сатып алу тапсырмасы берілсе, бүгінгі күні 7 трактор, 19 дана басқа да техникалар сатып алыныпты. Ал 20 бірлік ұңғыма қазу тапсырмасына орай бұл күнде 13 бірлік ұңғыма қазылып, жұмыс істеп тұр.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2022 жылдың 1 шілде-сіне 2832 бірлікті құрап, оның 2666-сы жұмыс жасайды, онда 3,5 мың адам нәпақасын тауып жүр. «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы бойынша 90 жоба жоспарланып, қазіргі таңда 75,5 млн. теңгенің 11 жобасы жүзеге асқан. Ауданда халық тұтынатын азық-түліктің және дәрі-дәрмектің бағалары облыс бойынша орташа деңгейде, қаладағы азық-түлік дүкендері жанындағы қоймаларда аудан халқына қажетті азық-түліктің жеткілікті қоры бар екені айтылды.
Ауданның барлық елді мекендері электр қуатымен қамтылған, 33 елді мекеннің 12-сі көгілдір отын пайдалануда, бұл жалпы халық санының 85,1 пайызын немесе 39,0 мың адамды құрайды екен. Есет және Қопасор ауылдарын газдандыру үшін ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2024-2025 жылдары Шілікті, Бершүгір, Сарысай, Тоғыз, Жылан, Көпмола, Кеңдала, Есет ауылдары газдандырылады деп жоспарлануда. Орталықтандырылған ауыз сумен ауданның 27 елді мекені қамтамасыз етілген.
Аудан басшысы биылғы жылы облыстың бюджет қаржысына бірнеше жолдарға жөндеу жүргізілетініне тоқталды. Соның ішінде Қауылжыр, Жылтыр ауылдарының кіреберіс жолдары күрделі жөндеуден өткен.
Мөңке би, Аққайтым, Байқадам, Қотыртас ауылдарының кіреберіс автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары дайын, бюджеттік өтінім беріліпті. Бұған қосымша Бегімбет, Қайдауыл, Бершүгір ауылдарының кіреберіс және Шілікті ауылының төрт көшесінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге жобалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтіп жатқаны айтылды. Бершүгір ауылының екі көшесінің, Жылтыр ауылының бір көшесінің, Шалқар қаласының екі көшесінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге жобалық құжаттарын дайындауға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Есепті мерзімде ауданда жұмыспен қамтуға көмектесу жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 1253 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 1125 жаңа жұмыс орыны ашылған.
Есепті кезеңдегі атқарылған басқа да жұмыстарға тоқталған аудан әкімі алда тұрған міндеттерді барша ел болып еңсеріп, мемлекет басшысы міндеттеген Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы жолында ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін біркісідей жұмылып, еңбек етуге шақырды.
Қопасор ауылының тұрғындары аудан орталығына қатынайтын жолдың тегістелгеніне рахметтерін айтып, алдағы уақытта осы жол жарақты болып ұсталса деген тілектерін жеткізді. Қызылту негізгі мектебінің келешегі де айтылды. Округ орталығында өткен кездесуде еңбек ардагері К.Бекбергенов ауылдықтар атынан сөйлеп, ауданда, округте атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанатынын жеткізді. Округке арнайы жедел жәрдем көлігінің, кіреберіс жолға күрделі жөндеу керектігін еске салды. Алақозы елді мекенінде өткен кезесуде тұрғындар «Beeline» байланысы керек екенін айтты.
Есет Көтібарұлы ауылдық округі орталығында өткен кездесуде «Жомарт» шаруа қожалығының төрағасы Ж.Сатыбалдин жазғы шөп шабу науқанында өрт сөндіретін көмекшілердің жұмысын реттеуді, шаруа қожалықтарын уақытында жайлауға көшіруді қолға алуды сұрады. Ардагер Ж.Пралин Байқадам ауылына кіреберіс жол дұрысталса деген ұсынысын айтты.
Айшуақ, Бозой ауылдық округіне қарасты елді мекендерде өткен жүздесулерде тұрғындар ауылға ортақ мәселелерді қозғап, өз ұсыныстарын білдірді. Есет ауылындағы болған жиында ауылға кіреберіс жол мәселесі, малға су көздерін аршу мақсатында қазылған жерлерде қауіпсіздік жағы бірінші ескерілсе екен деген тілектер айтылды. Өйткені, ойыс болып қазылған шұңқырларға малдар түсіп, шығын болуы мүмкін. Айшуақ ауылдық округінің әкімі О.Әбшанов бұл ұсынысты назарда ұстайтынын жеткізді. Бегімбет ауылында өткен кездесуде тұрғындар аудан басшысына жол мәселесін қозғап, нақты жауаптарын алды. Қаңбақты, Қоянқұлақ елді мекендеріндегі кездесулерде халық ауданда жасалып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Жол қатынасы жайлы ұсыныс-тілектер бұл жерлерде де қозғалды.
Бозой ауылдық округінің орталығында өткен жиында еңбек ардагері М.Жолаев еңбек адамдарын бағалауда әділ шешімдер орын алса екен деп, оны реттеу тұрғысындағы өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Тұмалылықтар ауыз су құрамында тұз көп екенін айтты. Көгілдір отын тартылса, мектепке қосымша білім беру штаттары ашылса, спорт алаңы салынса деген тілектерін жеткізді. Және «Activ», «Kcell» байланыс жүйесінің нашар істейтініне шағымданды. Қаратоғайлықтар шаруа қожалықтарында жұмыс істейтіндер заңды түрде тіркеліп, тиісті төлемдерін төлеп тұрған дұрыс деген талаптарын айтты.
Аудан әкімі және онымен сапарлас болған бөлім басшылары елді мекендерде өткен кездесулердің соңында тұрғандарды жеке қабылдады. Аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі А.Борашев интернет алаяқтарынан сақтану жолдарын айтты.
Аудан әкімі тұрғындардың көтерген талап-тілектерінің нақты шешілу жолдарын мәлімдеп, қай мәселенің де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Өз тілшімізден.