Шалқар ауданына — 90 жыл
Күйшілік өнерде өзгеге ұқсамайтын сара жол салып, өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастырған саңлақ күйшілеріміздің бірі — Қазанғап Тілепбергенұлы. Оның күйлерінің мәні терең келеді. Қазанғап көбінесе өмірдегі философиялық ой толғамдарды күй тілімен жеткізе білген дархан дарын иесі, керемет суреткер.
Заманында Ақжелеңнің 62 түрін түгелдей тартып, «Күйдің пірі» атанған Қазанғап қазақтың күй мәдениетінің інжу-маржандары қатарында тұратын шығармалар туындатып, оны орындап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған, көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Қазанғаптың күйшілік мектебін дамытып, жалғастырған мұрагер күйшілерден Кәдірәлі Ержанов, Келбет Тілеулин, Шүрен Сартов, Құрманғали Өмірзақовты алдымен айтамыз.Сонымен қатар Қазанғап күйлерін республика жұртшылығына алғаш танытуға, насихаттауға ұлан-ғайыр еңбек сіңірген майталман домбырашы Жәлекеш Айпақовтың есімін ерекше атауға болады.
Ал Қазанғап Тілепбергенұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге барлық саналы ғұмырын арнаған күйші Сәдуақас Балмағамбетов болды. Ол өзі жинаған деректерді негізге ала отырып, Қазанғаптың шығармашылығын кең көлемде насихаттап, күйлерін жүйелеп тартты.
Сәдуақас Әдіманұлы — Қазанғап күйлерінің аса көркем, озық нұсқаларын жеткізуші әрі асқан шебер орындаушысы ретінде қалың жұртшылыққа кеңінен танылған аса дарынды күйші. Сәдуақасқа күйшілік өнер — атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиет.Ол күйшілік өнерге ден қойғаннан бастап Қазанғап күйлерін бойына дарытқаны анық.
Сәдуақас Балмағамбетов 1941 жылы 17 қыркүйекте Шалқар ауданы, Айшуақ елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Әдіман Жанаманов алты ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Тұңғышы Сәдуақас болған.Нағашы атасы Балмағамбет Сайымов 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болып, халық жауы деген жалған жаламен ұсталып кеткен. Елге сыйлы, бай ауқатты адам әрі домбырашы, Қазанғаптың көзін көрген шәкірттерінің бірі болған екен. Балмағамбеттің аты ұмытылмасын деген ниетпен Сәдуақастың тегін Балмағамбетов деп жаздырады.
Сәдуақас алғаш Қазанғап күйлерін түп нағашысы Матай Қуантайұлынан үйренген. Балмағамбеттің зайыбы Күнжан — Матайдың туған қарындасы. Матай Қазанғаптың таңдаулы шәкірттерінің бірі болған.Сәкең бала кезінен Қазанғаптың көзін көрген шәкірттерінен күй үйренген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде аты шығып, бала күйші атанады. Сонымен қатар аттың құлағында ойнап, шабандоз бала ретінде танылады. Ат жарыстарында сан мәрте бәйгенің алдында келіп, өзі де ат жаратып, бәйгеге қосып, аттың сыны мен бабын, атбегілік өнерді де меңгерген екен. Мектепті бітіргеннен кейін 1958-60 жылдары сол жерде есепші болып жұмыс істейді. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде сырттай оқыған. Сол жылдары Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы Жәлекеш Айпақовпен кездеседі.
Осы тұста Сәдуақастың өнер жолына түбегейлі бет бұруына әсер еткен оқиға болады. Алматыдан Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі Шалқар жеріне гастрольдік сапармен келеді. Концерттен кейін Сәкең базардан бір сиыр сатып алып сойып, дастарқан жасап, оркестр артистерін қонақ қылады. Бас оркестрдің белді домбырашыларының өнерін тамашалап болған соң, кезек Сәдуақасқа келіп, домбыраны қолға алып, Қазанғаптың күйлерін бірінен соң бірін тартады. Алматыдан келген өнерпаздар Сәкеңнің домбыра тартысына қайран қалып, оған консерваторияға оқуға кеңес береді. Сәкең барғысы келеді, бірақ әжесі рұқсат бермей жүреді екен. Ақыры 1964 жылы әжесінің батасын алып, оқуға кетеді. Алматы мемлекеттік консерваториясының 2 жылдық дайындық курсына тапсырады. Емтиханды академик Ахмет Жұбанов өзі қабылдайды. Өзінің төл туындысы «Космос» күйін және Құрманғазы, Қазанғаптан бірнеше күй тартады. Қабылдау комиссиясының көңілінен шығып, оқуға түседі.
