Аудандық Мәдениет үйінде белгілі ақын, қарымды қаламгер, журналист Мырзан Кенжебайдың 75 жасқа толуына орай «Тура жазып ақиқатты жырын да…» атты салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімі Жанболат Жидеханов бастаған бір топ азаматтар, еңбек ардагерлері, журналистер және жастар қатысты.
Көрші Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылында дүниеге келген Мырзан Кенжебайдың балалық шағы Шалқар өңірімен тікелей байланысты.
Қарымды қаламгердің қай шығармасын қарасаң да шалқарлық кейіпкерлерді көресің, осы елге деген сағынышын бірден аңғарасың. Ол саналы ғұмырында республикалық белді басылымдарда жұмыс істеп, есімі қалың оқырманға кеңінен танылған ақын.
Шара барысында Мырзан Сақиұлының өмір жолы мен қаламгерлігі туралы бейнесюжет көрсетілді. Балалық шағы, өскен ортасы, Шалқар топырағымен не байланыстыратынын өзі тебірене айтты. Мерейтой иесіне арналып жергілікті өнерпаздар ән мен күйден жыр шашты. Осы кездесуді ұйымдастырған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері ақынның жырларын нақышына келтіріп оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Шалқар ауданының әкімі мерейлі жасқа жеткен Мырзан Кенжебайды құттықтап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Ақынның шығармашылығы хақында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, ардагер-журналист Сембай Карин, Шалқар ауданының құрметті азаматы Жеткерген Елемес өз ойларын ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді. Әсерлі әдеби әңгімеге ұласқан ақынның шығармашылық кеші көпшілікке үлкен әсер қалдырды.
М.МЫРЗАЛИН.