ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА БАСТАЙТЫН ТУРА ЖОЛ

РЕФЕРЕНДУМ — 2022

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың осы жылғы 5 мамырдағы №888 санды Жарлығымен 5 маусымда республикалық референдум өткізу бекітілді. Республикалық референдум — Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру.

Референдум республиканың бүкiл аумағында өткiзiледi. 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңға сәйкес аудан көлемінде аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары жұмыс жасайды.

Осы Конституциялық Заңның талаптарына сәйкес учаскелік референдум комиссияларына:

– Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімімен таныстыру;

– тізімдегі қателіктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарап, оларға тиісті өзгертулер енгізу мәселелерін шешу;

– азаматтарды дауыс беретін күн, уақыт, орын және оның тәртібі туралы хабардар ету;

– референдум өткізілетін күні учаскеде дауыс беруді ұйымдастыру жүктелген.

 Референдум туралы заңның бұзылуы туралы арыздар мен шағымдарды аумақтық референдум комиссиялары қарайды. Сайлаушы өзінің тізімге енгізілмегенін немесе қате енгізілгенін анықтаса, бұл туралы алдымен учаскелік референдум комиссиясына жүгінеді. Учаскелік референдум комиссиясымен сайлаушының талаптары орындалмаса, ол аумақтық референдум комиссиясына шағымдануға құқылы.

Аумақтық референдум комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда сайлаушы оны сотқа даулауға құқылы. Сотта сайлаушылардың тізімдерін түзету қажеттігі туралы аумақтық референдум комиссиясының шешіміне келтірілген шағымдар түскен күні қаралады.

Сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы әкімшілік істер бойынша іс жүргізу өткен жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі бойынша әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралады.

Аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының шешімдеріне дау айту туралы әкімшілік істер мамандандырылған әкімшілік соттарда және аудандық соттарда әкімшілік актінің шығарылған орны бойынша немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралады.

Референдумға қатысу құқығы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағ-даяттарға қарамастан республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Азаматтар референ-думға тiкелей қатысады.

С. ДӘРІҚҰЛОВА,

Шалқар аудандық сотының судьясы.