Сәдуақас Балмағамбетов 1974 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, 1978 жылдан өмірінің соңына дейін осы оқу орнында ұстаздық қызмет етті. Қазанғап күйлерін мемлекеттік радио, теледидар, концерттер, оқу жүйесі арқылы жан-жақты насихаттады.
Күйші шығармашылығына байланысты 1983 жылы «Қазанғап күйлері» атты күйтабақ жазды, Қазақ радиосының «Алтын қорына» жаздырып, кейінге қалдыру жолында көп еңбек етті.
Сонымен қоса Қазанғап күйшінің өмірі мен шығармашылығы, күйлердің шығу тарихы жөнінде көптеген деректерді де ел арасынан жинақтап, зерттеу жұмыстарын жүргізді.Оның орындауында Қазанғап күйлері биік орындаушылық шеберлігімен, аса көркемдігімен, ой тереңдігімен, мазмұн байлығымен ерекшеленеді. Ол тартқан Қазанғаптың «Көкіл», «Жұртта қалған», «Өттің дүние», «Кіші Қаратөс», «Шырылдатпа» күйлері терең ой толғамдарды білдірсе, «Торы жорға аттың бөгелек қағуы», «Жаса, Ақжелең», «Жем суының тасқыны», тағы басқа туындыларында асқақ шабыттың қуаты сезіледі, ал «Бұраңбел Ақжелең», «Кербез Ақжелең», «Шыныаяқ тастар», «Домалатпай Ақжелең» шығармаларында тебіреніске толы махаббат сезімдерін баяндайды.
Қазанғап — керемет суреткер күйші және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Күйші шығармашылығының бір бөлігі әйел затының сұлулығын бейнелейді, олардың бір парасы Балжанға арналған. Мысалы: «Он сегіз жасар Балжан қыз», «Ұлықсат берші, Балжан қыз», «Балжан отыз бесте», «Балжан әйел», т.б.
Осылардың ішінде «Он сегіз жасар Балжан қызға» ерекше тоқталуға болады. Бұл шығарма — жүрек қылын шертетін нәзік лириканың ішіндегі теңдессіз туындылардың бірі. Орындаушыдан шеберлікті, жүректілікті, түсінікті қажет ететін күрделі шығарма. Әсіресе осы күйді Сәдуақас Балмағамбетов асқан шеберлікпен, ерекше нақышпен орындайтын. Күй өнерінің соңына түскен кез келген домбырашы мұны тартуға құмартқанымен оңайлықпен меңгеріп кете алмайды.
Менің Сәдуақас ағаны алғаш көріп, жақын танысуымда осы күйді үйренуге байланысты болып еді. 1993 жылдың қоңыр күзі болатын. П.И.Чайковский атындағы музыка колледжінің 3-курс студентімін. Қазанғаптың «Он сегіз жасар Балжан қыз» күйін кезекті емтиханда тартуға дайындап жүрмін. Күйді бір тыңдатып, тексертіп алайын деген ниетпен Сәдуақас ағаны консерваторияға арнайы іздеп бардым. «Халық әні» кафедрасы студенттеріне дәріс жүргізіп отыр екен, сәлемдескеннен кейін жөнімді білдіріп, күй көрсетуге келгенімді айтып едім, «сәл күте тұр» деп студенттерге тапсырмаларын беріп жібергеннен кейін «Қандай күй көрсетуге келдің?» деп зер сала қараған күйші ағаны күйтабақтан орындаушылық өнеріне қанық болғаныммен, жүзбе-жүз алғаш көруім еді. «Қазанғаптың «Он сегіз жасар Балжан қыз» күйін» дедім. «Қане, онда орындап жібер!»— дегені сол-ақ екен, домбыраны алып, күйді сыдыртып тарта жөнелдім. Күйдің орта тұсына келгенде тоқтатып, «домбыраңды бері берші» деп, күйдің бір буынын қайырып, «бұл осылай емес пе еді?» дегенде, ағаның өте шебер тартысына қайран қалдым. Содан кейін екі-үш рет барып, күйдің мәтінін, қағыстарын түзетіп, толық үйреніп алдым. Сол кезден бастап осы күй репертуарымнан берік орын алды.
