БАБА РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ауданымызға Алматы қаласындағы «Мөңке би», «Тілеу-Қабақ» қоғамдық қорларының төрағалары Бақытжан Қосанов пен Иманбай Жұбаев келді. Олар алдымен аудан әкімі Жанболат Жидехановтың қабылдауында болып, бабалар атындағы қорлардың ұлт руханияты жолында жасап жатқан жұмыстарын, есімдері тарихтан белгілі тұлғаларды насихаттаудағы алға қойған жоспарларын мәлімдеді.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Шалқардан шыққан танымал тележурналист, ҚР Президенті грантының иегері, «Қазақстан» РТРК» АҚ аутсорингтік компанияларымен жұмыс жөніндегі шеф-редакторы Иманбай Жұбаевқа «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыстап, иығына шапан жапты.

Бұдан соң алматылық меймандар аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, әйгілі би Мөңке Тілеуұлының даналық сөздерін, ойшыл болжампаздығын, көрегендігі мен ғұламалығын насихаттауды мақсат еткен «Мөңке би — дана ойшыл, ұлы ақын» тақырыбындағы музей жанындағы ғылыми кеңестің отырысына қатысты.

Музей директоры Нағима Тлембаева ата-бабалар рухын ұлықтауда өзі басқарып отырған ұжымның жасап жатқан жұмыстарын көрсетті. Осы отырыс аясында «Артында аталы сөз қалдырған би» тақырыбындағы Мөңке биге арналған экспозицияның ашылуы болып, оның лентасын Мөңке би қорының төрағасы Бақытжан Қосанов пен баба ұрпағы Қуанышбай Әлмұратов қиды.

— Ел егемендігін алып, етек-жеңімізді жинаған тұстан батыр бабаларымыздың ерлігін, адами болмысын дәріптеу жолында біраз істер атқарылды, бұған ел куә. Десекте тарихтан аты мәлім бабаларымыздың әр қырын тереңірек білу бізге артық етпейді. Осы тұрғыда біздің қор түрлі тағылымды шараларды өткізуді қолға алып, алға нақты жоспарлар құрып отыр. Қазіргі күні Мөңке би туралы жазбалар түрік тілінде жарық көрсе, келешекте оны ағылшын тіліне аударып, әлем халықтарына таныта беруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ,  Мөңке бабамыздың алда 350 жылдығы келе жатыр. Осы датаға орай бабамыздың туған жері — Шалқарда республикалық шара ұйымдастырылса деген ойымыз бар. Бұл жоспар жүзеге асса аға буынның келер ұрпақтың алдында бітірген бірегей ісі болып, тарих беттеріне қатталар еді, — деді Бақытжан Қосанов.     

Шара барысында өнерлі оқушылар Мөңке бидің шешендік сөздері мен көріпкелдікпен дөп айтқан тағылымды жолдарын жатқа оқып, күй тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осы отырысқа қатысушылар арасынан Шалқар ауданының Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері Жеткерген Елемес, Дәулетияр Әспенов, т.б. сөз сөйлеп, бабалардың өткен жолын дәріптеудің, оның жолында кейінгі ұрпақтың аянбай тер төгуінің нәтижесі елдігімізге, бірлігімізге қажет екендігін айтты. Осы тұрғыда идеологиялық жұмыстар да жанданса деген тілектерін білдірді.

Кеңес отырысының қорытындысында меймандар Мөңке бидің бюстін, түркі тілінде жарық көрген кітабын, күйлері жазылған дискісін музей қорына табыстады.

М.МЫРЗАЛИН.