ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, осы аптаның бейсенбісінде аудан әкімі Жанболат Жидеханов Тоғыз, Кішіқұм ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Тоғыз ауылдық округіне қарасты Көпмола, Кеңдала, Жылан, Төсбұлақ, Тоғыз ауылдарында өткен жүздесулерде тұрғындар өзінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. 

Олар елді мекендерге ортақ мәселелермен қатар, жеке басқа тән де өтініш-тілектерін  айтты. Мәселен, көпмолалықтар байланыс, ауыз су, жайылымдық жерлерді пайдаланудағы проблемаларды қозғаса, Кеңдала елді мекенінің 84 жастағы тұрғыны Шоқпыт Еңсепов ауыз су, аудан орталығына қатынайтын автомобиль жолын, ауылының газбен қамтылу жайын сұрады.

Тоғыз стансасындағы кездесуде ауылға су кіргізу үшін қазылған жерлердің дұрыс тегістелмегендігі, пойыздарды аялдату, ауылдағы қызмет істейтін дәрігерлердің жұмысын жүйелендіру, ауыл ішіндегі күл-қоқыстарды тазарту үшін қарулы техникалардың қажеттігі айтылды.

Кішіқұм ауылдық округіне қарасты Шоқысу, Ақеспе, Қарашоқат, Шілікті ауылдарындағы кездесулерде тұрғындар көрші округте айтылған мәселелерге ұқсас жәйттерді баяндады. Олардың қатарында — ауыз су мәселесі, аудан орталығына қатынайтын жол, пойыздар қолайлы уақыттарда аялдаса, мал ұрлығы деген тілектер…

Аталған екі округтегі кездесулер барысында ауыл әкімдері Бекболат Ідірісов пен Құрышбек Қазыбеков алғашқы тоқсан бойынша  жасалған жұмыстарды мәлімдеді. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, алға қойған жоспарларымен бөлісті.

— Үстіміздегі жылы төмендегідей бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарымызда бар. Атап айтсақ, Шалқар-Бозой трассасынан М.Шыманұлы ауылына дейінгі автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары, қаланың солтүстік теміржол өткелінен Жомарт ауылына дейінгі автомобиль жолын күрделі жөндеу және оңтүстік айналма жолын орташа жөндеу,  аудан орталығындағы алты көшені, Жылтыр, Қауылжыр ауылдарына кіреберіс жолды күрделі жөндеу, Шалқар-Бозой тас жолының қаладан шыға берісін электрмен жарықтандыру желісінің құрылысы, Шалқар-Бозой трассасы бойына саябақ (аллея) құрылысы, Бершүгір ауылына шағын спорт алаңын салу, Есет ата, Қопасор, Талдықұм ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кешенді блок модульдер орнату, Бегімбет ауылынан спорт кешенінің құрылысы, Тоғыз ауылындағы №7 орта мектеп жанындағы интернатты, қала орталығындағы №2 мектеп-гимназиясын, аудандық емхана,  аудандық аурухананың мәйітхана ғимараттарын күрделі жөндеу және №5 мектеп-лицейі мен Қарашоқат орта мектебінің құрылысын биыл аяқтау жоспарда тұр. Сондай-ақ, Тоғыз, Көпмола мекендерін ауыз сумен қамту жұмыстары да күн тәртібінде, — деп аудан басшысы аталған екі округте  биыл жүзеге асатын жаңашыл істермен бөлісті. 

Аудан әкімі осы кездесулерде тұрғындар көтерген әрбір сауалға нақты жауаптар берді, бірқатар азаматтарды жекелей сұрақтарымен қабылдады. Ауыл әкімдеріне халықпен тығыз байланыс орнатып, жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Жалпы, Тоғыз, Кішіқұм ауылдық округтеріндегі тұрғындардың көтерген мәселелерінің негізгілеріне — аудан орталығына қатынайтын автокөлік жолының қиындығы, теміржол бойында тұрса да ауыл үстінен өтетін пойыздарды кідірту, тезектің бейнетінен құтылып, көгілдір отынның игілігіне кенелу жататындығын аңғардық. Бір күнде теміржол бойындағы бірнеше бекетте өткізілген жүздесу барысында тағы бір байқағанымыз, ауылдардың ахуалы бүгіні бұрынғымен салыстырғанда көш ілгері. Төрт түліктің басында өсім бар, бірақ жайылым жерлердің жетіспеушілігі жағынан проблемалардың бар екендігі де айқын көрінді.

Десе де ауыл үлкендері елге тыныштық тілеп, ауызбіршілік болған жерде береке болатындығын айтып, баталарын беріп жатты. Ауылдағы ағайынның ағеділ пейілінен шыққан осы бір сөздері көңілдерге жылылық ұялатты.   

  Осы аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Жанболат Жидеханов аудан орталығында Газшылар қалашығының тұрғындарымен кездесті. Онда қала әкімі Нұртілек Жұмамұратұлы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды мәлімдеді. Аталған қалашық тұрғындарынан тазалық мәселесі, көп қабатты үйлердің жылуы және жөндеу жұмыстары, көшеде жүретін бұралқы иттердің қауіптілігі т.б. жайында сауалдар түсті. Әкімдер бұл көтерілген сауалдардың барлығын назарға алатындығын жеткізді.

— Алда атқарылатын шаруалар көп, қала ауданымыздың орталығы болғандықтан, бірінші кезекте тазалық мәселесі талапқа сай болуы қажет. Тұрғылықты халықтың мәдениеті — біздің әрбір атқарған тиянақты ісімізден байқалып тұрады. Сондықтан баршамыз ортақ мекеніміздің тазалығы үшін, өзге де игілікті істер үшін жауаптымыз. Тұрғындарды бірігіп жұмыс істеуге шақырамын, біз талап-тілектерді ескеруге әрқашан дайынбыз, — деді аудан басшысы кездесу қорытындысында.

Осы жиындарға аудан әкімімен қатар аудандық мәслихат хатшысы, жергілікті мәслихат депутаттары,  бірқатар бөлім, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысып, өздеріне жекелей қойылған сауалдарға жауаптарын берді.

М.БОҚАН.