Кейін консерватория қабырғасында оқып жүрген кезімізде Қазанғап күйлерінен Сәдуақас Балмағамбетов, Құрманғазы, Дина күйлерінен Әзидолла Есқалиев ағаларымыз арнайы курс жүргізді. Сол жылдары Қазанғап күйлерін Сәдуақас ағаның өз қолынан үйренген едік.
Сәдуақас аға табиғатынан ерекше дарынды күйші, екі қолдың үйлесімі ерекше, қағысты алуан түрлі құбылтып алғанда тыңдаушысын еріксіз тәнті етпей қоймайды. Домбыра тартуға ғана жаралғандай сүйріктей біткен салалы саусақтардың астынан түрлене шыққан сырлы үннің сұлулығы шексіз. Күйдің күрделі иірімдерінің өзінде әр дыбысы маржандай төгіліп шығады. Кез келген дыбысты бос жібермейді, жүректен өткізеді.
Бірде Сәдуақас Балмағамбетовтің орындауында Қазанғап күйлерін тыңдаған атақты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев оның орындау шеберлігіне тәнті болғандығы соншалық —«Мынау тірі Қазанғап қой» деген екен. Содан бастап Сәкеңді өнердегі әріптестері «тірі Қазанғап» деп атап кетті. Осыдан кейін Нұрғиса Тілендиев пен Сәдуақас Балмағамбетовтің арасында ағалы-інілі сыйластық, достық, рухани байланыс орнайды.
Нұрғиса Сәкеңнің орындауындағы Қазанғап күйлерін аса жоғары бағалаған. Ол өзінің әйгілі «Махамбет» поэмасын жазғанда шығарманың қосалқы партиясына Қазанғаптың «Көкіл» күйінің әуенін сәтті қолдана білген.Сәдуақас Балмағамбетов өз замандастарынан Шамғон Қажығалиев, Мәкәлім Қойшыбаев, Мәлгәждар Әубәкіров, Әзидолла Есқалиев, Бәкір Тәжібаев, Уәли Бекенов, Жәнібек Кәрменов сынды өнер адамдарымен өте жақын, шығармашылық қарым-қатынаста болған.
Сәдуақас Балмағамбетов көп жыл Алматы консерваториясының халық әні кафедрасында домбыра пәнінен сабақ берді. Бүгінде қазақтың айтушы әншілерінің бірі болған Бекболат Тілеухан студенттік кезінде кезекті күй сабағында Сәдуақас ағаның орындауында «Көкіл» күйін тыңдап, әсерленіп, Қазтуған жыраудың «Қайран Еділ» жырының сөзіне күйдің әуенін салып қайта түлеткен болатын.
Сәдуақас аға өн бойы тұнып тұрған әуен, балбармақ күйші, табиғатынан дарыған тума талант еді. Тіпті Сәкеңнің замандастары «Сәдуақастың саусағының қисық жерінің өзі музыка» деуі тегін емес шығар. Күйшілікке біткен салалы саусақтары, дене бітіміне қарағанда екі қолы ұзындау жаратылуы, ерекше бітімімен, тұлғасымен ерекшеленіп тұратын.
