«ШАЛҚАР» ГАЗЕТІНІҢ ҰЖЫМЫН ҚАБЫЛДАДЫ

28 маусым — бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай аудан әкімі Жанболат Жидеханов аудандық «Шалқар» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын қабылдап, оларды мерекелерімен құттықтап, сый-сияпаттар жасады. 90 жылдық тарихы бар өркенді өлке Шалқар ауданымен бірге жасап, оның тарихын, жылнамасын жазып келе жатқан   «Шалқар» газетінің мәртебесі қай кезде де биік, ойы салмақты, халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпір екеніне тоқталды. Міржақып Дулатов айтқандай «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» екенін, сондықтан аудандық газет ұжымына өлкемізде болып жатқан жаңалықтарды, еңбек адамдары туралы, жасалып жатқан игі жұмыстар жөнінде, жастарды жақсы істерге баулу, патриоттық тәрбие беру, ауданымыздың шежіре тарихы жөнінде, т.б. түрлі тақырыптарда қалам тербеп, оқырмандарды тарта білуге шақырды.

Ауданның білім бөлімінің басшысы А.Абдыков, аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Былқайыр, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Беркімбаев, аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш.Сәдуақасова журналистер қауымын мерекелерімен құттықтап, оларға шығармашылық табыстар тілеп, өз аттарынан сый-сияпаттар тарту етті.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Төлепберген әрқашанда аудандық «Шалқар» газетімен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айта келіп, барлық ақсақалдар қауымының атынан 90 жылдық тарихы бар газет ұжымына алғысын айтып, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Мерекелік қабылдау соңында «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры Қ. Әлин аудан басшысы бастаған азаматтарға өздерінің кәсіби мерекелері күнінде құттықтап, сый-сияпат жасап, ыстық ықылас білдіргендері үшін газет ұжымы, оның оқырмандары атынан шын жүректен алғысын білдірді.

***

Бұқаралық ақпарат қызметкерлері мерекесі күні Шалқар аудандық соты, Шалқар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшылары аудандық «Шалқар» газеті ұжымы өкілдерін қабылдап, Құттықтау хат тапсырып, сый-сияпаттар жасады.