БЕРЕКЕ-БІРЛІККЕ БАСТАҒАН ӘЗ-НАУРЫЗ

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін шалқарлықтар ерекше тойлады. Қаланың Газшылар қалашығындағы өткен жылы заман талабына сай қайта жарақталып, жаңаша кейіпке енген «Факел» стадионы жанында ұйымдастырылған үлкен мерекелік шараға халық көп жиналды. Бір-бірін құттықтап, тілектерін білдіріп, төс қағыстырған шалқарлықтардың көңіл күйлері көтеріңкі. Сап түзеген киіз үйлердің жанында сазды әсем әуендер ойнап тұрды. Алтыбақан тербеліп, жастар жағы ұлттық спорт түрлерінен, ойындарынан сайысты. Киіз үйлердегі ақ дастарқан басына жиналған тұрғындар Наурыз көжеден дәм татып, бауырсақтан ауыз тиді.

 Сахнадан аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концерті көптің көңілін көтерді. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев шалқарлықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

—Наурыз — берекенің бастауы.  Молшылықтың, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Қазақта «Ұлыс оң, ақ мол болсын!» — деген жақсы сөз бар. Биылғы Доңыз жылы молшылық жылы болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ырыс, береке-бірлік әкелсін! Әрбір отбасына амандық, татулық пен ынтымақ тілеймін, — деп жылдағы дәстүр бойынша «Наурыз ата», «Наурыз ана» құрметті атақтарына  лайықты адамдарды салтанатты түрде марапаттап, оларға сый-сияпаттар табыстады.

 «Наурыз ата» атағына еңбек ардагерлері Қуанышбай Князбаев пен Әріпжан Ысмағұл ие болды. Ал «Наурыз ана» құрметті атағына еңбек ардагерлері Ділдаш Батырғарина мен Бәтима Қойшығарина лайықты деп танылды. Сонымен қатар аудан әкімі Бауыржан Қаниев еңбек ардагері Қуанышбай Мұздақұлына «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағының куәлігін салтанатты түрде табыстап, сый-сияпат ұсынды. Жиналған қауым Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйі көркемөнерпаздарының әзірлеген «Армысың, Әз-Наурыз!» атты театрландырылған көріністі тамашалады. Қыдыр ата келіп, халыққа Наурыз батасын берді. Тұсау кесу рәсімі жасалып, әжелер хоры ән шырқады.

 Несібелі Мұңайтбасова «Қош келдің, төрлет, Наурызым!», Асылхан Дәрібаев «Ауылым», «Қымыз құйғыш», «Самға» дуэті «Үкілім-ай», «Ауылдастарым», Бақытнұр Нұрмағанбетова «Наурыз-думан», «Шақырады көктем», Нұрсұлтан Қалмағанбетов «Отаным — қазақ елі», «Қазақтың ұлымын», Нұрғали Сидақов, Әсет Оразаев «Қазағым-ай», Бақытқали Жанқұлов «Наурыз», «Наурыз тойы», Саламат Ермағанбетов «Елге сапар», «Ел үшін туған ер болсаң…», Көркем Мұхтарова «Байтақ елім», Көркем Сүндетбаева «Желкілдек», Жанна Шынарбаева Нұртуғанның термесін, «Қорған» триосы «Қырманға кел, Қалқатай!» әндерін шырқап, Орынбасар Әуезханов қазақтың күйлерінен попурри орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ, арнайы құрылған комиссия салт-дәстүрге сай тігілген үйлерді анықтап, марапаттады. Бас жүлдеге Шалқар аграрлық-техникалық колледжі ие болса, жүлделі І орынды «Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесі, II орынды Шалқар аудандық орталық ауруханасы және Шалқар ауданының білім бөлімі, III орынды Шалқар локомотив жөндеу депосы мен Шалқар вагон жөндеу депосының тіккен киіз үйлері иеленсе, қалған мекеме, кәсіпорын, кәсіпкерлер, жастар, мешіт жамағаттары тіккен киіз үйлері ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

                    С.МҰХАМБЕТСАДЫҚҰЛЫ.