Осы арада Сәдуақас ағаның орындаушылық шеберлігіне жұрттың тәнті болған, оған өзім куә болған бір естелікті айта кетейін. Әлі есімде 1995 жылдың күз айы еді. Консерватория студентімін. Камералық залда кезекті концерт болып жатыр. Концерттің арасында алдыңғы жылдары жапондар келіп жазып алып кеткен бейнетаспаны теледидардан көрсетті. Кілең майталман күйшілеріміз. Арасында Қаршыға да бар, бірінен соң бірі тартып жатыр. Бір уақытта Сәкеңді көрсетті. Консерваторияның бір бұрышына ғана отырғызып түсірген екен. Қазанғаптың Балжан сұлуға арналған бір күйін тарта бастады, көрермендер сілтідей тынды. Күй аяқталғанда залда отырған көрермендер Сәкеңнің орындаушылық шеберлігіне таңғалып, тамсанып, еріксіз теледидарға қарап қол соғып, түрегеліп қошемет көрсетті.
Осыған ұқсас мынандай бір оқиға ойыма оралып отыр. Атақты композитор, скрипкашы Никколо Паганини Еуропаны аралап, концерттік сапармен жүргенде, бір скрипкашының орындаушылық шеберлігін жұрт асыра мақтайды. Күндердің бір күнінде әлгі скрипкашыны Паганини бір концертте кездестіріп, тыңдайды. Музыка мамандары Паганинидің ойын білгісі келіп, сұрағанда, оларға Н.Паганини:«Өте шебер тартады екен, бірақ таңғалдыра алмайды», — депті.
Сол айтқандай, қазақта шебер домбырашылар, күйшілер баршылық.Бірақ Сәдуақастай кез келген тыңдаушыны сүйсіндіріп, таңғалдырып тартатын домбырашылар некен-саяқ! Ол — орындаушылық өнерге талапты өте жоғары қойған күйші. Әр кездері Қазанғап күйлерін Қазақ радиосының алтын қорына жаздырып отырған. Бірақ өзінің орындаушылығына көңілі толмаған сияқты. Сәкеңнің досы болған, көптеген жылдар бойы Қазақ радиосында қызмет істеген Қалқаман Жүнісбеков ағамыз бір қызық естелік айтып еді.
Бірде Сәдуақас Қазақ радиосының редакциясына келіп, өзінің орындауындағы Қазанғап күйлеріне көңілі толмайтындығын айтып, өшіруді талап етеді. Бірақ Қалқаман аға: «Біз өшіре алмаймыз, егер осыдан асырып орындап берсең ғана өшіреміз», — деп уәде беріпті. «Сол беті Сәкең түрлі жағдайлармен қайтып күйлерді жаза алмады. Егер сол кезде Сәкеңнің айтуымен өшіріп тастасақ, осы жазбалардан да айырылып қалады екенбіз» дегені есімде.
Сәуақас Балмағамбетов орындаушылығы биік деңгейде тұрған кезінде қазақ телевидениясында Қазанғап туралы бірнеше хабар жазған. Бірақ, өкінішке қарай, ол жазбалар табылмай отыр. Мүмкін, шаң басқан архивтердің бір бұрышында жатқан болар. Тек денсаулығы болмай, ауырыңқырап жүрген уақытында тартқан бір-екі күй ғана сақталған, оның сапасы да өте нашар.
Сәдуақас Балмағамбетов шебер орындаушылығымен қатар, өз жанынан көптеген күй шығарған тамаша сазгер де. Оның әртүрлі тақырыпты қамтитын жиырмадан астам күйі бар. «Күй-дастан», «Шашу», «Аға туралы толғау», «Ақтоты», «Ақмарал», «Алтын астық», «Алтын дән», «Алтын ұя мектебім», «Айналайын Ақтөбем», «Әке туралы күй», «Жас отау», «Космос», «Қайда екен, қайран, боздақтар», «Қыз қуу», «Мерекелік күй сәлем», «Сауыншы», «Солдат сағынышы», «Шашу», «Туған күн», «Ұстазым». Бір ерекшелігі, Сәдуақас Балмағамбетов төл туындылары мен Қазанғаптың күйлері әуендік, стильдік тұрғыдан қарасаң, алшақ, орындаушылық мәнері мүлде ұқсамайды. Әдетте қандай күйшінің күйлерін көп орындасаң, соған ұқсап кетіп жатады ғой. Бірақ Сәкең өз күйлері мен Қазанғап күйлерінің стилін, аражігін ажыратып тартқан тәрізді.
