ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

РЕФЕРЕНДУМ — 2022

Осы аптада референдум өткізу жөніндегі аудандық қоғамдық штабтың мүшелері аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы, аудандық ветстанция бөлімі, теміржол саласы мекемелері мен білім беру ұйымдарында және ауылдық округтерде болып, ұжым мүшелерімен кездесті.

Штаб мүшелері Ата Заңымыздың қолданыстағы редакциясы мен жаңа редакциясын салыстыра отырып, конституциялық өзгерістердің айқын оң көрінісін баяндап, түсіндірді. Мәселен, 6-баптың 3-ші тармағы бойынша жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар бұрынғы қолданыстағы редакция бойынша мемлекет меншігінде болады делінсе, жаңа редакцияда халыққа тиесілі халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады деп жазылған. Бұрынғы қолданыстағы 15-баптың 2-тармағы бойынша ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға қақысы жоқ. Өлім жазасы заңмен белгіленеді делінсе, жаңа редакцияда өлім жазасына тиым салынады деп жазылған.

Сондай-ақ, жаңа редакция бойынша ҚР Президенті өз өкілеттілігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс. Және ҚР Президентінің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ делінген (43-бап, 3,4 тармақ). 46-баптың 4-тармағы бойынша бұрынғы қолданыстағы Қазақстанның тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі республика Конституциясымен және Конституциялық заңмен айқындалады деген жолдар жаңа редакцияда алынып тасталған. Және қолданыстағы редакцияда жоқ жаңа редакциядағы 72-ші баптың 3-ші тармағында Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша Конституцияда бекітілген, олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің республика Конституциясына сәйкестігін қарайды делінген.

Штаб мүшелері басқа да конституциялық өзгерістердің айқын көріністерін тәптіштеп түсіндірді. Сонымен қатар, кездесу соңында Конституцияның үштен бір бөлігі қайта жазылатынын, 33 бапқа өзгертулер енгізілетінін айтып өтті. Ел болашағына барлық жұртшылықтың алаңдайтынын, сондықтан 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға біркісідей қатысуға шақырды.

М.ДӘНЕКЕРОВ,«Шалқар».