Сәдуақас Балмағамбетовтің төл шығармаларында ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңба бар. Ол консерваторияға оқуға келгенге дейін орындаушылық та, композиторлық та қолтаңбасы қалыптасып үлгерген. Тырнақалды туындыларының бірі «Космос» күйін небары жиырма жасында шығарған екен.
Сәдуақас аға көзі тірі кезінде Қазанғап күйлерінің жинағын кейбір кедергілердің салдарынан жарыққа шығара алмады. Өмірінің соңғы кездерінде қатты науқастанып жатқанын естіп ұстазым, профессор Айтжан Тоқтағанмен бірге халін сұрап барғанымызда осы жайттарды айтып өкінгендей сыңайда болып еді. Бірақ өзі өмірден өтсе де С.Балмағамбетовтің «Саз зергері — Қазанғап» атты жинағы (А.Тоқтаған, М.Әбуғазы ноталық редакциясымен 2001 жылы) жарық көрді. Оның туғанына 75 жылдығына орай баспадан шыққан «Күй дастан» атты жинақ Қазанғап күйлерімен қатар, С.Балмағамбетовтің төл туындылары топтастырылды. (Құрастырушы М.Әбуғазы, 2016ж).
С.Балмағамбетовтің артына қалдырған мұрасын шашау шығармай жинақтап, жариялап отырған жары Бәтима апай мен ұлы Әділкерейге елдің ризашылығы мол. Қазанғаптың домбырасы Сәдуақас ағаның үйінде сақтаулы тұрғандығынан хабардар едім.
Бірде Бәтима апайға «Қазанғап атамыздың домбырасы қазақтың басқа да ұлы күйшілерінің домбырасымен қатар Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайынан өзінің лайықты орнын алса, дұрыс болар еді» деген ұсыныс жасап едім, ол кісілер де қарсы болмады. Осы игілікті істің нәтижесінде 2009 жылы мұражайдың сол кездегі басшысы, белгілі қоғам қайраткері, композитор Хасен Қожахметов Қазанғаптың домбырасын қабылдап алған болатын. 2016 жылдың ақпан айында Сәдуақас ағамыздың домбырасы да осы мұражайға тапсырылып, арнайы кеш ұйымдастырылды. Елімізге танымал домбырашылар қатысқан күмбірлі күй кешінде Қазанғаптың және Сәдуақастың домбыралары қатар тартылып,тыңдармандарын бір марқайтып тастаған еді.
Мұражай басшысы белгілі жыршы, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынова қазақтың екі ұлы күйшісінің домбыраларына арнайы орын дайындап, кеш соңында өздерінің тұғырлы орындарына қондырды. Осы кешке Ақтөбеден Сәдуақас ағаның інісі Нұрболат Жанаманов арнайы келіп, Қазанғаптың күйлерін төгілте орындап, өнер сүйер жұртшылықты бір серпілтіп тастады.
Күйшілік өнер атаның қанымен, ананың сүтімен келетін текті өнер ғой. Нұрболат Жанаманов та майталман домбырашы, Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы. 2005 жылы Ақтөбе қаласында Қазанғаптың 150 жылдығына орай өткен республикалық күйшілер конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. Кейінгі кездері халықаралық дәстүрлі музыка фестивальдары арқылы Қазанғап күйлерін тартып, насихаттап жүр. Нұрболат Жанамановтың тарту мәнері еріксіз Сәдуақас ағаны еске түсіреді.
Қазанғап күйлерін Сәдуақас Балмағамбетовтен көптеген домбырашылар үйреніп, орындап келеді. Бүгінде Нұрболат Жанаманов, Талап Хамзин, осы жолдардың авторы өзім де Қазанғап күйлерін Сәдуақас ағаның тарту үлгісімен орындап жүрміз. Бірақ Сәдуақас Балмағамбетовтей Қазанғаптың күйлерін тарта аламыз деп айту қиын. Оның күй тартудағы шеберлігі әлі талай ұрпаққа үлгі болары анық.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті,
күйші, өнер зерттеуші.